Реданг аралының таңғажайыптары
Түс ауа біз Куала Теренггану қаласының теңіз айлағына келіп, кемеге отырдық. Бағытымыз – Реданг аралы. Бұл Теренггану штатына қарасты Taman Laut Pualu Redang паркіне кіретін тоғыз аралдың бірі екен.
Мінген кемеміз үлкен-ақ. Үстіңгі палубадан басқа төменде жабық екі каюта-залдар бар. Олардың барлығына бірнеше қатар жұмсақ орындықтар орналастырылған. Кеме-автобустың бортына жүзден астам адам мінді. Бұл жергілікті тұрғындарды аралға таситын ең тиімді көлік екен. Жабық каютаға жайғасқаннан кейін, біраз уақыт едәуір жаурай бастадық. Өзімізбен бірге ала шыққан жылы киімдерімізді киюге тура келді. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Малайзияда кондиционер атаулы күшті жұмыс істейді. Жабық кеңістікке кірсең болды, үй ме, автомобиль ме, ұшақ па, кеме ме түгелдей дерлік кондиционерлермен жабдықталған. Малайзияның тұрмыстық кондиционер шығарудан әлемде бірінші орын алатындығын амалсыз мойындайсыз.
Куала Теренггану қаласынан шыққаннан кейін теңізде тоқтаусыз екі сағат жүзіп, Реданг аралына жеттік. Аралдың жағалауы тегіс ұлпа мамықтай құм. Бейнебір құм емес жұмсақ түкті кілемнің үстінде жүргендейсің. Сондықтан да болар, арал жағалауы толы курорттың көкесі. Жұлдыздар жарысына түскендей неше түрлі жұлдызды қонақүйлер. Біз жеке-жеке коттедж түрінде салынған төрт жұлдызды Redang Island атты қонақүйге түстік. Қонақүйдің атқарушы менеджері Ризал Якоб бізді қарсы алып, қонақжайлылық танытты. Біз дереу Ризал Якобты әңгімеге тартып, Оңтүстік Қытай теңізінің ортасындағы Реданг аралының жәй-жапсарын сұрай бастадық.
Оның айтуынша, бұл аралдың ұзындығы 7 шақырымнан, ені 6 шақырымнан асады екен. Ол Реданг теңіз паркіне қарасты 9 аралдың ішіндегі үлкені көрінеді. Аралдың шығыс жағалауын Teluk Dalam, Teluk Kalong сияқты әсем бұғаздар алып жатыр. Бұл аралдағы демалыс орындарының ішіндегі ең ірісі Taaras Beach & Spa Resort (қысқаша Taaras) курорты көрінеді. Аралдың ұшақ қонатын өз әуежайы бар. Сонымен бірге, бұнда жергілікті тұрғындар тұратын ірі деревня орналасқан. Бұл деревняда тұратын тұрғындардың негізі бугис деген халық көрінеді. Олар осыдан бірнеше ғасыр бұрын Индонезияның Сулавеси аралынан келіп осында қоныстанған екен. Өткен ғасырдың ортасында олар Оңтүстік Қытай теңізінде орналасқан ірі Пинанг аралына қоныс аударыпты. Бірақ 1970 жылдардың басында жердің жетіспеуіне байланысты Пинанг тұрғындарымен сиыса алмай қайтадан осы Реданг аралына тұрақтапты. Қазір осы халыққа қарасты бірнеше жүз тұрғындар Реданг аралындағы жалғыз Кампунг атты елді мекенде тұрады. Деревня тұрғындары негізінен балық аулаумен және мал өсірумен айналысады. Соңғы уақытта жергілікті тұрғындар аралдағы жылдан-жылға көбейіп бара жатқан курорттарда қызмет көрсету саласында көптеп еңбек ететін болды.
Ризал Якобтың бұл аралда еңбек етіп жүргеніне оншақты жылдың жүзі болыпты. Сондықтан арал тарихын жетік біледі екен. Оның айтуынша, Реданг аралындағы алғашқы курорт 1980 жылы бой көтеріпті. Содан бергі жылдар ішінде бұл аралда бірнеше жаңа курорттар салынып, туристердің ең көп келетін орнына айналған. Бұл аралдың атағының кеңінен жайылуына әйгілі «Жазғы каникулдар» кинофильмі себепкер болыпты. Бұл фильмнің негізгі оқиғалары осы аралда түсірілген екен. 2003 жылы Berjaya Group компаниясы Реданг аралында әуежай құрылысын салып, 2004 жылдан бастап Куала Лумпур – Реданг бағытындағы ұшақтарды қабылдай бастаған. Қазір мұндағы әуежайдан Сингапурға дейін тікелей ұшақ ұшады.
Реданг аралындағы атақты демалыс орны жеті жұлдызды қонақүйлері бар Taaras курорты болып табылады. Taaras қонақүйлерінің бөлмелерін аралағанда, бейнебір патша сарайында жүргендей әсер алдық. Соған сәйкес бағасы да біршама көрінеді. Сондықтан Taaras курортындағы қонақүйлерге қалталылардың ғана қолы жететін сыңайлы. Осы қонақүйді аралап келе жатып, орысша сөйлейтін жас менеджерді жолықтырдық. Өзін Шерзода деп таныстырған сұңғақ бойлы, көркіне көз тойғысыз әсем жігіт Тәжікстан азаматы екен. «Малайзияға келгеніме бес жылдың жүзі болды. Осыдан үш жыл бұрын арнайы конкурсқа қатысып, осы Taaras қонақүйіне кезекші ресепшн қызметі үшін арнайы конкурсқа түсіп, қызметке орналастым. Бүгінде жеті жұлдызды Taaras қонақүйінің жетекші менеджері болып қызмет істеймін. Туғандарым Тәжікстанда және Мәскеуде тұрады. Бірнеше жыл бойы Мәскеуде жұмыс таба алмай уақытымды өткізіп алдым. Малайзияға келгеніме өкінбеймін, міне, нағыз малайзиялық азамат болдым», дейді қуанышы бетіне шыға күлімдеген Шерзода. Ол бізбен танысқанына қуанышты екенін білдіріп, Taaras қонақүйіне қазақтардың көп келетінін айтты.
Ертеңіне Реданг аралының жағалауларын бұлқына соғып жатқан Оңтүстік Қытай теңізін тамашалауға шықтық. Түнде теңіз суы көтеріліп, арал жағалауының біразын басып қалады екен. Таң ата су біртіндеп қайта бастайды. Міне, осы кезде көтерілген сумен бірге үйір-үйір теңіз балықтары жағалауға жақындайды. Балықтарға ілесіп қорек іздеген мұхиттың алып тасбақалары да жағалауға жақындайтын көрінеді. Дәл осы кезеңде, яғни енді ғана таң атқанда теңізге шыққан адам алып тасбақаларды көреді. Біз мінген қайық жағалаудан сәл ұзай бергенде, судың астынан үй орнындай қап-қара мақұлық жүзіп өтті. Сөйтсек, айнадай жалтыраған мөлдір судың асты балық үйірлерінің соңынан жүзген үлкенді-кішілі теңіз тасбақаларына толы екен. Бұл тамаша көріністі көріп, адам шын мәнінде табиғаттың қайталанбас құдіретін түсінгендей болады.
Содан кейін біз мінген қайық сағым жетер көк теңіздің ортасында тұрған ақшаңқан кемеге жақындады. Бұл бірнеше қабат каюталары бар үлкен катер екен. Оның иесі неміс азаматы көрінеді. Вильгельм атты бұл теңізшінің Малайзияға келгеніне жиырма жылдың жүзі болыпты. Содан бері ол өзінің осы катерінде өмір сүреді екен. Алып катердің ішінде адам тұрмысы үшін не керектің бәрі бар. Вильгельм осы катерін жалға беріп, қалталы туристерді бірнеше күнге тіпті, апталап ашық теңізге алып шығып қыдыртады. Катер екі адамдық бірнеше каютадан құралған. Әрбір каюта екі адамға арналған жататын орын, ас үй, демалыс бөлмесі және жуынатын бөлмелерден тұрады. Ол катерді жалға алатын туристердің қалтасына қарай екі адамнан он адамға дейін ашық теңізге ұзақ мерзімді саяхатқа алып шығатын көрінеді.
Реданг аралының жағалаулары Оңтүстік Қытай теңізінің Филиппин, Индонезия және Папуа-Жаңа Гвинея аймақтары қиылысатын «Маржан үшбұрышы» деп аталатын өңірге жатады. Мұнда теңіз балықтарының 80 пайызы өмір сүреді. Теңіз асты әлемінде балық түрлері мен олардың түстерінен көз сүрінеді. Сансыз бояуға малынған балықтар су астында лақша тулап, теңіз асты әлемін бояулар бәсекесіне түсіргендей. Реданг аралында орналасқан демалыс орындарының туристерге көрсететін әсерлі қызмет түрлерінің бірі су астында серуендеу арқылы осы бір сан түсті тіршілікпен таныстыру болып табылды.
Жылқыбай Жағыпарұлы,
«Егемен Қазақстан».
(Жалғасы бар).