АСТАНА. 14 мамыр. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық ардагерлерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтауды жалғастыруда. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері Бас қолбасшылығының басқармасы Тәрбие және иедологиялық жұмыстар бас басқармасының офицерлері соғыс ардагері, гвардияның жауынгері Анна Губареваны құттықтады. Ол ұшқыш Нүркен Әбдіров және Хиуаз Доспановамен бірге соғысқа қатысқан ардагер.
Әскерилер ардагерді сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыртпашылықтарға қарамастан Ұлы Жеңіс үшін жасаған ерлігіне алғыс білдірді.
«Біз әрдайым ардагерлеріміз туралы естелікті сақтап, олардың жасаған даңқты ерлігі туралы жас буынға айтып отыратын боламыз. Біз ата-бабаларымыздың қанымен келген бейбітшілікті сақтап, аға буын мен майданға қатысқан ардагерлердің жауынгерлік дәстүрін одан әрі арттыруға тырысамыз», - деп атап өтті Әуе Қорғаныс күштері Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар бас басқармасының аға офицері подполковник Әділ Қозыбағаров.
Анна Ивановна әскери қызметшілерге соғыс жылдары туралы, оның ішінде он сегіз жасында тыл еңбеккерлерінің жұмысшылар жасағына өз еркімен жазылғанын, ормандағы ағаштарды құлатып, окоптар қазғанын және танктерге қарсы тосқауылдар тұрғызғаны жайлы әңгімелеп берді. Ал 1942 жылы әскери комиссариатқа барып майданға аттанды.
Соғыс жылдары ол аэродромды қамтамасыз ететін 799-шы батальон құрамында шайқасты. Шермент, Гамбург, Кенисберг, Мальбург, Эльберн, Дюселдорф және Курляндия қалаларында орналасқан батальон У-2 және Ил-2 шабуылдаушы ұшақтарын қамтамасыз етумен айналысты.
«Біз нағыз қиын кезеңде әскери қызмет атқардық. Менің жадымда жан түршігерлік көріністер мәңгілікке сақталып қалды. Аэродромды инженерлік қызмет жасағының құрамында біз Шермент қаласында ұшақтарға қызмет көрсеттік. Кенеттен пәрменді бомбалау басталып кетті. Сол кезде көптеген жауынгерлер, жолдастарымыз жасырынып үлгерместен неміс бомбасының астында қалды», деп әңгімелейді ардагер ана.
Анна Ивановна қызмет өткерген батальон аты аңызға айналған ұшқыштар Леонид Беда, Нүркен Әбдіров, Хиуаз Доспанова, Алексей Маресьев, Александр Покрышкин, Иван Кожедуба, Анатолий Ефимовтерді ұшуларын қамтамасыз етіп, авиатехникаларға қызмет көрсетті.
«Сол кезеңдерде ұшқыштардың даярлығы «ұшу-қондыру» сияқты қысқа бағдарлама бойынша іске асырылатын. Әскерлерге ұшқыштар қажет болғандықтан олар өз кезегінде әуеде іс жүзінде жаттығуларды орындап, одан әрі шайқасқа аттанып отырған. Әр жауынгер өз мүмкіндігінен асыра барлық күшін сарп етіп көптен күткен жеңісті барынша жақындатуға тырысты», деп еске алады Анна Ивановна.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.