АСТАНА. 15 тамыз. Қытай мамандары қазір Каспий теңізінің үстінен Қазақстан мен Әзербайжанның арасын жалғайтын ұзын көпір құрылысының бүге-шігесін талдап жатыр. Бұл туралы ras.kz хабарлады.
Ұзындығы мен биіктігі жағынан орасан зор құрылыс жақын арада басталып кетуі мүмкін. Ол жайында «Алматы» телеарнасының «Іскерлік уақыт» бағдарламасында айтылды. Бірақ барлық жай-жапсары толық баяндалған жоқ.
Хабарланғандай, қазіргі күндері Қытайда Еуропаға құрғақтағы дәлізбен жеткізілетін жүк тасқынының көлемі теңіз жолына қарағанда, 100 есе аз болып отыр. Тіпті Ресейдің өзіне Шың елінің тауарлары Финляндия арқылы теңіз жолымен әкелінеді. Ал Қытай логистикадағы негізгі инвестициясын «Бирма дәлізіне» жолдап келеді. Оның мөлшері «Жібек жолына» салынатын қаражаттан шамамен 100 еседей көп. Енді аталып отырған көпір осы олқылықтың орнын толықтыруға қызмет етуі тиіс.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: ras.kz.