Талдықорғандықтар тарихи сәттің куәсі болды. Жақында ресми түрде іске қосылған «Астана – Ақтоғай – Талдықорған» жаңа теміржол бағытымен елордадан алғашқы тікелей пойыз келді. Бұл – жаңа маршруттың ашылуы ғана емес, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам.
Осы уақытқа дейін жетісулықтарға Астанаға жету оңайға соқпайтын. Көпшілік алдымен Алматыға қатынап, одан әрі пойызға отыруға мәжбүр еді. Бұл қосымша уақыт пен шығынды талап ететін. Енді жаңа бағыттың іске қосылуымен жол қысқарып, қатынас жеңілдеді, ал тұрғындардың мүмкіндігі кеңейді. Содан да болар көпшілік пойызды ерекше ықыласпен қарсы алды.
Салтанатты іс-шарада Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл бұл бастаманың маңыздылығына айрықша тоқталды.
«Жаңа теміржол желісі – көлік инфрақұрылымын жақсарту ғана емес, сонымен бірге аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып, туризмнің дамуына серпін беретін маңызды жоба. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып, аймақтың инвестициялық тартымдылығын күшейтетін, болашаққа бастайтын жарқын жол. Осы игілікті іске үлес қосқан Парламент депутаттарына, Көлік министрлігіне және «Қазақстан теміржолы» компаниясына алғыс айтамыз», деді Е.Бәзіл.
Одан бөлек, осы игілікті істің басы-қасында жүрген Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай, Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Елдос Нестай, «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Дияр Нүсіпқожанов та ақжарма тілегін арнады.
«Жаңа бағыт тұрғындардың өтініші негізінде қолға алынды. Пойыздар әзірге күнара жүреді, сөйтіп, елорда мен Жетісу облысы арасында тұрақты әрі ыңғайлы қатынас жанданды. Жылжымалы құрамды жаңарту мен маршруттық желіні кеңейту көлік саласының стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы басым бағыттардың бірі болып қала береді», деді Д.Нүсіпқожанов.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнда жолаушылардың жайлылығына ерекше көңіл бөлінген. Пойыз бағытында климатты бақылау, ауаны залалсыздандыру, бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған заманауи «45» сериялы (RWS Wagon) вагондар пайдаланылады Жолаушылар үшін Wi-Fi, USB порттары, розеткалар, ыңғайлы ұйықтайтын орындар қарастырылған.
Талдықорған тұрғындарының да қуанышы ерекше. Олар енді Астанаға сапар шегу әлдеқайда жеңіл әрі жайлы болатынын айтады. Солардың бірі – Балқаш қаласына баруға билет алған Бейбіт Арсамбаев пен Жұмағүл Ақбаеваның отбасы.
«Біз Балқаш қаласына бара жатырмыз, онда немерелеріміз тұрады. Бұрын Үштөбе қаласына барып пойызға отырып, Ақтоғайда «Семей – Астана» бағытына қайта мінуге тура келетін. Енді Балқашқа тікелей бара аламыз, соған өте қуаныштымыз. Әсіресе біз сияқты зейнеткерлерге, жалпы барлық қарт адамға бұл өте ыңғайлы. Осы бағытты іске қосуға атсалысқан барша жандарға алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта екі вагон емес, төрт-бес вагон болса дейміз», деді олар.
Жалпы, сарапшылар теміржол қатынасының іске қосылуы өңірдің дамуына серпін беріп, экономикалық байланыстарды нығайтып, Жетісу облысының туристік тартымдылығын арттырады деп сенеді.
Еске салсақ, «Астана–Талдықорған» теміржол бағыты күнара қатынап, елорда мен Жетісу облысы арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді. Астанадан вагондар №122/121 «Нұрлы жол – Семей» пойызының құрамында жүріп, Ақтоғай стансасында №631/632 «Ақтоғай – Талдықорған» пойызына тіркеледі, одан әрі Талдықорған стансасына дейін жалғасады.
«28 сағат жол жүру ұзақ уақыт секілді көрінгенімен, бұрынғыдай әуре-сарсаңға салмайды. Мәселен, мен кеше таңертең пойызға отырып, бүгін түсте үйіме жеттім. Есептеп қарасақ, «Астана – Алматы» бағытына да шамамен сол уақыт кетеді екен. Бұған қоса, Алматыдан Талдықорғанға такси табу, күту және жол жүру уақытын қосу керек. Ал мұнда еш қиындықсыз, жайлы жағдайда туған қалаңа жетуге болады. Билет бағалары да тиімді: плацкарт 16 мың теңге, купе 21 мың теңге. Қалтаға салмақ салмайды», дейді жолаушы Серік Байтұрғанов.
Астанадан («Нұрлы жол») жөнелту – тақ күндері сағат 06.32-де, Талдықорғанға келу – 11.05-те. Қайтар бағытта Талдықорғаннан жұп күндері сағат 12.15-те шығып, Астанаға сағат 19.30-да жетеді. Жол жүру уақыты – шамамен 28 сағат.
Шын мәнінде теміржол – ел дамуының күретамыры. Ол тек жолаушы тасымалын қамтамасыз етіп қоймай, өңірлер арасындағы байланысты нығайтады, сауда-саттықты жандандырады, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Әсіресе Жетісу секілді әлеуеті зор өңір үшін мұндай бағыттардың маңызы үлкен. Енді Талдықорған тек облыс орталығы ғана емес, ірі көлік тораптарының біріне айналуға қадам жасады.
Жетісу облысы