Қазақ мультфильмі халықаралық фестивальда «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» атты екі бірдей номинацияны жеңіп алды
Таяу күндері Қытайдың Хонжу қаласында өткен дүбірлі анимациялық фильмдер фестивалінен оңтүстікқазақстандық «САҚ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны иемденіп қайтты. Фестивальдың ауқымдылығы таңдай қақтырады. Бұл фестивальға 45 елден 800-ден аса студиялар қатысқан.
– Осыдан бір жарым айдай уақыт бұрын киностудиямызға Қытайдың шығысында орналасқан Хонжу қаласынан анимациялық фестиваль өтеді деген хабар келіп жеткен болатын. Қытай елінің қай салада болмасын нарығы тығыз екенінен хабардармыз. Онда мыңдаған анимациялық студиялар жыл сайын бірнеше мың туындылар шығарып жатқанын талай сапарларымызда көзімізбен көргенбіз. Сол себепті, құлшына қоймадық. Бірақ, ұсыныс келген соң бағымызды сынауға бел байладық, – дейді анимациялық картинаның продюсері әрі сценарий авторы Бақытжан Құлжабай.
Осылайша, біздің аниматорлар өз елімізде де жақсы пікірге бөленген «Қошқар мен теке» мультфилімін алып, бейненің астына қытай тілінде титр жазғызып, ұйымдастыру алқасына жібереді. Көп ұзамай қазақ мультфильмі фестивальға қатысушылар тізіміне кіргені жөнінде ақпарат келді. Өйткені, бұл фестивальға қатысу үшін барлық фильмдер іріктеуден өтеді екен.
Қысқасы, «Қошқар мен теке» мультфильмі фестивальға қатысуға құқық алған режиссер өз командасымен ақылдасып, титрді қытай тіліндегі дубляжбен жазуды ұйғарыпты. Содан тез арада жерлестеріміз Үрімші қаласындағы қазақ қандастарымызға шығып, ондағы өз әріптестері – «Абай жолы» студиясының жетекшісі Ғұсман Қажытай арқылы аудармашылар тауып, лайықты актерлерді дайындап, дубляж жасауға кірісіп кетеді.
– Бұл үлкен фестиваль 28 сәуір мен 3 мамыр аралығында өтті. Әрине, Қытай елінің анимация саласына аударып отырған назарына қарап, қатты тәнті болдық. Тіпті, бір Хонжу қаласының өзінде жүздеген гектар жерге алып-алып ғимараттар салып, анимациялық студияларды тегін қоныстандырып жатыр. Онымен қоймай, барлығын мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыспен қамтып отыр.
Бір ғана шарт − мемлекет мүддесіне, ұрпақтың дұрыс тәрбиесіне қызмет етсең болды. Ол басқосуда үлкен мінберлерден Қытай азаматтарының айтқан көптеген сөздері көңілімізден шықты. Оның көбісі «анимация − саясат» дегенге саяды. Олар «Бүгін ұрпақ бойына не сіңіреміз, келешекте соны аламыз» дегенді тынбай қайталайды.
Анимациялық фестиваль аясында күнделікті көптеген іс-шаралар қатарынан жүріп жатты. Әркім бағдарлама бойынша көңілі қалағанына барып, тамашалап жүрдік.
Фестивальдың ауқымдылығы таңдай қақтырады. Бұл жолы фестивальға 45 елден 800-ден аса студиялар қатысып отырғаны жөнінде мәлімет алдық.
Ал мамандардан құралған Қазылар алқасы фестивальға іріктеліп келген жұмыстарды тамашалап, алтыншы күні қорытындысын шығарады екен.
Үлкен-үлкен павильондарда шамасы келгендер өз студияларының таныстырылымдарын жасап, шығарған жұмыстарын көрсетіп жатты. Фестивальға келген көптеген компаниялар өздеріне ұнаған студиялармен сол жерде-ақ әртүрлі бағытта тікелей келісімшарттар жасауға қол жеткізіп жатқанын көрдік. Бұл фестивальдың осындай дұрыс ұйымдастырылғанына қызықтық, – дейді қазақ продюсері.
Сонымен, алтыншы күні яғни, фестивальдың соңғы күні біздің аниматорлар ресми жабылу салтанатына барады.
Сол жерде «Ең жоғарғы сомада келісімшартқа отырған компаниялар», «Анимация арқылы балаға оқу үйрету», «Анимация арқылы балаға тәрбие беру», «Көрермендер көзайымына айналған анимациялық образдар», «Анимациялық сериал» сияқты көптеген номинациялар бойынша марапаттаулар жүріп жатты. Ең қызығы, бір кезде қасымызға Ғұсман бауырымыз жылдам келіп, бізді сахнаға шақырып жатқанын айтты. Біз аң-таңбыз. Қытайша бір сөз ұқпаймыз. Әйтеуір сахнаға шығып, берген қағазын алып, айтқандарына бас изеп тұрмыз. Бірақ, не үшін екенін әлі түсінбейміз. Кейін түсіндірді. «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» деген екі бірдей номинацияны иемденіпті, – дейді біздің аниматорлар.
Әрине, қуандық! Кейін ресми бөлімнен соң банкет залында Қытайдың анимация саласының белді мамандарының бірі Гуо Джанг есімді кісімен жақын таныстық. Сол кезде ол «Қошқар мен теке» мультфильмінің идеясына мақтау айтты. Қарапайым ғана екі жануар Қошқар мен Теке арқылы Отан деген ұғымды балалардың санасына жеңіл сіңдіру әдісін таба алғанымызды бағалады.
Қытай аниматоры «Бұл мультфильмнің мәдени ерекшелігі бөлек. Оны Америка, Еуропа, Жапон, Қытай елінің ешқайсысымен шатастыра алмайсың. Бұл − Орта Азия, бұл − Қазақстан. Өйткені, бұл мультфильмнен дала иісі шығып тұр» дегенді айтқанда, кәдімгідей тебіреніп қалдық. Осы кезде бізді өзге елге алып шығатын күш − мәдениетіміз екеніне тағы көз жеткіздік, – дейді продюсер Бақытжан Құлжабай.
Сонымен, фестиваль соңында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «САҚ» студиясы Гонконг қаласының беделді бір кинокомпаниясымен бірігіп жұмыс істеу туралы ресми меморандумға қол қойып қайтқан.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.