Кеше «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен «Эйр Астана» АҚ өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасты. Осы меморандум аясында «Эйр Астана» компаниясының әуе кемелері ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми әуе тасымалдаушысы» деген эксклюзивті мәртебеге ие болды.
Меморандумға қол қою рәсіміне арналған салтанатты отырысты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ашып, жиналғандарды екі компания арасындағы ынтымақтастық байланыстың одан әрі нығаюымен құттықтады. «Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» компаниясына еліміздегі барлық ұлттық компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істеуі туралы кешенді міндет қойды. Осыған байланысты біз барлық ұлттық компаниялармен ортақ мақсат жолында тығыз ынтымақтастық байланысқа шықтық. «Эйр Астана» Қазақстандағы ең ірі әуе тасымалдаушысы болып табылады. Бүгінгі меморандум – біздің бұл компаниямен ынтымақтастық аясында жасаған алғашқы шарамыз. Әуе компаниясының көмегімен біз ЭКСПО-2017 сынды ірі ұлттық жобаны бүкіл әлемде ілгерілетуге мүмкіндік аламыз», – деді Ахметжан Есімов өзінің кіріспе сөзінде.
«Біз «Эйр Астана» ұшақтарының борттарында «ЭКСПО-2017» логотипін орналастырып, әуе компаниясының басшылығымен халықаралық көрмені насихаттауға арналған бірлескен жоспарымызды әзірледік. Екі компания арасындағы бұл ынтымақтастық Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық сахнадағы имиджіне жемісті ықпал етеді. Сонымен бірге, осы ынтымақтастық аясында «Эйр Астана» компаниясының әуе кемелерімен Қазақстанға келген тұлғаларға және әуе компаниясының транзиттік жолаушыларына 2017 жылғы көрмеге тегін билеттер ұсынылатын болады», – деп атап көрсетті өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы.
Өз кезегінде «Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-пен жасалып отырған бұл ынтымақтастық меморандумы әуе тасымалдаушысының халықаралық алаңда беделінің артуына ықпал ететіндігін атап көрсетті. «Алдағы ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болғандықтан, энергетика саласындағы инновациялық шешімдерге және бұл жобалардың қоршаған ортаға тигізетін әсеріне басты назар аударылатын болады. Біздің компанияда қоршаған ортаны барынша қорғауға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Дәл осы себепті біз жақында Парижде өткен көрмеде NEO тобына жататын Airbus А320 ұшағын сатып алуға ниетті екенімізді мәлімдедік. Бұл ұшақтардың қозғалтқышы ауаға шығарылатын зиянды заттардың мөлшерін 15 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Біздің компаниямызда NEO лайнерлерін енгізу 2016 жылы басталады. Жаһандық ауқымда ерекше маңызды оқиғалардың бірі ретіндегі ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық қызу қарқынмен жүргізілуде. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне келетін қонақтарға «Эйр Астана» әуе қақпасының айқара ашылар сәтін асыға күтудеміз», – деді Питер Фостер.
Салтанатты рәсімде «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостер екі компания арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Осы меморандум аясында expo2017astana.com веб-сайтында автоматтандырылған брондау жүйесін енгізу және екі компания бірлесіп PR-науқанды өткізу мәселелерін белгілеу жоспарланып отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».