Толғандырар тақырып
Кеден статистикасының мәліметтері бойынша, 2009 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанның Ресейге экспорты 976, 9 миллион доллар болған. Ал биылғы сол төрт айдың экспорты – 1 686,7 миллион доллар. Демек, 72 пайызға артқан.
***
2010 жылғы қаңтар-сәуір аралығында екі елдің арасындағы сауда айналымы 4 638,5 миллион АҚШ долларын құраған, ал бұл көрсеткіш өткен жылғы сол айларда 3 497,4 миллион доллар болған. Яғни, 32 пайыздан артық өсім деген сөз.
***2010 жылғы 5 шілдеде Қазақстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың шеңберінде Кеден одағының бірыңғай кеден аумағын құрудың 1-ші белесі аяқталғанын мәлімдеді. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев қол қойған “Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы” Кодекс, онда көрсетілген жекелеген баптарды қоспағанда, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап іске қосылды. Сонымен, Кеден одағы құрылды.
Кеден одағы – ТМД кеңістігіндегі ықпалдастықтың басты қозғаушысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен қолға алынып, жылдар бойы жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз осы орасан мәнді оқиғаға орай бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан, бүгінде Кеден одағы комиссиясының Қазақстан тарапынан өкілі болып табылатын ел Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевпен арнайы сұхбаттасуды орынды деп таптық. Енді сол әңгімеге назар салыңыз, ардақты ағайын.
– Құрметті Өмірзақ Естайұлы! Сіздің сөздің емес, істің адамы екеніңізді, көпшілік алдында көсіле сөйлеуден, журналистерге сұхбат беруден тартынатын біртоға мінезіңізді баяғыдан білемін. Бірақ бұл жолғы әңгімеден бой тартпайтыныңызға сенгенмін. Өйткені, сұхбат тақырыбы өте жауапты. Сіз ана жолы осы сұхбатқа байланысты маған телефон соққаныңызда дәл сол күндері Кеден одағының келешегіне күмән келтірушілердің сөзінің жаны бар да сияқты әсер қалдырған болатын. Одан бір күн бұрын Беларусь Президенті өз елінің Кеден одағына қосылудан бас тарта тұратынын мәлімдеген еді. Әңгімені осы жайдың басын ашудан бастасақ. Айналасы жарты айдың ішінде не өзгере қалды? Лукашенко өз пікірінен неге қайтты?
– Ол мәселе екі елдің арасындағы мұнай бажына байланысты. Беларусьтың мұнайға ішкі сұранысы 6,3 миллион тонна, Ресей арқылы келетін қалған 13 миллион тоннаны өздері баж қосып, экспортқа шығаратын. Ресей соған қарсылық білдірген. “Мына 6,3 миллион тоннаны сендерге бажсыз берейік, ал қалғанына баж салмасақ болмайды, өйткені оны шетелге сатып отырсыңдар”, деді. Оған Белоруссия ақыры келісті. Беларусь үшін бұл мәселенің құны 4 миллиард доллар. Жылына. Оған Ресей кепілдік берді. Бұл мәселе солай орайымен шешілген соң Беларусь Кеден одағына қосылды. Ресей бізге де мұнай береді. Мына Павлодар мұнай өңдеу зауытына – 6 миллион тоннаға дейін. Оған қоса әртүрлі мұнай өнімдері тағы бар. Оларға біз де: “Біздің ішкі қажетімізге қатысты мұнайға баж салығын алып тастайсыздар, оның сыртындағы мұнайға баж сала беріңіздер”, дедік. Ресей жағы келісті.
– Осы арада бір сұрақ туады. Біз Ресейдің мұнайын әкеліп, Павлодарда өңдейміз, ал Ақтөбенің мұнайын апарып, Қытайда өңдейміз. Бұл қалай?
– Өйткені, бізде Батыстан тіке Павлодарға жеткізетін тұрба жоқ қой. Ресейден тіке тұрба тек Павлодарға келеді. Бізге бұл қолайлы болып тұр. Ресейге батыс облыстарымыздан мұнай береміз де, олардың біздегі шығысқа жақын облыстарынан өңдеуге мұнай аламыз. Бұл туралы бізде арнайы келісім-шарт жасалады жылма-жыл. Әрине, мамандар біледі, егер де сондай қиын жағдай туындаса, Құмкөл-Кеңқияқ құбырынан кері қарай, Павлодарға мұнай жеткізетін құбыр салуға болады. Бірақ әзірге Ресеймен келісіп пішкен тон ыңғайлы болып тұр.
– Сонымен Лукашенконың сөзінің де жаны бар болып шықты ғой?
– Беларусьтар Ресейге газ бойынша 200 миллионға жуық доллар қарыз екен. Керісінше Ресей мұнай транзитіне байланысты сол шамада, 260 миллиондай қарыздар екені анықталды. Екі жақ бір-біріне төлеп, тынды ғой ақыры. Негізгі шешілмеген мәселе – жаңағы баж салығы. Бірыңғай экономикалық кеңістік құрамыз ғой 2012 жылы. Сол кезде барлық баж салығы жойылады. Беларусьтардың алдына қойған мақсаты сол салықтан құтылу еді. Жарым-жартылай құтылды, дәлірек айтқанда, келешекке кепілдік алды.
– Енді жалпылама мәселелерді айта отырайық. Кеден одағын іске қосу жөнінде атқарылған жұмысты қалай қорытындылауға болады?
– Ең алдымен Кеден одағының шарттық-құқықтық базасы іс жүзінде қалыптасқанын айту керек. Бүгінге дейін 70-тен астам халықаралық келісімдерге қол қойылды. Қаңтардан бері Кеден одағын басқару органдарының жүйесі жасалып, жұмыс істей бастады. Оған мемлекеттер басшылары мен үкіметтер басшылары деңгейіндегі Жоғары орган, сондай-ақ арнайы құрылған Кеден одағы комиссиясы кіреді. Комиссия кеден баждарының мөлшерлемелерін өзгерту, сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын енгізу, тарифтік жеңілдіктер мен квоталар белгілеу, тарифтік преференциялар жүйесін айқындау, реттеудің тарифтік емес іс-шараларын қолдану мәселелерін қарайды. Комиссияға әр елден үкімет басшыларының орынбасарлары деңгейінде бір өкілден кіреді.
– Көктемде біз Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен сұхбат (2010, 9 сәуір) жариялағанбыз. Сонда Кеден одағының басшы органдарына байланысты айтылғандар өз күшінде шығар?
– Комиссия құзіретіне жататын мәселелердің бәрі Қазақстан Үкіметінің өкілеттілігіне кіреді, сондықтан комиссияға қатысты шешімдердің бәрі Үкіметте алдын ала қаралады. Үш елдің шеңберінде барлық мәселелер бойынша консенсус қағидасы жұмыс істейді, таласты мәселелер болғанда шешім мемлекеттер басшылары деңгейіне шығарылады.
– Кеден одағы дегенде біз алдымен Бірыңғай кеден тарифін және Тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесін ойлаймыз. Бұл жөнінде не тындырылды?
– Қаңтардың басынан бері Кеден одағына қатысушылар үшінші елдерден келетін барлық тауарларға байланысты бірыңғай сауда шараларын қолданып жатыр. Бірыңғай кеден тарифі (БКТ) қалыптасқанға дейін Беларусьтің, Қазақстанның және Ресейдің импорттық кеден баждары мөлшерлемелерінің шамамен 40 пайызы сәйкес келетін. Сондықтан үш елдің үкіметтері алдында кеден баждарының 60 пайыздарын үйлестіру міндеті тұрды. Қалған баждарды үйлестіру жұмысы барысында мемлекеттеріміздегі тауар өндіруші орындардың саны мен олардың жоспарлары ескерілді. Кеден баждары өнеркәсіптік тауарларға көтерілді, оның есесіне өндірушілер үшін бірқатар жеңілдіктер көзделді. 400 позиция бойынша Қазақстан 3 жылдан 5 жылға дейін өтпелі кезең алды. Ең алдымен емдік дәрілер мен медициналық құрал-жабдықтарға, химия өнеркәсібі шикізатына қатысты. Елбасымыз дәрілердің кемінде 50 пайызын өзімізде өндіру міндетін алға қойғанын білесіз. Химия өнеркәсібіне байланысты өтпелі кезең алынған 4 жылдың ішінде Атыраудағы мұнай-газ химия кешенінің құрылысы аяқталуға тиіс. 1 шілдеден бастап ТН ВЭД кодтары бойынша 365 позицияның өнімдеріне бірыңғай тізілім жасалып, келісім бойынша міндетті түрде сәйкестігі нақтыланатын болды. Бұл Кеден одағының аумағында тауарлардың 300-ден астам түрі еркін қозғала береді деген сөз. Тауарлардың сәйкестігі мәселесі шешілсе, көп мәселе өзінен өзі қозғалып кетеді. Мысалы, қазір Ресей базары қазақстандық ет өнімдері үшін іс жүзінде жабық тұр деуге болады.
– Осы мәселені жақсы қозғадыңыз. Бұрын КСРО-ның жарты етін біз жауып тұратындай едік қой. Сол кезде одақтық қорға қанша ет берген екенбіз?
– Шамамен 400 мың тонна. Соның 350 мың тоннадайы Ресейге барған. Ал қазір Қазақстанның Ресейге шығарып отырғаны асып кеткенде 2 мың тонна. Бұған төзуге болмайды. Айта кетейін, ақшасын санағанда 7-8 млн. тонна астық экспорттағанша, 100 мың тонна ет экспортқа сатқан пайдалы. Сондықтан Қазақстан сиыр еті мен қой етінің экспортын 2014 жылы 64 мың тоннаға жеткізуді меже етіп отыр. Айырма жер мен көктей. Негізінде, бізде ет өнімдерін өндіруде ілгерілеушілік бар. Тек соңғы 5 жылдың ішінде ет өндіру 22 пайызға артты. 2009 жылы біздегі ет өндірісі сойыс салмағымен 896,3 мың тоннаға жеткен. Сөйтсе де, амал не, қазірше ет экспорттаушы елге айнала қойған жоқпыз. Қазақстанның мал басын өсіру жөнінде де, ет өндіру көлемін арттыруда да мүмкіндігі өте мол. Жайлау жеткілікті. Малдың жақсы тұқымдары бар. Экологиялық жағынан таза, бәсекеге шыдас беретін, экспортқа, ең алдымен Ресейге шығаратын етті еркін көбейте алар едік. Кең ауқымды селекция жұмысы да жүргізіліп жатыр. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының арасындағы аграрлық салада ынтымақтастықты арттырудың бірлескен кешенді жоспары жасалған.
– Сізбен әңгімеге дайындалғанда кеңесшілеріңізден біраз материал алдырып, қарап едім. Кейбір цифрлар таң қалдырады. Мысалы, Ресей тек Оңтүстік Американың өзінен ғана 700 мың тоннадан артық сиыр етін алады екен.
– Солай. Оның үстіне ол еттің сапасы нашар. Алыстан, мұхит асып әкелінетін болғаннан кейін ол ет тоңазытылып жеткізілмейді, мұздатылған күйі жеткізіледі. Ресейдегілер ол етті сүйегінен ажыратып, негізінен колбасаға пайдаланып жатыр. Олар бұл еттің сапасы төмендігіне әбден көз жеткізіп болды. Оның жанында жаңа тоңазытылған күйінде базарға, дүкенге апаруға болатын қазақстандық еттің артықшылығы анық. Ресейдің ет базарына өтудің жолдарын қазір қатты қарастырып жатырмыз. Етті сыртқа шығарудың жолдары тұйықталып тұрғандықтан бізде ет және ет өнімдерін артық пайдалану байқалады.
– Сонда біз қанша ет жейміз?
– Ет тұтынудың әлемдік ұлттық нормасы – 1 адамға 48 килодан. Ал әрбір қазақстандыққа қазір 64 килодан ет тиеді. Негізінен сиыр еті мен қой еті. Оның есесіне тауық еті аз, көкөніс аз.
– Ресей жақын жердегі арзан етті алмайын деп отырған жоқ қой?
– Әрине. Тек Қазақстаннан баратын еттің ветеринариялық сипаты халықаралық стандарттарға сай келмей тұр. Биыл бюджеттен ауыл шаруашылық малының идентификациялық мәліметтер базасын жасау бағдарламасына қаржы бөлінді. Осы алдағы 3 жылдың ішінде елдегі барлық мал басы есепке алынып, тіркеу нөмірі беріледі, ең бастысы – әр малға ветеринариялық паспорт жасалынады. Малды соятын, өңдейтін, сақтайтын, сататын өндірістердің бәріне есеп нөмірлері таңылады. Қазірдің өзінде 11 облыста бір типті модульді ветеринариялық зертханалар жасалған. 2014 жылға қарай ондай зертханалар 115 ауданда жасалмақшы. Мұның өзі қазақстандық еттің сыртқы базарға шығарылуына кедергілерді азайтады.
– Иә, кедергілерді білеміз. Жақында Ақмола, Павлодар облыстарында аусыл, топалаң, қараталақ (сөзбе сөз сірестіріп Сібір жарасы деп те айта береміз) көрініс берді.
– Ол – жекелеген жайлар. Соның өзі де отандық мал шаруашылығы өнімдері экспортының жақсы атын шығарып тұрған жоқ. Біздегі ветеринария жүйесі, қаржымен, материалдармен, кадрмен қамту мүмкіндігі мал ауруларының бұл түрлерін тез оқшаулауға мүмкіндік берді. Біз алдағы уақытта ветеринарияға өте көп көңіл бөлуіміз керек. Медицина – адам денсаулығының кепілі, ал ветеринария адамзат қауіпсіздігінің кепілі деп бекер айтылмаса керек. Мал иелеріне ауырған малдың құнын дер кезінде төлегеніміздің де жақсы әсері болды. Жалпы, бізде қазір бүкіл елде мал сойыс пункттерін жаңа талаптар бойынша қайта салу қолға алынуда. Сатуға шығарылатын, етке өткізілетін мал енді бір жерде ғана сойылады. Бүгінде екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктерінің арасындағы жұмыс жоспарын орындау үшін шекара бойлап мал тұқымын асылдандыруға, семіртуге, союға және ет өңдеуге арналған 100-ге жуық кәсіпорындар ашқалы жатырмыз. “Қазагроның” қаржыландыруымен. Ресейдің халықаралық стандарттарға сай талаптарымен. Олардың қасында мал бордақылау пункттері орналасады. Олардың қасында асыл түлікті мал шаруашылықтары болады. Бұл жобаның қаржы көздері көрініп тұр. Мұның бәрін алдағы 5-6 жылда салып бітіруіміз керек. Осы 54 комбинат бізге Ресейдің ет базарына есік ашып беруге тиіс. Олардан кейін бұл істі жекеменшік шаруашылықтар жалғастырып, алып кетеді деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығының бір ерекшелігі – жаңалықты өте баяу қабылдайтыны. Ондағы кәсіпкерлер жаңалықты өздері қолымен ұстап көрмей тұрып қабылдай қоймайды. Облыстарда жүргенде оған әбден көзіміз жеткен. Оңтүстік Қазақстанда тамшылатып суару әдісін енгізгенімізде солай болған. Бір жағынан елдің қорқып қалғандығы да бар.
– Терещенконың тұсында тамшылатқыш тұрбалардың ту-талақайы шығып еді ғой.
– Ол кезде нақты қожайын болмаған. Қазір жердің иесі бар. Семинарлар ұйымдастырып, тамшылата суарудың пайдасын көрсеткеннен кейін жұрттың бәрі соған бұрылып жатыр. Мысалы, қызанақты арықпен суарса бір гектардан ең жоғары дегенде 20 тонна өнім алуға болады. Ал енді тамшылата суарса 1 гектардан 100 тонна өнім алынады. “Ақдала” деген шаруашылық сөйтіп отыр. Ал енді тамшылатып суару мен жылыжайды қоса жүргізсе, онда бір гектардан 400 тоннаға дейін өнім алынады. Бұл – инновация. Томат деген нағыз дефицит. Өзіміз импорттап жүрміз соны. Өзіміздің рыногымызды да толтыра алмай жатырмыз. Томаттың рыногы шексіз деуге болады, әсіресе жанымызда Қытай тұрғанда. Қазір Қапшағайдың жанында үлкен бір шаруашылық құрудамыз. Онда алма, болгар бұрышы, томат осы заманғы әдістермен буып-түйіліп, оралып, шыныланып шығады.
– Жекенің малының еті Ресейге қалай жетеді сонда?
– Тек ет комбинаттары арқылы. Ал ол комбинаттар ет өнімдерінің тұрақты түсуіне сенімді болуы үшін малдың кемінде жартысы өздерінің шаруашылықтарынан шығуы керек. Қалғанын халықтан сатып алады. Етті экспортқа өткізудің қазір басқа жолы жоқ. Оны буып-түюдің де өз жолы бар. Біз құсап жіліктеп тастай салуға болмайды.
– Жұрттың Кеден одағына байланысты алаңдап отырған тағы бір мәселесі – жеңіл автокөліктер. Бір адам бір жылда шетелден бір-ақ мәшине айдап әкеле алатын болды ғой? Кейбіреулер үшін бұл өзінше бизнес емес пе? Олар енді басқалардың құжаттарымен мәшине тасуға кіріспей ме? Кез келген адам шетелден мәшине әкелудің жолын біле ме?
– Бұл өзі бір жылға белгіленген жағдай. Оған дейін әр жеке тұлғаның төменгі баж салығымен бір мәшине әкелу мүмкіндігі бар. Бір жылдан кейін бұл мәселе өзінен өзі күн тәртібінен түседі. Өйткені, бір жылдың ішінде рынокты бұруымыз керек. Бұрамыз. Ресейде қазір жиырмашақты автозауыт салынды. Иномарка дейміз ғой, соның бәрі шығарылады. Олар бізде де шығарылатын болады. Қарағандыда жылына 50 мың иномарка шығаратын зауыт салып жатырмыз. “Азия Авто” дегеніміз бар Өскеменде. Бізге мәшине алып келетін “Тойота” сияқты компаниялардың бәрі енді осы жақта мәшине құрастыратын зауыттар салуға мүдделі болады.
– Соның өзінде де қазір жұрт Германиядан мәшине айдап келіп, дырылдатып жүріп жатыр...
– Олар – ескі, өте қауіпті мәшинелер ғой.
– Енді жұрт сол ескі мәшинелерден де айырылып қала ма дегенім ғой?
– Қазірге дейін бізге, Ресейге, Беларуське келген ескі мәшинелердің өзі әлі бес-алты жыл сатуға жетеді. Базарда қазір мәшине өтіп жатқан жоқ. Негізі барлық елдер ескі мәшинелерден құтылуға тырысады, онсыз да біздің автобазарымыз кәдімгі қоқыс жәшігіне айналып бара жатыр. Мына Өзбекстан иномаркаларға мәшине құнынан екі есе артық баж салығын белгілеп қойған. Ресей жаңағыдай жасады. Қырғызстан мен Тәжікстанда сатылған мәшинелер саны бізде сатылғанмен салыстыруға да келмейді. Сонда барлық ескі мәшине бізге келіп құйылып жатыр. Жол-көлік апаттарының көп болатыны да содан. Ең бастысы, шын мәнінде үңіліп қарасақ, төмен баж салығымен қарапайым мәшине сатып алушылар ешқандай пайда көріп отырған жоқ. Бәрі ортадағы делдалдардың қалтасына кетіп жатыр.
– Сонда қалай?
– Айтайын. Кеден одағына дейін импорттық баж салығы Ресейде 30 пайыз, бізде 10 пайыз болды. Бірақ дүкенде тұрған мәшинені алып қарасаңыз, Мәскеудегі баға мен Астанадағы баға шамалас болды. Неге? Ортасындағы 20 пайыз қайда кетті? 10 пайызы біздегі мәшине сатып жүрген бес-алты компанияның қалтасында кетіп жатыр. Олар мәшине рыногын монополияландырып алған. Енді Мәскеуде де, бізде де мәшиненің бағасы бірдей болады. Баждан түсетін айырма түгел бюджетке түсіп отырады.
– Кеден одағы біз үшін саяси жоба ма, экономикалық жоба ма? Ресейге ше?
– Президентіміздің ықпалдастық идеяларының прагматикалық құндылығын осындайда түсінеміз. Бар мәселе экономикада. Біздің халқымыздың санына қарағанда инвестиция тарту өте қиын. Қазірге дейінгі 108 миллиард долларлық инвестициялардың бәрі дерлік шикізат секторына салынған. Ал өңдеу, қайта өңдеу салаларына инвестицияның жолы қиын. Олар келеді де рынокты қарайды, мұны қанша адам тұтынады деп қарайды. Ресей үшін рыногының, мысалы, Қазақстан есебінен 15 миллион адамға артқанынан көп келіп-кетері жоқ.
– Сонда Ресейдің мүддесі неде?
– Ресей өздігінен ықпалдастық ядросын жасай алмайды. Ал енді біздің үш ел қосылса, бұл басқа әңгіме. Біз үшін бұл ең алдымен таза экономикалық жоба. Бізге олардың рыногы өте керек. Біздің тауар айналымыздың тең жартысы осы Ресеймен байланысты. Экспорт та солай, импорт та солай.
– Экспорт демекші, астық экспортының жағдайы қалай болып жатыр? Өткен жылғы астықтың өзі сатылып біткен жоқ қой.
– Ресейдің өзі астық экспорттаушы ел болғанымен, Кеден одағы жағдайында біздің бидайымыздың алдынан жақсы көкжиек ашылады деп ойлаймыз. Қазақстан бидайының сапасы ерекше. Қамырлылығы жоғары. Өте сапалы нан өнімдерін олар біздің бидайды араластырмай жасай алмайды. Біздің қазіргі негізгі рыногымыз – Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Египет. Мына Қытай базарына бидайымызбен кіруге қатты әрекет етіп жатырмыз. Биылдың өзінде ол елге тарихта бірінші рет 20 мың тонна бидай саттық. Қытайды ашып алсақ, Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияны ашып алсақ, онда бізде бидайға байланысты шешілмеген мәселе қалмайды.
– Ана жылы Астанаға келгенінде Египет президенті Мохаммад Хосни Мубарактан сұхбат алғаным бар еді. Сонда Египет басшысы Қазақстаннан бидай алу қарастырылып жатқанын айтқан. Одан бері бұл істе көп ілгерілеу болмаған сияқты.
– Оларға жету қиын. Оларға біз Ресей арқылы шығамыз ғой. Ал Ресей біздің бұл рыноктағы бәсекелесіміз. Ресей биыл тарифті көтеріп жіберді. Содан біз алғаш рет тарифті субсидиялауды бастадық. Ресеймен бәсекелесе алуы үшін бидай экспорттайтын компанияларға субсидия беріп отырмыз. Қытай жағын да солай етеміз.
– Әңгімені тек Кеден одағы тақырыбымен шектеудің сәті түспейтін сияқты. Субсидия дегеннен біздің Бүкіл әлемдік сауда ұйымына енуіміз мәселесі шыққалы тұр. БСҰ-ның бір талабы – ауыл шаруашылығын субсидияламау. Кеден одағына мүше елдер БСҰ-ға бірдей, бір шартпен өтеді деп айтылған болатын. Үш елдің ортақ келіссөз командасы да құрылған еді. Қазір бұл істе де алшақтық бар. Бұл қалай? Қазір БСҰ-ға өтуден тартынып тұрмыз ба?
– Олай деуге болмайды. Кеден одағы құрылғанына байланысты жұмыс сәл баяулады. Біз тиісті елдердің бәрімен келіссөз жүргізуді аяқтауға жақынбыз, жекелеген мәселелер қалды, осы жылдың аяғына дейін бітіреміз деген үміт бар. БСҰ бізге маңызды болғандықтан, Кеден одағы аясында біз әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Бір шартпен, бір мезгілде өтеміз деп ойладық. Ол іске аспады. Енді ұқсас, үйлестірілген шарттармен өтуді ойластырудамыз. Негізінде БСҰ-ға Ресейдің тездетіп кіргені бізге жақсы. Олардың БСҰ-мен келіссөз нәтижелері бізге қолданылатын болса, ол бізге пайдалы болар еді. Есесіне Ресей БСҰ-ға өтсе, импорттық тарифтер төмендейді. Сонда бүкіл Кеден одағының импорттық тарифтері төмендейді. Бұл тұтынушыларға пайдалы.
– Беларусьтің ол ұйымға кіру мүмкіндігі қандай?
– Олардың мүмкіндігі қазірше аздау. Олар келіссөздерді кеш бастаған. Біз оларға көмектесеміз деп отырмыз.
– Кеден одағының құрылуына байланысты кеден бекеттері алынып тасталды. Ондағы адамдардың тағдыры қалай болып жатыр? Әлде олар енді айлықсыз жүре алатын жағдайға жеткен бе?
– Олардың біразын оңтүстік шекаралардағы бекеттерге ауыстырып жатыр. Біразы қысқарады. Әйтеуір, нәтижесінде кәсіпкерлерге, қарапайым халыққа дұрыс болады.
– Міне, бүгін Сізбен 9 шілдеде сөйлесіп отырмыз. Кеден одағы іске кіріскелі бір аптадан асты. Не өзгерді?
– Негізінде бұл одақ 1 қаңтардан бері жұмыс істеп келе жатыр. Сондықтан жыл басынан бергі көрсеткіштерді қарау керек. Осындай сұрақ қойылатынын біліп, мына мәліметтерді дайындап отырған едім. Қараңыз. Кеден статистикасының мәліметтері бойынша, 2009 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанның Ресейге экспорты 976, 9 миллион доллар болған. Ал биылғы сол төрт айдың экспорты – 1 686,7 миллион доллар. Демек, 72 пайызға артқан. Бұған қосымша түсінік берудің қажеттігі жоқ шығар.
–Ал сауда айналымы қалай?
– Бұл сұрағыңызға да сол 4 айдың көрсеткіштерімен жауап берейін. 2010 жылғы қаңтар-сәуір аралығында екі елдің арасындағы сауда айналымы 4 638,5 миллион АҚШ долларын құраған, ал бұл көрсеткіш өткен жылғы сол айларда 3 497,4 миллион доллар болған. Яғни 32 пайыздан артық өсім деген сөз.
– Иә, Кеден одағының нақты нәтижесі көзге бадырайып көрініп тұр екен. Орысша “Факты – упрямая вещь” деген сөзді еске түсіреді.
– Бұлардың бәрі оңайлықпен келмеген нәтижелер. Бұл – Елбасының ұзақ жылдар бойы жүргізген саясатының нәтижесі. Былайғы жұрт ол кісінің ел мүддесі үшін қағидатты түрде күресіп, керек болса дауға барып, саяси қақтығыстарда қайсарлық көрсетіп жүргендігін біле бермейді. Елбасы баршамыздан да соны талап етеді.
– Өмеке, дегенмен тағы да оқырмандарды көбірек қызықтыратын жеңіл автокөлік мәселесіне тоқталайықшы. Кеден одағының нәтижесінде Ресейдің сапасы төмен мәшинелері көшелерімізде қаптап кетеді деп уайым жеушілерге не айтар едіңіз? Олар “Жигули” мен “Волгасына” тіпті кондиционер орната алмай келе жатыр ғой?
– Біз олардан кондиционер қойылмаған “Жигули” мен “Волга” алғалы отырған жоқпыз. Жалпы, қазір әлемде автопром туралы түсінік өзгеріп кеткен. Бұрын конструкторлық бюродан мәшине құрастыруға дейінгі цикл бір елде, бір зауытта болатын, соны автопром дейтін. Бүкіл әлемде қазір КБ-дан құрастыруға дейін толық жеткізетін бес-алты ғана марка бар. Оларды қуып жету енді ешкімнің қолынан келмейді. Сондықтан олар рыногы бар елге барады да мәшине құрастырады. Ресей де осы жолға түсті. Сіз айтып отырған “Жигули” мен “Волгадан” қалай құтылуды білмей олардың өздерінің басы қатуда. Мысалы, Ресейде шетелдік брэндпен шығарылатын мәшинелер саны биылғы қаңтарда 26,3 мың болыпты, ал бұл сан 2009 жылғы қаңтардағыдан 146 пайыз артық екен. Көріп отырсыз ба, бір жылдың ішінде бір жарым есе артқан! Сапасы жақсы.
– Бізде де солай құрастырылады деп сенгіміз келеді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылғы күзде Қызылордада облыс көрмесін ұйымдастырғанда газет жазылымының жайымен сонда болып қалғаным, Өскеменде құрастырылып жатқан мәшинелерге таңданғаным бар.
– Қарағандыда да солай болуға тиіс. Мәшинелердің баж салығы жөнінде айтқанда жекелеген тауарларға, қызмет түрлеріне баждың өсуі тамақ өнімдерінің бағасына әсер етпейтінін ерекше атап өту керек. Неге десеңіз тамақ өнімдерінің барлығы дерлік Қазақстанның өзінде өндіріледі немесе ТМД елдерінен, оның өзінде ең алдымен Ресейден әкелінеді, ал ол өнімдерге импорт бажы салынбайды.
– 2012 жылы Бірыңғай экономикалық кеңістік құрылады. Ол кезде Кеден одағына мүше елдерді қандай келешек күтіп тұр дей аламыз?
– Елбасымыз бұл орайда негізгі назарды Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыруға аударып отыр. Ол кеңістіктің құқықтық базасы негізгі 20 құжаттан тұрмақ. Біз оларды дайындауды екі кезеңде жүргізіп, 2012 жылдың 1 қаңтарға дейін бітірмекшіміз. Бірінші кезеңде – 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 келісімді, ал екінші кезеңде – 2012 жылы 1 қаңтарға дейін қалған 6 келісімді ратификациялау көзделіп отыр.
– Ол келісімдердің негізгі бағыттары қандай?
– Ең алдымен келісілген экономикалық саясат жүргізу. Атап айтқанда, бірыңғай макроэкономикалық саясат, табиғи монополиялар, өнеркәсіптік субсидиялар, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығын субсидиялау жөнінде көп жұмыс атқарылуы керек. Капиталдың еркін қозғалуы, соның ішінде инвестициялық қызмет, валюта саясаты қатты ескеріледі. Сондай-ақ, көрсетілетін қызметтердің, жұмыс күшінің еркін қозғалу рыногы ойластырылады. Электр энергетикасы, мұнай мен газ тасымалдау, темір жол көлігі салаларында Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы елдердің инфрақұрылымына бірдей қол жеткізу де аз табыс емес. Мысалы, қазірге дейін Қазақстан өзінің газы мен мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдау кезінде миллиондаған долларларды жоғалтып келгені мәлім.
Бірыңғай экономикалық кеңістік – ықпалдастықтың анағұрлым жоғары деңгейі, ол капиталдың, қызметтер мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еуроодақтың жағдайына қарап отырсақ, бұл өзі ықпалдастықтың ыңғайлы түрі екеніне күмән келтіре алмаймыз.
Жаңа құрылым осы үш елге 2015 жылға қарай ішкі жалпы өнімді 15 пайызға арттыруға жағдай жасайды. Ол кезде үш елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі шамамен 2 триллион АҚШ долларына жетеді деп межеленеді.
Ықпалдастықтың жаңа деңгейіне шығудың арқасында біз Қазақстандағы іскерлік ахуалды анағұрлым жақсарта аламыз. Біздің тұтыну рыногымыздың 170 миллион адамға кеңеюі –қазірдің өзінде көзге көрініп тұрған мүмкіндік. Кеден одағы көкжиегімізді кеңейтеді. Бүкіл әлем бәсекелестік базарына түсіп, жаһандану жағдайында жанталасып жатқанда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан өнімдерінің рыногын кеңейту жолында жылдар бойы ойластырып, жеріне жеткізген бұл қадамының да құтты қадам болатынына ешқандай күмән жоқ.
– Осындай күрмеуі көп күрделі мәселе жөнінде мол мағлұмат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Сутреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.