• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 21:46

Ұландықтар баланы ажалдан аман алып қалды

20 рет
көрсетілді

Семей қаласында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары дер кезінде әрекет етіп, жазатайым жағдайдың алдын алды. Ашық терезе алдында қараусыз қалған бүлдіршіннің өміріне төнген қауіптің беті қайтарылды, деп жазады Egemen.kz.

Оқиға ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кезекшілік атқарып жүрген сәтте болған. Әуезов даңғылын патрульдеу барысында олар көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы ашық терезе алдында тұрған кішкентай баланы байқайды. Ересектердің қарауынсыз қалған бала терезе алдында ойнап, сыртқа ұялы телефон мен кілттерді лақтырған.

Қауіпті жағдайды бірден бағамдаған әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы патрульшілер – ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Әли Сағымбаевпен бірге жедел шешім қабылдайды. Олар бала құлап кеткен жағдайда қағып үлгеру үшін терезенің дәл астына орналасып, сақтық шараларын ұйымдастырды.

«Әріптестеріммен бірге баланы ұстап алу үшін терезе астында тұрдық. Ал мен үйде ересектер бар-жоғын анықтау үшін ішке кірдім. Дереу полицейлерді шақырдық. Көп ұзамай баланың әкесі де келді», дейді ефрейтор Дәулет Сейдалы.

Ұландықтардың қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Кейін белгілі болғандай, бала үйде жалғыз қалған.

«Бұл сөзді бұрын айтпаппын»: Ұлттық ұлан сарбаздары аналарын мерекемен құттықтады

Ерлігі үшін Дәулет Сейдалы, Бексұлтан Темірбеков және Әли Сағымбаев Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, Дәулет Сейдалыға «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісі берілді. Ал ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Әли Сағымбаевқа әскери бөлім командирінің шешімімен 10 тәулікке қысқа мерзімді демалыс беріліп, қол сағаттар табысталды.

Бұл жағдай Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің төтенше мезеттерде жедел әрі кәсіби әрекет етуге дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

«Біз әр секундтың маңызды екенін түсіндік. Ең бастысы – қайғылы жағдайға жол бермеу болды. Еңбегіміздің бағалануы – үлкен мәртебе», дейді ефрейтор Бексұлтан Темірбеков.

Енді Ұлттық ұлан сарбаздарының эмоциялық жағдайын жасанды интеллект бақылайды

Соңғы жаңалықтар