АТЫРАУ. 14 мамыр. Жайық өзеніне құятын арналарда балықтардың қырылғаны анықталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы Александр Ивасенконың мәлім етуінше, балықтардың қырылғаны туралы дерек 12 мамырда белгілі болған. Алайда, Атыраудағы толассыз нөсер салдарынан сол күні оқиға орнына бару мүмкін болмаған. Ал кеше резерват мамандары мен инспекторлары аққайраң, мөңке және қаракөз балықтарының қырылуына не себеп болғанын анықтауға кірісті.
«Балықтар Жайық өзеніне құятын жіңішке арналарда қырылған. Олар нөсерден кейін көтерілген сумен осы арналарға өтіп кеткен. Оттегінің жетіспеуінен қырылуы мүмкін», – дейді Александр Ивасенко.
Мамандардың пайымдауынша, 2 тоннаға жуық қара балық қырылған. Өлген балықтардан және судан сынамалар алынды. Өлекселерді көму арқылы жою жүзеге асырылды.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.