Еліміз Дүниежүзілік банкке тұрақты экономикалық өсу мәселесіне арналған арнайы конференция өткізуді ұсынды. Вашингтонда өткен «Қазақстан реформалар толқынында» дөңгелек үстелінде ел экономикасының жаңа даму бағыты таныстырылды.
Вашингтондағы Дүниежүзілік банк штаб-пәтерінде өткен «Қазақстан реформалар толқынында» атты дөңгелек үстел аясында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрақты экономикалық өсімге арналған жаңа бастама көтерді.
Серік Жұманғарин елде сапалы өсімге негіз қалайтын жүйелі өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. «Біз инвестициялық базаны кеңейтуге, жаңа өндірісті дамытуға әрі экспортқа бағдарланған саланы қолдауға арналған проактивті экономикалық өсу стратегиясын жүзеге асырып жатырмыз. Бұған қоса институционалдық негіз – салық-бюджет саласындағы, корпоративтік сектордағы әрі инвестициялық саясаттағы реформалар, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту есебінен күшейтіліп отыр», деді ол.
Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және даму агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев негізгі бағыттарды айқындап, жүргізіліп жатқан өзгерістер тұтас әрі орнықты экономикалық жүйе қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның пікірінше, мемлекеттік сектор Президент бастамашы болған жаңғыру жұмысына жүйелі көзқарас қалыптастырып, үйлесімді іске асуына ықпал етіп отыр.
Ел экономикасы тұрақты серпін көрсетіп келеді. Кейінгі жылдары ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімі 5 пайыздан жоғары деңгейде сақталып, өткен жылғы қорытындыда 6,5 пайызға жетті. Тауар өндірісі 8,7 пайызға, қызмет көрсету саласы 5,2 пайызға артты.
Инвестиция өсімнің негізгі қозғаушы күшінің бірі болып отыр. Өткен жылы негізгі капиталға салынған қаржы 13 пайызға ұлғайып, 43,6 млрд доллар немесе 22,7 трлн теңгеге жетті. Тікелей шетелдік инвестиция ағыны 14,4 пайызға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады.
Биыл да оң үрдіс сақталған. ТШО-дағы жағдай мен КҚК желісіндегі шектеулерге байланысты мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуіне қарамастан, экономика кеңеюін жалғастырды. Бірінші тоқсанда ІЖӨ өсімі 3 пайыз болып, оған өңдеу өнеркәсібі – 8,5 пайыз, көлік саласы – 12,8 пайыз, құрылыс – 14,8 пайыз үлес қосты.
Макроэкономикалық тұрақтылық деңгейі жоғары. Өткен жылдың басынан бері халықаралық резерв көлемі 23,8 пайызға өсіп, Ұлттық қордағы 62,9 млрд доллар активті қоса алғанда, 129,5 млрд долларға жетті. Мемлекеттік борыш көлемі де қалыпты деңгейде сақталып отыр. Он жылдан астам уақыт бойы борыштың ІЖӨ-ге шаққандағы үлесі шамамен 25 пайыз шамасында. Биылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш 73 млрд доллар немесе ІЖӨ-нің 22,8 пайызы деңгейінде.
Экономиканы әртараптандыру басты назарда. Жаңа даму үлгісі өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық бағыттардың рөлін арттыруды көздейді. ІЖӨ құрылымында қайта өңдеу саласының үлесі 2010 жылғы 11,3 пайыздан 2025 жылы 12,7 пайызға дейін ұлғайды. Ал өндіруші сектор үлесі 9,5 пайыздан 11,9 пайызға дейін қысқарды.
Халықаралық рейтингілердегі көрсеткіш те жақсарды. Экономикалық күрделілік индексінде 2020–2024 жылдар аралығында ел 87-орыннан 55-орынға көтерілді.
Инвестициялық белсенділікті күшейту мақсатында 2029 жылға қарай инвестицияның ІЖӨ-дегі үлесін 23 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл шамамен 120 млрд доллар көлемінде қосымша қаржы тартуға әрі бес жылда жалпы инвестиция көлемін 400 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Басым бағыттар қатарында шикізат пен агроөнімді терең өңдеу, металлургия, химия мен мұнай-химия өнеркәсібі, газ саласы, фармацевтика, қосылған құны жоғары агроөнеркәсіп сегменттері бар. Бұл жобалар еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді. Мұндай үрдіс «орташа табыс тұзағын» еңсерудің негізгі тетігі саналады.
«Белсенді экономикалық өсу саясаты инвестицияны пассивті тартудан жобаларды белсенді қалыптастыруға әрі іске қосуға көшуді көздейді. Біз нақты саланың қажеттілігіне назар аударып, технологиялар мен сараптама арқылы стратегиялық әріптестерді тартамыз», деді вице-премьер.
Жаңа саясат аясында азық-түлік секторында 12 бағыт, азық-түлік емес секторда 24 бағыт айқындалған. Жалпы,портфель көлемі 700 млрд теңгеден асатын 274 жобаны қамтиды.
Алатау қаласын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Ол ерекше басқару режімі мен дербес қаржылық үлгісі бар жаңа өсу нүктесіне айналмақшы. Қалада салықтық жеңілдіктер енгізіліп, «бір терезе» қағидаты жұмыс істейді, халықаралық стандарттар қолданылады, инвестор құқығын қорғау тетігі күшейтіледі.
2050 жылға қарай өңірдің жалпы өңірлік өнімі 40-50 млрд долларға жетіп, халық саны 1,8 млн адамға дейін ұлғаяды деген болжам бар. Шамамен 1 млн жаңа жұмыс орны ашылады.
Дүниежүзілік банк өкілдері талқылау барысында жүргізіліп жатқан реформаларды қолдап, өсім қарқыны мен экономиканың әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне назар аударды. Өнімділік серпіні мен инфляциялық тәуекелдер де ескерусіз қалмауға тиіс екені айтылды.
Бұған дейін Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия аймағына жауапты вице-президенті Антонелла Бассанимен және қаржы институты өкілдерімен кездесті. Тараптар ұзақ жыл бойы қалыптасқан стратегиялық әріптестіктің маңызын жоғары бағалады. 1993–2026 жылдар аралығында көлік, білім, экология, «жасыл» технологиялар, цифрлық даму бағыттарында жалпы құны 8 млрд доллардан асатын 50-ден астам жоба іске асырылған. Дүниежүзілік банк экономикалық жаңғыру үдерістеріне қолдау көрсетіп, инфрақұрылым сапасын арттыруға ықпал етіп келеді.