• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2010

БАСЫМ БАҒЫТТЫҢ БІРІ – ДОСТАСТЫҚ АУМАҒЫНДА ЕРКІН САУДА АЙМАҒЫН ҚҰРУ

482 рет
көрсетілді

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Үш ел интеграциясының келесі кезеңі 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Біртұтас экономикалық кеңіс­тік­тің қалыптасты­рылуы болады. Бұл капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз еті­летін интеграцияның әлдеқайда жоғары деңгейі. ТМД-дағы өңірлік экономи­ка­лық бірлестіктерге қолдау білдіре отырып, Үкімет Қазақстанның экономикалық даму басымдық­тарына сай келетін жағдайларда Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісін жандандыруы тиіс.

(Қазақстан халқына Жолдауынан)

10 шілдеде Украинаның Ялта қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) бейресми саммиті өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Фе­де­ра­ция­сының Президенті Дмитрий Медведев, Украина Президенті Виктор Янукович, Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Армения Президенті Серж Саргсян қатысты. Белгіленген уақыт жақында­ған­да ТМД-ның бейресми сам­ми­тіне арнайы келген мемлекеттер бас­шылары Ялтадағы тарихи ғи­мараттың бірі – Ливада сарайына ретіне қарай келе бастады. Сарай алдында президенттерді Украина Президенті Виктор Янукович ыстық ықыласпен қарсы алды. Сәлден соң Украина басшысының бастамасымен өтетін саммит жұмысы басталды. Алғашқы сөзді шаңырақ иесі – Украина Президенті Виктор Яну­кович алып, әріптестеріне өзінің бейресми кездесу өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсеткендері үшін шынайы  алғысын білдірді. Бүгін біз ТМД-ның қызметі ту­ра­лы достық рәуіште пікірлер алмасу мүмкіндігіне ие болып отырмыз, деді Виктор Янукович. Осындай пікір алмасулар Достастық елде­рі­нің алдағы уақытта ынтымақ­тас­тықты дамытуға қатысты көз­қа­растарыңызды білдіріп, өзекті мәселелер жөнінде ой қорытуға, сондай-ақ ортақ шешімге келуге мүмкіндік береді. Украина басшысы бұдан кейін кездесу барысында ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды те­реңдету тетіктерін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды талқылау көзделіп отырғанынан хабардар етті. Вик­тор Януковичтің атап өтуінше, экономикалық өзара іс-қимыл мә­селелеріндегі басымдықтар бүгінгі пікір алмасудың негізі болып табылады. Өйткені, экономикалық ынтымақтастық ТМД қызметінің базалық бағыты ретінде айқын­дал­ған. Оның ойдағыдай табысты да­муы көп жағдайда Достастыққа қа­тысушы елдердің өзге де сала­ларда тығыз қарым-қатынастар жасауына ықпал етеді. Украина Президенті, сондай-ақ таяуда өткен “үлкен сегіздік” және “үлкен жиырмалықтың” кездесу­ле­рінің нәтижесі үлкен қызы­ғу­шылық тудыратынын да атап өтті. Біздің бұл кездесуіміз, деді ол осы туралы, елдер арасындағы көп­та­рап­ты байланыстарды дәйекті және сапалы дамыту үшін, соны­мен бірге, ТМД пішінінде эконо­ми­калық ынтымақтастықты жан­дан­дыру үшін сындарлы және пайдалы болатынына сенімдімін. 9 шілдеде Украина Президенті Виктор Янукович 60 жасқа толған болатын. Ресей Федерациясының Президенті, ТМД Төрағасы Дмитрий Медведев сөзін Украина басшысын осы мерейтойымен құттықтаудан бастады. Виктор Федоровичті 60 жылдық мерей­тойымен құттықтаймын, деді Ресей Президенті. Менің құттық­тауыма осында отырған әріп­тес­те­рім де қосылады деп ойлаймын. Осылай деген Дмитрий Медведев Украинаға өркендеу, Украина Пре­зидентінің командасына та­быс­тар тіледі. Қазақстан мен Украина ара­сында саяси және экономикалық қатынастар үйлесімді дамып ке­леді. Саяси қатынастар халық­ара­лық ұйымдар аясына негізделген, елдердің сыртқы саясаттағы ұста­нымдары мен көзқарастары бір-біріне жақын келеді. Ресми Киев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық ету өтінішіне қолдау білдірген. Екі ел арасындағы сауда-эко­но­микалық байланыстар даму үстін­де. Бүгінде қазақстандық-украи­на­лық экономикалық ынтымақ­тас­тық жөніндегі мемлекетаралық комиссия елдер арасындағы эко­но­микалық қатынастарды әрі қа­рай дамытудың жолдарын қарас­тырып жатыр. Қазақстан – Ук­раи­на ынтымақтастығында отын-энергетика кешені мен көлік-транзит саласының маңызы зор. Украина аумағы арқылы тран­зиттік тасымал жоғары қарқынмен өтеді. Бұл Қазақстанның өз тауар­лары мен өнімдерін Еуропа ел­деріне жеткізуге қосымша мүм­кіндіктер береді. Сонымен қатар, Украинада теңіз порттары жолға қойылған. Бүгінде Қазақстан тарабы “Пивденный” теңіз мұнай терминалы ауданында мұнай құю бірлескен жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатыр. Бұған қоса, Қазақстан мен Ук­раина мұнай-газ жабдықтарын бірлесіп өндіру перспективаларына және көлік инфрақұрылымдары құрылысын салу мәселелеріне талдау жасауда. Қазақстан мен Украина ғы­лы­ми-техникалық салаларда да бай­ланыстар жасап келеді деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің бастапқы кездерінде үзіліп қалған гумани­тарлық байланыстар соңғы жыл­дары қайта жалғасын тапқандай. Мысалы, 2005 жылы Днепро­петров­ск облысындағы Синельни­ково қаласында 1943 жылғы ақ­пан­да Украинаны неміс басқын­шыларынан азат ету кезінде қаза тапқан Жамбыл Жабаевтың ұлы Алғадай Жамбыловқа ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Украина­дағы Қазақстан жылы және Қа­зақ­стандағы Украина жылы аясында да мәдени және  экономикалық ауқымды іс-шаралар өткізілді. Қазақ пен украин халықтарының ынтымақтастығы әріден бас­та­ла­ды. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген қазақстандықтар Украи­на жерін фашистерден азат етуге қатысты, ерлікпен қаза тапқандар да аз емес. Ал украиндар Қазақ­стан тыңын игеруге атсалысты, олардың көпшілігі қасиетті қазақ жерінде қалып, еңбек етті, ұрпақ өрбітті. Олардан тараған украин этносы бүгінде қазақпен, басқа да этностар өкілдерімен тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Ялтадағы ТМД-ның бейресми саммитінде оған қатысқан прези­денттер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында еркін сауда аймағын құру жөнінде әң­гімелесті. Нақ осы мәселе алдағы уақытта өтетін ТМД-ға мүше мем­лекеттер басшыларының оты­рысында талқыланатын болады. Мемлекеттер басшылары, сон­дай-ақ Достастық елдерінде көлік инфрақұрылымдарын,  емдеу-сауықтыру орындарын және туризмді дамытуға байланысты жобаларды жүзеге асыру жайын да кеңінен қарастырды. Жоғарыда ТМД-ның бейрес­ми саммиті тарихи ғимарат­тар­дың бірі – Ливада сарайында өткенін айтқан едік. Оның мәнісі мынада:  бұл ғимарат кезінде Ресей  патшаларының сарайы бол­ған екен. Кейін,  яғни 1945 жылы сол кездегі үш алып мемлекеттің басшылары Иосиф Сталин, Уинстон  Черчиль және Франклин Рузвельт кездесіп, әлемді қалай бөлшектеу мәсе­ле­сін талқылапты. Бүгінде ғимарат тарихи мұражай ретінде жаб­дық­талған, ондағы дүние-мүліктердің барлығы сол қалпында сақталған. Бұл тарихи ғимаратта бұдан 65 жыл бұрын алып үш мемлекеттің басшылары әлемді бөлшектеу жайын қарастырған болса, 2010 жылдың 10 шілдесінде Достас­тық­қа қатысушы мемлекеттердің басшылары ТМД елдерінің ын­ты­мақ­тастығын дамыту мәселелерін талқылады. Қара теңіздің жағасындағы Ялта қаласына пойыз жүрмейді, ұшақ ұшпайды. Бұрын да солай еді, қазір де солай. Оған тек Қы­рым автономиялық республика­сы­ның орталығы – Симферополь немесе Севастополь қалалары арқылы автокөлік және теңіз жо­лымен баруға болады. Біз, жур­налистер Ялтаға Симферопольден автокөлік жолымен бардық. Жергілікті тұрғындардың айтуын­ша, Кеңестер Одағы кезінде Ялтадан теңіз жолы арқылы Су­ху­ми, Батуми, Сочи, Варна, тағы басқа қалаларға көлік тұрақты қатынап тұрған. Бірнеше жылдан бері Ялта порты осы бағыт­тар­да­ғы көлік қатынасын қайта жан­дандыра бастапты. Қазірдің өзін­де Ялтадан теңіз жолы арқылы Ыстамбұл, Одесса және Новорос­сийск қалаларына да жетуге бо­лады. Жалпы, Қырымның бүгінгі тыныс-тіршілігі енді-енді дамуға бет алғандай. Ауқымды жобалар да дайындалған екен. Енді соларды жүзеге асыру керек. Ол ірі инвес­торсыз, қомақты инвес­тициясыз жүзеге аспайтыны белгілі. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.