• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2015

Маңғыстау өңірінде қызыл кітапқа енген құстар қырылуда

3827 рет
көрсетілді

АСТАНА. 14 мамыр. Еліміздегі электр бағандарының басым бөлігі құстарды қорғау қондырғыларымен жабдықталмаған. Соның салдарынан қарасы сиреп кеткен құстардың жойылу қаупі төніп тұр. Бұл туралы 24.kz хабарлады. Маңғыстау даласына зерттеу жүргізген қазақстандық және ресейлік ғалымдар қызыл кітапқа енген құстардың жойылып біту қаупі төніп тұр деп дабыл қағуда. Ажал құшқан құстардан табиғатқа 18 миллион теңгеге жуық шығын келген. Маңғыстау жазығын дала бүркіті, қарақұс, ителгі, лашын, үкі секілді сирек кездесетін құстар мекендейді. Олардың басым бөлігі қызыл кітапқа енгізілген. Алайда соңғы жылдары осы бағалы құстар электр желілеріне түсіп, жаппай қырылуда. Бұған арнайы зерттеу жүргізген Қазақстан мен Ресей ғалымдары көз жеткізіп отыр. Зерттеушілер жазық даланы аралау барысында бағаналардың түбінде жатқан 123 құстың өлексесін тапқан. Табиғатқа келген шығын 17 миллион теңгеден асып жығылады. Орнитолог Марк Пестов: «Біз қызыл кітапқа енген үкінің өлексесін таптық. Құс электр бағанына қонған кезде қысқа тұйықталу болып, бірден жерге құлаған. Қазақстанның заңы бойынша үкіні аулағандарға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал біз мұндай бағалы құстарды әр шақырым сайын кездестіріп отырмыз. Соның ішінде, тоққа түскен үлкен жыртқыш құстардың өлі денесі көп табылды» –.дейді. Айта кетейік, экологтар электр тарату мекемелерінің басшылығымен аталған мәселені бірігіп шешуге ниетті. Олардың пайымдауынша желілер талапқа сай жабдықталмаса, қызыл кітапқа енген құстар аңшылардың қолынан емес, электр бағандарының тоғына түсіп ажал құша бермек. Талғат Райымбек. Дерек, сурет: 24.kz.