Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетіне жариялаған «Бөкейліктердің мүфтилікте қалуы» мақаласында: «1801 жылы Бөкей хан он алты ру елімен қайтадан Жайықтың күнбатыс жағына көшіп, қоныс алған екен» десе, жазушы Мұхтар Мағауин: «Бөкей сұлтан 1801 жылы бейбіт келісім жолымен, бұрынғы Алтын орданың, кейінгі ноғай-қазақтың құт мекені Жайықтың батыс бетіне, Еділге дейінгі кең алқапта қоныстануға мүмкіндік алды», деп жазған болатын. Биыл осы Бөкей ордасының құрылғанына – 225 жыл.
Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында Бөкей ордасының құрылуын ХІХ ғасырдың бас кезіндегі ең елеулі оқиға деп бағалаған. «Атажұртқа ірге аударған жұрт Бөкейді хан сайлады. Ресей дәргейіндегі, бірақ өзіндік басқару жүйесі бар жаңа ұлыс Ішкі немесе Бөкей ордасы деп аталды. Сөйтіп, қатарынан озып туған, көреген Бөкей хан кіріптар заманның өзінде Алаш ұлының өрісін кеңейтті», деп жазды жазушы. Бөкей өз ордасының негізін 1801 жылы қаласа да хан атағы оған арада он жыл өткеннен кейін ғана берілді. 1812 жылғы маусымда І Александр патшаның жарлығымен Бөкей сұлтан Ішкі орданың ханы болып тағайындалады. Арада 3 жыл өткенде, яғни 1815 жылы Бөкей хан дүниеден өтеді. Әлихан Бөкейхан жазғандай, «Бөкей хан дүниядан қайтқан кезде Жаһангер мырза он екі жасар бала екен». Сол себепті ол есейгенше Ішкі орданы басқару ісі Бөкейдің бауыры Шығай сұлтанға беріледі. Жәңгір хан (Жаһангер) Бөкей ордасы билігін 1824 жылы ғана өз қолына алды. Ол Жасқұс деген жерден жаңа Хан ордасын салдырып, ордасын сонда көшіреді.
Жәңгір хан тәуелсіз саясат жүргізуге талпынады. Хан кеңесін құрып, бірнеше бағытта реформа жүргізуге тырысады. Алайда оның жер реформасы сәтсіздікке ұшырап, соңы 1836–1838 жылдардағы Исатай мен Махамбет батырлар бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа ұласады. Дегенмен Жәңгірдің Хан ордасын салдыруы, ордада мешіт пен мектеп тұрғызуы, музей мен дәріхана ашуы, пошта-телеграф торабын орнатуы, жәрмеңке ұйымдастыруы секілді игілікті ісі қазақ қоғамына серпін әкелді. Солардың ішінде өз жемісін берген ізгі ісінің бірі – хан ашқан мектеп.
Әсілінде Жәңгір мектеп салу туралы ниеті барын 1826 жылдан айта бастаған екен. Бұл ойын Қазан университетінің ректоры Фукске жеткізген көрінеді. Ал 1831 жылы Орынбор генерал-губернаторы Эссенге хат жолдайды. Ол хатында Хан ордасында мектеп салу туралы ұсыныс-тілегін жеткізеді. Алайда ханның бұл тілегі он жылдан кейін бір-ақ орындалады. 1841 жылғы 6 жeлтоқcaндa Хaн ордacындa қарағайдан салынған екі қабатты қaзaқ-орыc училищесі ашылады. Халық оны «Жәңгір мeктeбі» деп атап кетеді. Биыл осы мектептің бой көтергеніне 185 жыл толады.
Жәңгір хан мектепті өз қаржысына тұрғызады. Мектепті ұстап тұру шығыны мен мұғалімдердің жалақысын да өзі көтереді. Петербор, Қазан, Орынбор, Астрахан қалаларынан білікті мұғалімдер шақырады, оларға да бар жағдайды жасайды. Деректерде Жәңгір ханның шәкірттерден емтихан қабылдағаны, мектептің оқу бағдарламасын, оқу жоспарын қадағалауға атсалысқаны айтылады. Ондағы мақсаты қазақ балаларын қолдау еді. Жәңгір хан осы мектеп түлектерінің әрі қарай Қазан университеті, Орынбордағы Неплюев кадет корпусы, т.б. оқу орындарында білім алып, елге қызмет еткенін қалады. Шынында солай болды, Жәңгір мектебінен білім алған қазақ балаларының басым бөлігі кейін ұлт қайраткеріне айналды.
Жәңгір мектебінің тұңғыш түлегі Салық Бабажанов естелігінде: «...Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыруға марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам Ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды», деп жазады. Сонымен қатар ол 1845 жылы Жәңгір ханның арнаулы дастарқан жайып, мектептің шәкірттерін үйіне қонаққа шақырғанын да жазған болатын. Хан әр баладан қайда барып оқығысы келетінін, қандай қызмет атқаруды қалайтынын сұрап, оларға ақыл-кеңесін айтыпты. Біз бұдан ханның мектепті ашып қана қоймай, оны бітірген балалармен жеке-жеке сөйлесіп, олардың ойын, мақсатын біліп, бағыт-бағдар бергенін де байқаймыз.
Салық Бабажанов 1841–1845 жылдары Жәңгір мектебінде, 1845–1851 жылдары Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқиды. Оны тәмамдаған соң аз уақыт Орынбор шекара комиссиясында қызмет етеді. Сосын елге оралып, 1855–1861 жылдары Бөкей ордасындағы Уақытша кеңесте кеңесші болады. Жәңгір хан өмірден өткеннен кейін Бөкей ордасындағы хандық билік жойылып, 1848 жылы Астрахан губерниясына бағынатын Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес құрылады. 1860 жылы Бөкей ордасы Бірінші және Екінші Теңіз жағалауы, Тарғын, Талөкпе (Таловка), Нарын, Қалмақ, Қамыс-Самар деп аталатын жеті аймаққа бөлінеді. Жәңгір мектебінде оқыған шәкірттердің дені осы аймақтарды басқарады. Салық 1866–1871 жылдары осындағы Қамыс-Самар аймағының әкімі болады. Оның ел арасындағы беделі жоғары еді. Сол себепті күш-жігерін халықтың әлеуетін көтеруге жұмсайды. Қазақ қоғамын заман талабына сай бейімдеуге, халықтың құқығын қорғауға, тұрмысын жеңілдетуге күш салады.
Академик Салық Зимановтың: «Ордадағы Жәңгір мектебін бітіргендердің көбі өз заманының алдыңғы қатарлы идеяларын қолдаушылар болды. Солардың ішінде білім деңгейі мен ой-пікірімен ерекше танылған тұлға Салық Бабажанов еді», деп жазғаны бар. Шынында, Салық нағыз интеллектуал тұлға еді. Ол ел басқарып қана қоймай, ағартушылықпен де айналысады. 1861 жылдан бастап ғылымға ден қойып, қазақ этнографиясын зерттеуге күш салады. Сол уақыттағы Ресейден шығатын «Санкт-Петербургские ведомости», «Голос Санкт-Петербурга», «Северная пчела», «Сибир», т.б. басылымдарға «Киргизец Салих Бабаджанов», «Ходжа Салих», «Хаджи Салих», «Киргиз-Адаевец» деген бүркеншік есімдерімен ғылыми мақалаларын жариялайды. Оның ғылыми мақалалары қоғамда оң бағаға ие болып, 1862 жылы Орыс географиялық қоғамының мүшелігіне қабылданады. Сондай-ақ осы жылы қазақ даласынан әйелдің тас мүсінін (балбал тас) тауып, ол жайында көлемді зерттеу мақаласын жазады. Осы ғылыми еңбегі үшін Салық Бабажанов географиялық қоғамның күміс медаліне ие болады. Салықтың қазақ ғылымына қосар үлесі бұдан да зор болар еді. Алайда қырық жасында белгісіз жағдайда өмірден озады. Салық өмірден өткенде оның қазасына бүкіл қазақ қоғамы қайғырады. Дәулеткерей оған арнап «Салық өлген» деген жоқтау күйін шығарады.
Деректерде дәулескер күйші Дәулет-керейдің де Жәңгір мектебінің тәлім алғаны айтылып жүр. Ағасы Жәңгір хан мен әкесі Шығай сұлтан оны бала кезінен ел билеуге баулиды. 1852 жылдан бастап Бөкей ордасының ноғай, қызылқұрт, масқар, төлеңгіт руларын басқарады. Қызылқұрт руына басшы болған кезінде ол, академик Ахмет Жұбанов жазғандай, «Құрманғазымен әңгімелесіп, халық дәстүрі үлгісіндегі басқа да домбырашыларды көріп таниды». Осылайша, басқарушылық қызметімен бірге күйшілік өнерін де қатар дамытады. 1859 жылы қазақ делегациясымен бірге Мәскеуге, Петерборға барып, тақ мұрагерінің салтанатына қатысқан соң, Дәулеткерейдің музыкаға деген көзқарасы мүлдем өзгереді. Қазақ музыкасын, соның ішінде күй өнерін дамытуға ден қояды. «Жігер», «Бұлбұл», «Көрұғлы», т.б. күйлерімен қазақтың күй өнеріне соны ізін қалдырады. Александр Затаевич Дәулеткерейдің күйлері жайында «халық өнерінің ғажап үлгісі» деп жазса, Ахмет Жұбанов оған «төре күйлерінің атасы» деген баға береді. Төре күйі дегенді Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» кітабында «музыкалық мәдениетіміздегі күйшіліктің орныққан оқшау дәстүрі» деп түсіндірген еді. Біз бұдан Дәулеткерейдің қазақ күйіне жаңалық енгізіп, күй мектебін қалыптастырғанын байқаймыз.
Жәңгір ашқан мектепте ханның ұлдары да оқыды. Себебі ордада орысша-қазақша білім беретін мектеп ашылғанда ел арасында «хан қазақ балаларын шоқындырмақшы» деген қауесет тараған еді. Сол себепті Жәңгір өзі ашқан мектепке ұлдарын да береді. Соның бірі орыс офицерлері «Генерал Шыңғысхан» атаған Ғұбайдолла Жәңгірұлы болатын. Ғұбайдолла әкесі ашқан мектептен білім алып, кейін Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға қабылданады. Оны бітірген соң, Петербордағы Императорлық паж корпусына түсіп, оны да сәтті аяқтайды. Ғұбайдолла әкесі секілді билік жүргізуді қаламайды. Оны жастайынан әскери сала қызықтырады. Паж корпусын бітірген соң, әскери қызметін Петербордағы лейб-гвардиялық казак полкінен бастайды. Алайда бір жылдан кейін оны Орынборға ауыстырып, қазақ, башқұрт, татар халықтарының ісі жөніндегі арнайы офицер етіп тағайындайды. Осы жерде ол он жылдай қызмет істейді. Сосын императордың Солтүстік-Батыс аймақтағы флигель-адъютанты болады.
1868 жылы Ресей империясының Пошта және телеграф министрлігі таратылып, орнына Пошта және телеграф департаменті құрылғаны белгілі. Осы департаментті 1876 жылдан 1880 жылға дейін Ғұбайдолла Жәңгірұлы басқарады. 1878 жылы генерал-майор, 1888 жылы генерал-лейтенант шенін алады. 1894 жылы доғарысқа шығып, Қырымдағы Уақып істері жөніндегі ерекше комиссияны басқарады. Сол жақта жүріп, өмірден өтеді.
Жәңгір мектебінен шығып, ел басқарған тұлғалардың бірі – Мақаш (Мұхаметжан) Бекмұхамбетов. Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «Атырау, Жайық бойында оның атын білмейтін адам жоқ». Мақаш 1842–1845 жылдары Жәңгір мектебінде, 1845–1852 жылдары Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқиды. Соңыра ордаға оралып, қызмет жолын тілмаш, хатшы болып бастайды. 1855–1892 жылдары Бірінші және Екінші Теңіз жағалауы аймақтарын басқарады. Мақаш елдік мәселелерде үнемі белсенділік танытады. Қазақ депутациясымен бірге Петерборға барып, халық тағдырына қатысты мәселелерді көтереді. Күй атасы Құрманғазы қудаланған кезде Уақытша кеңестің правителі Лазеревскидің тілін тауып, күйшіге бостандық алып береді. Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлымен бірге Меккеге қажылыққа барады. Өмірінің соңғы жылдарында Уақытша кеңесте кеңесші қызметін атқарады. Мақаш әкім ғана емес, досы Салық секілді ағартушылықпен, этнографиямен айналысады. Орыс географиялық қоғамының мүшесі атанып, «Астраханские ведомости», «Астраханский вестник», т.б. басылымдарға қазақ халқының тұрмысы, тарихы, мәдениетіне қатысты түрлі ғылыми-танымдық мақалаларын жариялайды. Алайда оның кітаптары өзі өмірден өткен соң ғана жарыққа шығады. 1908 жылы Қазаннан «Жақсы үгіт», 1910 жылы Астарханнан «Кочевые казахи и калмыки в Астраханской губернии» деген жинақтары жарық көреді. Қазақ АКСР-ның Әділет халық комиссары болған Шафқат Бекмұхаметов – осы Мақаштың ұлы.
Жәңгір хан ашқан мектеп қазақ даласындағы алғашқы білім шырағы ғана емес, уақыттан озып туған идея, ұлттың ертеңіне бағытталған көреген қадам еді. Содан болар, оқу ордасының білім сәулесі ұрпақ санасын жаңғыртып, елдің рухани дамуына жол ашты. Сол себепті Жәңгір мектебінің тарихы өткен күннің шежіресі ғана емес, болашаққа бастайтын тағылымды жол деп білеміз.