• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 08:05

Құқықтық мемлекет қағидаттарының арқауы

10 рет
көрсетілді

2026 жыл ел тағдырына тікелей әсер ететін, мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын маңызды кезеңге айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі түбегейлі өзгерістер мен әлемдік ахуалды ескере отырып, стратегиялық бағдар ретінде мықты демократиялық институттары бар, құқық үстемдігі орныққан Әділетті мемлекет құруды нақтылады. Реформаның нәтижесі болып отырған жаңа Ата заңның басты мақсаты – заңды сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Жаңа Конституцияда мемлекет 2019 жылдан бері жүйелі түрде ұстанып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар мен адам құқықтары үйлесімді түрде көрініс тапты. Преамбулада біртұтас Қазақстан халқының бірлігі, Ұлы даланың тарихи сабақтастығы, Әділетті Қазақстан идеясы, заң үстемдігі мен қоғамдық келісім, этносаралық және конфессияаралық татулық, мәдениет пен табиғатты аялау қағидаттары айқындалды. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, зияткерлік меншікті сақтау, кемсітушілікке жол бермеу нормалары нақты бекітілді.

Діннің мемлекеттен бөлінетіні және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады. Сол сияқты әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты насихаттауға жол берілмейтіндігі нақтыланды. Ендеше, референдумда мақұлданған Консти­туцияда жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселесін толыққанды ескерілді деуге толық негіз бар. Онда халықты ұйыстыруға және Қазақстанның серпінді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған барлық негізгі қағидаттар мен құндылықтар қамтылған. Өйткені біртұтас Қазақстан халқының осы ел мен жерге деген жауапкершілікті өз мойнына алуы бірлік ұғымына жаңаша мазмұн-мағына беріп, оның жасампаз отаншылдық түсінігімен үндестігі айқын көрініс тапқаны анық.

Жаңа Ата заң – инновациялық, яғни жаңа әрі кәсіби тұрғыда әзірленген, жан-жақты және ашық түрде сараптамадан өткен құжат. Құрамына еліміздің барлық әлеуметтік топтары мен өңірінің өкілдері, мамандар кірген, 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия барлық ұсынысты жүйелеп, саралаудан өткізді. Жаңа Конституцияны қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге әбден болады. Бұл – осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы.

Бірінші кезекте адам құқықтарының Конституцияның арқауына айналғанын атап өткен жөн. Өйткені бас құжаттың преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары ең басты құндылық ретінде алғаш рет айқын жарияланып отыр. Бұл азаматтық қоғам мен жеке тұлғаның құқықтарын қорғаудың жаңа конституциялық негізін қалыптас­тырады. Екіншіден, билік жүйесінің қайта құрылуын бұрынғы қос палаталық Парламент моделінің орнына бір палаталы Парламент – Құрылтайдың енгізі­луінен көруге болады. Бұл өзгеріс мемлекеттік билік жүйесін жеңілдетіп, оның жұмысының тиімділігін арттырып, шешім қабылдау үдерістерін үйлестіретін ықпалды құрылым құру­ға бағытталған. Үшіншіден, Ата заң құқықтық мемлекет қағидаттарының күшеюіне, азаматтардың әділ құқықтық қорғанысқа ие болуына және цифрлық құқықтың дамуына кепілдік береді. Төртіншіден, қоршаған орта және әлеуметтік жауапкершілік мәселесін шешу конституциялық деңгейде мемле­кеттің басты міндетіне айналмақ. Бесіншіден, инновациялар, білім, ғылым және мәдениетке басымдық беріліп, стратегиялық бағыт ретінде Негізгі заңда көрініс тапқан.

Жаңа Ата заңның артық­шы­лықтарына келер болсақ, онда құқықтық қауіпсіздік пен болжаушылық саласында заңдардың тұрақтылығын, заң үстемдігін күшейтуге ерекше назар аударылған. Конституцияда мемлекет билігінің әрекеттерін нақ­ты заңды шеңберлермен шектеп, аза­мат­тардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нормалар енгізілген. Бұл бизнестің, шетелдік инвесторлардың сенімділігін арттыруға септігін тигізеді. Сол сияқты Ата заңда этносаралық және конфессияаралық үйлесімділік қағидалары мемлекеттік идеология деңгейінде қарастырылып, оның әлеуметтік тұрақтылық пен азамат­тық келісімді бекемдеудегі рөлін көтеруге көңіл бөлінген. Ал Конституциядағы азамат­тық қатысу мен демократиялық инсти­туттарға қатысты тұстарынан азамат­тардың мемлекеттік басқаруға қаты­суын кеңейту, жаңа институттар құру ар­қылы халық пен биліктің қарым-қатына­сын жақсарту мақсатын аңғару қиын емес.

Ата заң – халықтың еркіне негіздел­ген мемлекеттік басқарудың жаңа сапалы моделін қалыптастыруға бағыт­талған қоғамдық келісім іспеттес. Онда адам капиталы, білім мен ғылым стра­тегиялық тармақ ретінде анықталып, инновациялық экономиканы дамытуға құқықтық негіз жасалған. Сонымен қатар халықаралық құқық нормаларына сәйкес серпінді саясат жүргізуге көңіл бөлінген. Бұл елдің экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясын конституциялық деңгейде бекітуге мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, аталған институттық реформалар билік тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесін жаңғыртуға, мем­лекеттік басқарудың тиімділігін жаңа белеске көтеруге негізделген. Бұл өзгерістердің өзегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­сын жүзеге асырып, бұқараның мұң-мұқтажын биік мінберлерде жеткізетін пәрменді қоғамдық институттарды қалыптастыру мақсаты тұр. Осы арқылы азаматтардың ертеңгі күнге деген нық сенімін оятып, қоғам мен билік арасындағы сындарлы диалогті нығайту көзделіп отыр. Сонымен қатар Ата заңымызда халықаралық интеграция мен жаһандық жауапкершілік қағидаттарына басымдық берілген. Елдің сыртқы саяси бағыты бейбітшіліксүйгіш, прагматикалық және халықаралық құқықтың іргелі нормаларына негіздел­ген бағдар ретінде айқындалды. Бұл – конституциялық түзетулер Қазақ­стан­ның халықаралық аренадағы беделін асырып, геосаяси кеңістіктегі рөлін нығайтуға, сондай-ақ ұлттық мүдде­лерімізді жаһандық деңгейде қорғауға бағытталған стратегиялық қадам.

Республикалық референдум негізінде қабылданған жаңа Конституция – еліміздің құқықтық, саяси және әлеу­меттік келбетін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған кешенді реформалардың алтын қазығы. Бұл тарихи құжаттың бас­ты ерекшелігі – адам құқықтары мен заң үстемдігі қағидаттарын мемлекеттіліктің мәйегі ретінде бекітіп, билік институттарын заман талабына сай қайта құрылымдауында жатыр. Сонымен қатар Ата заңда ғылыми-инновация­лық даму қағидаттарына басымдық беріліп, мемлекетіміздің болашаққа бағыттал­ған стратегиялық тұғырлары мен алдың­ғы қатарлы даму моделі айшықтал­ды. Атал­ған стратегиялық мақсаттар Қазақ­станның ХХІ ғасырдағы орнықты даму траекториясын қалыптастыруды көздейді. Сондықтан бұл Конституция елдің саяси жүйесін жаңартып қана қоймай, әділетті қоғам мен дамыған мемлекет құрудың берік құқықтық кепіліне айналды.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері