• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2010

ОЛИМПИАДАШЫЛАР ЕЛМЕН, ЖЕРМЕН ТАНЫСТЫ

452 рет
көрсетілді

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ақыл-ойдың байлығын қарғадайларынан қанат еткен, қарымы мықты, қабілеті ерен әлемнің алты құрлығынан келген 51 халықаралық математи­ка­лық олимпиадаға қатысушылар негізгі сыннан емтихан тапсырған соң, Отанымыздың елімен, жерімен танысты. Біз халықаралық білім жарысына келген 1000-ға тарта оқушыны Астанада қабылдап, одан кейін математикадан сынақ тапсыру жұ­мы­сын Арқа төсіндігі көрікті де көркем өңір, ор­маны мен көлдері көздің жауын алатын Бурабай бауырындағы “Балдәурен” респуб­ли­ка­лық оқу-сауықтыру кешенінде өткіздік. Оқу­шылар екі күнге созылған математика сынағын тапсырғаннан кейін қазылар алқасы қоры­тын­дысын шығарғанша біз оқушыларды “Бурабай” ұлттық табиғи паркіне саяхат жасатып, Отаны­мыз­дың дархан даласымен жан-жақты таныс­тырдық, дейді “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының директоры Тілдаш Битуова. Күні кеше ғана елордамыздың айтулы мерекесін атап өткен Астанамен оқушыларды таныстыру жұмысына біз де куә болдық. ХХІ ғасырдың ғажабы саналатын бас қаламыздағы сәулетті ғимараттар мен демалыс орындарында болған олимпиадашылар жаңа Астананың әрбір көрінісі туралы сүйсіне әңгімелейді. Әсіресе, кеше “Қазанат” спорт кешенінде өткен іс-шараның қызығы олардың өмір бойы есінде қалары сөзсіз. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер, іші-сыртын көмкерген ұлттық дүниелер кімнің де болса көзін тойғызып, жан дүниесін нұрландырғаны анық. Ұлттық спорт түрлері бойынша өткізілген жарыстар: көкпар тартып, қыран баптау, алуан түрлі салт-дәстүрлерімізді әспеттеу жағынан келгенде қазақтың ешкімнен де кем түспейтіні осы жерде айқын аңғарылды. Бұл этнографиялық құндылықтарымыз кімнің де болса көңілінен өмір бойы орын алатыны да рас. Біз жүздері балбұл жанып, әрбір көрініске қызыға қарап, тамсанған оқушылармен тілдес­ке­німізде шетінен ризалықтарын білдіріп жат­ты. Канадалық үйлестіруші Александр Ремеров маған Бурабайдың табиғаты, Есіл өзенінің екі жағына салынған Астананың ғимараттары, тап-таза көшелері қатты ұнады. Қазақ жұртының кеңпейілділігі, өзім секілді замандастарымның кішілігі мен кісілігі тәнті етті. Ал мына ұлттық спорт ойындары мен ұлттық жауһарлар, ұлттық та­ғамдар басқа елдерде кездесе бермейтін шығар. Мен Мәскеуде 7-ші сыныпқа дейін білім алып, одан кейін ата-анаммен бірге Канадаға қоныс аударған едім. Ресей мен Канададағы орта білім беру ісін әрдайым салыстырып жүремін. Сонда байқағаным, Мәскеу мектепте­ріндегі оқыту ісі әлдеқайда жоғары, әр пәнді тереңінен талдайды. Жалпы, пән ауқымын шектемей, әлемдік деңгейде ой-өресінің биік болуына баса назар аударады. Ал жоғары білім туралы мұндай пікір айта алмаймын. Себебі, Мәскеу университтері туралы мәліметім аз. Мен Қазақ еліне келгенде байқағаным, үлкен-кішісінің қай-қайсысы да сауатты, әрі салиқалы екен, дейді ол. Бұл пікірді олардың лидері саналатын А.Тенг те қоштады. Елдігімізді танытып, білімді ұрпағымыздың өсіп келе жатқанын дәйектейтін бұл матема­тикалық олимпиадаға бас демеушілік көрсет­кен мекеме туралы да айта кетсек дейміз. Ол әр­кез әлеуметтік бағдарламаларға қолдау көр­сетіп келе жатқан, әсіресе, білім мен ғылымға, ден­сау­лық сақтау ісіне жете мән беріп, алдыңғы ілек­тен табылған “ЭксонМобил Қазақстан Инк.” компаниясы дер едік. Бұл компаниядан өзге қолұшын созғандар қатарында Астана қа­ла­сы мен Ақмола облысы әкімдігі, “Қа­зақстан халқының рухани даму қоры” АҚ, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия университеті, Ота­ны­мыздың Ұлттық спорт ассоциациясы, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты, Тәуелсіздік са­райы, Алматыдағы “Алатау” шипажайы, Аста­надағы “Думан” қонақ үйі, тағы басқалар бар. Сүлеймен МӘМЕТ.