• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Алматы облысында дәстүрлі садақ атудан «Елік сай» турнирі өтті

20 рет
көрсетілді

Қазақ халқының бай мұрасының бірі – дәстүрлі садақ ату өнері бүгінде қайта жаңғырып, ұлттық спорт ретінде қарыштап дамып келеді. Соның айқын дәлелі ретінде күні кеше ғана Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының маңындағы «Елік сайда» ұйымдастырылған ауқымды ашық республикалық турнирді атап өтуге болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұндай жарыс бұрын-соңды Қазақстанда болмаған. Былтыр «Елік сай» демалыс орнының басшысы, ұлттық өнеріміздің жанашыры, спорт саңлағы Айбек Құденовтің бастамасымен аталған турнирдің тұсауы кесілді. Осы дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне «Мергендер Ордасы» дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Мұхтархан Абаған, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас және тағы да басқа азаматтар барынша үлес қосып, қолдау көрсетті. Жарысқа отандық спортшылардан бөлек, шетелден келген садақшылар да қатысты. Атап айтқанда, Қырғызстан мен Ресейден құралайды көзге атқан мергендері өз шеберліктерін паш етті. Бәсекелер 3D нысаналар, «қалқан» және «пута» нысаналары бойынша өткізілді.

«Елік сай» этноауылында ұйымдастырылған жарысқа биыл Қазақстанның бірқатар аймағы және Өзбекстан мен Қырғызстанның мергендер бақ сынады. Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Танатаров аудан әкімі Нұрлан Ертас, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, еркін күрестен Азия кубогінің иегері Берік Деңгелбаев және басқа да құрметті спорт қайраткерлері мен ел спортына елеулі еңбек сіңірген ардагерлер осы жарысты арнайы келіп тамашалады.

Айым Тілепберген: Дәстүрлі садақ ату – дәлдік пен байсалдылық спорты

Қатысушылардың жалпы саны 200 адамға жуықтады. «Пута» нысанасында әйелдер арасында Батихан Айкөркем (Астана) алтыннан алқа тақса, ерлер сайысында Мұрат Лұқпановтың (Батыс Қазақстан) мерейі үстем болды. «Қалқанда» да Мұрат мерген алдына жан салмады. Екінші алтынды Батыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Әсемгүл Ғалымжанова олжалады. Әсемгүл «жамбыда» да жеңімпаз атанды. Ерлер сайысында Жайық жағалауынан келген Оразай Қайырсалин озды. Бірінші орын алған мергендерге 150 000 теңгеден табыс етілсе, екінші және үшінші орынды еншілегендер 100 000 мен 50 000 теңгенің сетртификатына ие болды.  

– Дәстүрлі садақ ату – тек спорт қана емес, ол ата-бабадан қалған асыл мұра, ұлттық рухтың айнасы. Осындай жарыстар арқылы бұл өнер жаңғырып, жас ұрпақтың отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметі артатыны сөзсіз. Турнирдің басты мақсаты – дәстүрлі садақ атуды дамыту, оның аясын кеңейту, жастарды ұлттық спортқа баулу және салауатты өмір салтын насихаттау. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ұлттық спорттың мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп жатыр, – дейді осы шараны ұйымдастырушы Айбек Кеңесбайұлы.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, «Елік сайдағы» жарыс спорттық бәсеке ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды алаңына айналды. Осы сапар барысында қатысушылар мен көрермендер қазақтың дәстүрлі садақ ату мәдениетімен тереңірек танысып, оның тәрбиелік мәні мен рухани маңыздылығын толықтай сезінді. Алдағы уақытта аталған жарыстың жағрапиясын кеңейтіп, бұдан да жоғары деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.  

Соңғы жаңалықтар