Қарағанды облысының Теміртау қаласында 4А ықшамауданындағы тұрғын үйлер маңында үш кәмелетке толмаған баланы электр тогы соққан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 22 сәуір күні тұрғын үйлердің жанындағы құрылыс алаңында тіркелген. Тұрғындардың айтуынша, көпқабатты үйлер салынып жатқан аумақтың жанынан трансформаторлық қосалқы стансадан тартылған жоғары кернеулі электр желісі қоршау бойымен жүргізілген.
Куәгерлердің сөзіне қарағанда, балалардың бірі құрылыс аумағына түскен допты алу үшін қоршаудан асуға әрекет жасаған. Сол сәтте оны тоқ соққан. Оған көмектеспек болған тағы екі бала да зардап шеккен.
Қарағандыда шатырдан кірпіш құлап, 3 жастағы бала зардап шекті
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, балалар ауруханаға жеткізілген кезде жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Олар бастапқыда жансақтау бөліміне жатқызылып, тиісті ем алған. Қазіргі таңда үш бала профильді бөлімге ауыстырылып, дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр.
Жергілікті тұрғындар бұған дейін де қауіпті электр желісіне қатысты тиісті органдарға бірнеше рет шағымданғанын айтады. Олардың сөзінше, соңғы рет фото және видео дәлелдермен 2 наурыз күні өтініш жолданған.
Астанада көпқабатты үйдің терезесінен құлаған бала қаза тапты
Қарағанды облысының полиция департаменті «салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.