• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:00

Уақытпен үндескен радио

20 рет
көрсетілді

Парасат ордасы Ұлттық кітапханада «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына арналған тағылымды жиын өтті. 1966 жылдың 1 қаңтарында кешкі сағат 19.00-де дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаевтың хабарлауымен әуе толқынына шыққан «Шалқар» бағдарламасы уақыт бедерінде ауқымын кеңейтіп ұлттық радиоға айналған еді. Тәулігіне 18 сағат бойы толықтай қазақ тілінде хабар тарататын радио ұлттық ақпарат кеңістігінде өз орнын қалыптастырған іргелі ұжым ретінде үздіксіз қызмет етіп келеді.

Халық жүрегін тербеген радионың мерейтойына өмірін осы салаға арнаған ардагер журналис-тер арнайы шақырылып, оларға құрмет көрсетілді. Кеш шымыл­дығын ашқан Президент кеңес­шісі Мәлік Отарбаев «Шалқар» радиосының ұжымын мерей­лі белесімен құттықтап, Мем­ле­кет басшысының ізгі лебізін жеткізді.

«Ұлттың үнбайрағы атанған «Шалқар» радиосы – қазақ рухания-ты мен ел тарихында орын алған ерекше құбылыс. Тәуел­сіздік­ке дейінгі кезеңде қазақ тілін­де хабар таратып, ұлттық құн­ды­лықтарды паш еткен «Шалқар» атты бағдарлама, одан кейін ұлттық радионың өмірге келуі – сол замандағы ұлтын сүйген, елінің қадір-қасиетін, бола­шағын ойлаған ардақты аға-апа­ларымыздың ерлігі. Осы орайда аға буын өкілдеріне зор алғыс айтамыз. «Шалқар» радиосы бүгін­де ұлтымызға қалтқысыз қыз­мет етіп келеді. Қазақтың дәс­түр­лі музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін алтын қордағы асыл қазыналарымызды насихаттап, мемлекеттік тілде хабар тарататын нағыз ұлттық арнаға айналып отыр. Бұл белеске радио қызметкерлері ұзақ жыл­ғы қажырлы еңбегімен, үздік­сіз ізденуімен жеткені анық. Радио­журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкер­шілікті қажет ететін бірегей кәсіп. Сондықтан да ақпарат айдынында жүрген сіздерді айтулы сәтпен құттықтаймын», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Өз кезегінде Президент кеңес­шісі бірқатар радио ардагері мен қыз­меткеріне Қазақстан Прези­денті­нің төсбелгісі мен Алғысхатын та­быс­­тады. Олардың қатарында тұтас ғұ­мыр­намасын радио өмірімен өрген бел­гілі дикторлар мен арнаның бүгін­гі таңдағы белді қызметкерлері бар.

Жиында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттары тапсырылды.  Іс-шараға арнайы келген Мәде­ниет және ақпарат вице-ми­нистрі Қанат Ысқақов радио ұжы­мына ізгі лебізін білдіріп, Премьер-министр Олжас Бектенов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Құттықтау сөзінде Қанат Ысқақов күні бүгін елімізде 60-тан аса радиостанса ақпарат таратып отыр­ғанын, бұл ретте ұлттық құнды­лықтарымызды дәріптеп, тари­хы­мыз бен мәдениетімізді паш ет­кен ұлттық радионың орны бөлек екенін атап өтті. Оның айтуын­ша, «Шалқар» радиосының қазір­гі таралым ауқымы еліміз аумағының 73 па­йызын құрайды. Алдағы уақыт­та министрліктің бастамасымен осы ауқымды 95 пайызға жеткізіп, «Шалқар» радиосының үнін шалғай аудандарға жеткізу көзделіп отыр.

Вице-министр радио ардагер­лері мен ұжымда табанды еңбек етіп жүрген бірқатар әріптесімізді сала басшысының атынан «Еңбек арда­гері», «Ақпарат саласының үз­дігі» төсбелгілерімен, сондай-ақ Мә­де­ниет және ақпарат министрінің құт­тықтау хатымен марапаттады. Соны­мен қатар жиында радио ұжымына бірқатар қала әкімдері мен қоғамдық ұйым басшыларының құттықтау хаттары тапсырылды. Салтанатты жиында арнаның 60 жылдығына орай «Ұлттың үнбайрағы» атты кітаптың тұсауы кесілді.

«Радиода уақыттың үні бар. Мұнда дәуір шежіресі қатталған. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз, эфирде – Шалқар!» деген дауыс бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың жүрегін тебіренткені анық. «Шалқар» радиосы – қазақ радиожурналистикасының алтын діңгегі. Өміріміздің ең бір шуақты кезеңдері осында өтті», дейді радио ардагері Бүркіт Бекмағамбетов.

Ұлттық радионың бүгінгі таң­дағы алтын даусына айналған бел­гілі журналистер Бақыт Жағыпар­ұлы мен Гүлмира Нәлібай тізгін­деген мерейтойлық іс-шара әсем әуен қалықтаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

АЛМАТЫ