Скандинавияның аспаны бөлек сияқты көрінді. Ұшағымыз Хельсинкиге қонған сәттен-ақ мұндағы тыныштық бірден сезілді. Әуежай ішінде де, пойызда да, көшеде де ешкім асықпайды. Даурығып сөйлескен адам жоқ. Барлығы өз ырғағымен өмір сүріп жатқандай. Әлемдегі ең бақытты ел атанып жүрген Финляндияға сапарымыз осылай басталды. World Happiness Report рейтингінде бірнеше жыл қатарынан көш бастап келе жатқан елдің тыныс-тіршілігін аз уақытқа болса да ішінен көруге мүмкіндік туды. Мұнда жұмыссыздық деңгейі төмен, жалақы жоғары. Білім мен медицина тегін. Әлеуметтік қолдау жүйесі тұрақты. Бірақ финдердің бақыты тек осы көрсеткіштерден ғана құралмайтындай әсер қалдырады.
Қарапайым халық, ерекше өмір
Бұл елде адамның жүйкесін жұқартатын артық шу аз. Қалалары жасыл желекпен көмкерілген. Табиғатқа ұқыпты қарау күнделікті мәдениетке айналған. Ал цифрлық технология саласында Финляндия тіпті болашақпен қатар өмір сүріп жатқандай. 6G байланысы, кванттық технологиялар, ғарыш индустриясы – мұның бәрі бұл жерде жалаң ұран емес, нақты іске айналып үлгерген.
Финляндия Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған пресс-турдың мақсаты – осы тәжірибені көрсету. Әлемнің әр түкпірінен жиналған он журналист Хельсинкиде бас қостық. Қазақстан, Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, АҚШ, Мексика, Аргентина, Сенегал мен Мозамбиктен келген әріптестермен бірге фин қоғамының түрлі қырын аралап көрдік.
Он сағаттық жолды артқа тастап, таңғы сағат 11.00-де Хельсинки әуежайына қондық. Ұйымдастырушылар күтіп алмайтындарын алдын ала ескертіп, қала орталығына қалай жету қажеттігін түсіндіріп берген. Әуежай Ваанта қаласында орналасқан. Шыға сала пойызға билет алып, Хельсинки теміржол вокзалына 25 минутта жетіп бардық. Пойызға мініп, жайғасқан соң қарама-қарсы отырған орта жастағы фин әйелмен әңгімеміз жараса кетті. Оның Ослодан ұшып келген сәті екен. Ширек ғасыр бұрын отбасымен Норвегияға көшіп кеткен, ең үлкен әпкесінің үйіне қонаққа келе жатқан беті екен. Жылына бір рет Хельсинкиге келіп тұратынын айтты. Ағылшын тілінде еркін сөйлеп тұр. Жалпы, фин халқының басым бөлігі ағылшын тілін меңгерген. Бұл елде фин және швед тілі қатар қолданылады. Алайда қазір жергілікті тұрғындар тек фин тілінде, қажет болған кезде ағылшын тілінде ғана сөйлейді. Швед тілін саналы түрде қолданбай, біртіндеп ысырып жатқан сыңайлы. Аз-кем әңгімелескен соң, фин әйелі сәттілік тілеп, Tikkurila стансасынан түсіп қалды.
1919 жылы ашылған Хельсинки вокзалы ерекше скандинавиялық модерн стилінде тұрғызылған. Жалпы қаладағы ғимараттар, тұрғын үйлер классицизм, функционализм және модернизм стильдерін үйлестіре отырып салынған. Эстетика басым, өзге Еуропа елдеріне ұқсамайды.
Пресс-турдың алғашқы күні, әрине, таныс-білістен басталды. Финляндия СІМ қызметкерлері Хелена Хакари мен Дженна Нейлик Хельсинкиді біраз аралатып, ұлттық тағамдарын әзірлейтін мейрамханада кешкі ас ұйымдастырды. «Sunn» мейрамханасының дастарқан әзірлеп қойған бөлмесіне кіре бере еденге төселген және қабырғаға ілінген кілемдер бірден көзге түсті. Өзімізге таныс дүние болған соң таңырқай қойған жоқпыз, алайда фин халқының да қабырғаға кілем ілетіні қызығушылық тудырды. Шетелдік әріптестерге бұл тіпті таңсық, олардың көбі жерде жаюлы тұрған кілемді ковролан деп қабылдады. Бір-бірімізді «жатырқап» болған соң, әңгіме қызған уақытта кілемдерге зер салып, сұрастырсақ: «Қазір халық бұл «қасиеттен» арылған, десе де ауылдық жерлердегі тұрғындар үй ішіндегі қабырғаға әлі де кілем іліп қояды, бұл – бұрыннан келе жатқан үйді безендірудің бір көрінісі», деді Дженна Нейлик.
Финдіктердің негізгі тағамы – лосось балықтары, оның ішінде ақсеркеден әзірленетін тағамдар. Балықтан негізгі ас, сорпа, салат әзірленеді. Олар бұқтырылған, қуырылған, ысталған, грильде, сондай-ақ ашық отта сан түрлі әдіспен әзірленіп, ұсынылады. Жалпы, фин тағамдары әртүрлі, мәселен, сиыр, шошқа және қой еттерін бір қазанда пісіріп, дәмдерін үйлестіре отырып бұқтырма секілді бір тағам әзірлейтінімен ерекшеленеді. Сондай-ақ ет пен балық (kalakukko), балық пен сүт немесе сүт тағамдарының (salmon soup) қоспасынан дайындалады. Осы күні бізге балықтан әзірленген тіскебасар мен қой етінен дайындалған ас ұсынды.
Жалпы, фин халқы фаст-фуд тағамдарына әуес емес, дұрыс тамақтануды берік ұстанады. Хельсинки көшелерінде KFC, McDonald’s, Burger King секілді әлемде кең таралған тез тамақтану орындары өте аз, бұлар сауда орталықтарының кейбірінде ғана бар. Көбіне мейрамхана, дәмхана, кофе ішетін жерлері жергілікті кәсіпкерлердікі, корей, жапон секілді Азия халықтарының асханаларын да кездестіруге болады.
Дұрыс тамақтануға басымдық беретіні фин халқының дене бітімінен, тамақтану мәдениетінен бірден байқалды. Біз кездестірген финдіктердің арасында артық салмақты адам көрмедік. Тұрғындары асықпайды, барлығы дерлік салмақты ма дерсің, жұмысы болмаса көшеде ерсілі-қарсылы да жүре бермейді.
Мәселен, Хельсинкидегі Aalto университетінің асханасынан түскі ас іштік. Тағам сөресінде ыстық тағамдармен бірге түрлі көкөніс пен жеміс-жидекке таңдау көп. Бірде-бір дайын ас (фаст-фуд) жоқ. Есесіне бөлек үстелде нанның бірнеше түрі мен сары май қойылған, кез келген түрін қалағанынша алып жей береді, алайда бір-екі тілім нанмен шектелетінін байқадық. Нанның өзі глютен, глютенсіз, сүт те лактоза, лактозасыз деп бөлінген. Бұл – дұрыс тамақтануға мән берген адамға таныс дүние. Біз секілді сүтті шай ішеді, фин кофесінің дәмі өзгеше екенін де айта кетейік. Халқы қонақжай, сусын, тіскебасарларын дайындап қарсы алады, тәжірибелерімен бөлісуден тартынбайды.
Әлемге аты таныс фин моншасы біздегіден тіпті бөлек. Үлкен темір пештерін ағашпен қыздырады. Финдер – жалпы монша мәдениетін қалыптастырған халық. Хельсинки тұрғындары Балтық теңізінің жағасындағы Löyly ауданында орналасқан саунаға арнайы уақыт бөліп келеді. Мұнда теңіз өнімдерінен ас мәзірін әзірлейтін мейрамхана бар, осында бізге өздерінің ұлттық Salmon soup тағамын ұсынды, бұл орын «Әлемдегі ең керемет 100 орын» тізіміне енген.
Халық салыққа жауапкершілікпен қарайды
Іс-шараның ресми бөлімі екінші күннен басталды. Біз барған алғашқы нысан – Финляндияның Sitra инновациялық қоры (The Finnish Innovation Fund Sitra). Бұл – фин Парламентінің тікелей бақылауымен жұмыс істейтін тәуелсіз қоғамдық қор. Sitra негізінен Финляндияны реформалауға көмектеседі. Алдағы сын-қатерлерді саралап, серіктестермен бірлесіп шешімдер әзірлейді. Бұл елдің әл-ауқатын арттырып, тұрақты экономикалық өсімді жеделдетуге көмектеседі. Мәселен, қазір «Sitra» экономикалық өсімді тұрақтандыру мәселесімен қатар, деректер мен жасанды интеллектіге назар аударып жатыр.
«Sitra орталық үкіметтік ұйымға жатпайды, бұл жанама мемлекеттік әкімшіліктің бөлігі ғана. Біз жұмысымызды инвестициялық кіріс арқылы қаржыландырамыз. ЖИ дәуірі енді ғана басталды. Халық арасында зерттеу жүргіздік, финдердің көбі елдің қоғамдық өміріне сандық технологиялар арқылы қатысқысы келеді», деді Қордың коммуникация және қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі Самули Лайта.
Бұдан соң «Supercell» ойын компаниясымен таныстық. 2010 жылы іске қосылғаннан бері ол әлемдік нарыққа Hay Day, Clash of Clans, Boom Beach, Clash Royale, Brawl Stars сияқты онлайн ойындар шығарған. Хельсинкидегі бас ғимараттан өзге Сан-Франциско, Лондон, Сеул мен Шанхай қалаларында кеңселері бар. Компания қызметкері Фрида Йоханссонның айтуынша, ойын аудиториясы айына 290 млн адамды құрайды, 7 млрд адам осы ойындардың қосымшасын жүктейді. 45 ұлттың басын қосқан компанияның 900-ден аса қызметкері бар. Мақсаты – адамды жалықтырмайтын, өміршең ойын түрлерін жасау.
Компанияға көршілес орналасқан Зиянды бағдарламалар өнері мұражайына (Museum of Malware Art) да соға кеттік. Онда цифрлық әлемнің қараңғы тұстарын, яғни кибершабуылдар мен зиянды бағдарламалардың жеке тұлғаларға, компаниялар мен қоғамға тигізген кері әсерінің тарихы дисплей экрандарға шығарылып қойылған. Елімізге компьютер алғаш келіп жатқан кезде экранға түрлі-түсті төртбұрыштар шығып, компьютер не қосылмай, не сөнбей қатып қалатыны есте шығар, сол вирус қазір осы мұражайда тұр. Тақтайшадағы анықтамасында «Вирустың аты Ленинград, 1990 жылы желтоқсанда Кеңес одағында табылған. Ол іске қосылған кезде түрлі-түсті таңбалар экранды толықтай жауып тастайды. Содан кейін компьютерді қайта қосу қажет», деп жазылған. Мұндай ерекше мұражай осы Хельсинкиде ғана бар.
Түстен кейін Қаржы министрлігінің Салық әкімшілігін бетке алдық. Бірнеше қызметкер презентация жасап, салықшылармен қарым-қатынас жасау секілді тәжірибелерімен бөлісті. Әкімшілік менеджері Катри Риеккиненнің айтуынша, бюджетке жыл сайын салықтан 50 млрд еуродан аса қаржы түседі. Өзге Еуропа елдерінде секілді Финляндияда да салық жоғары, халық жалақысының тең жартысын салыққа береді. Алайда жеке тұлғалар, бизнес, корпорация, коммерциялық емес ұйымдар салық төлеуден жалтармай, оның қоғам үшін маңызын түсінетінін айтады қызметкерлер. Катри Риеккинен елде жемқорлықтың жоғын да сөз арасында айтып қалды. Осы үшін де салық төлеушілер жоғары салықтан жалтармай, билікке сеніммен қарайтыны анық.
Спутниктік стансасы бар университет
Хельсинкидегі үшінші күн де кездесулерге, қарбаласқа толы болды. Қала орталығындағы Кансалайстори алаңында (Kansalaistori square) орналасқан Ооди Хельсинки орталық кітапханасын аралап, Аалто университетіне (Aalto University) бардық. Университеттің ғарыш зертханасымен таныстық. Қазір Финляндия заманауи ғарыш индустриясының отанына айналып келеді. Зертхана жетекшісі Яан Пракс студенттерімен бірге 2017 жылы Финляндияның алғашқы Aalto-1 наноспутнигін жасап, орбитаға ұшырды, бұл елдің ғарыш қызметіндегі маңызды кезең болды. Қазір Финляндияда микроспутниктер шығаруға мамандандырылған бірнеше коммерциялық компания бар. Aaлто университетінің өзінің жерүсті спутниктік стансасы бар. Онда студенттер орбитаға ұшырылған Foresail-1 Prime мен Aalto-3 ғылыми спутниктерін басқарады.
Аалто университеті – Финляндияның ғарыш технологиясы бойынша магистратура және PhD бағдарламаларын ұсынатын жалғыз жоғары оқу орны.
«Бізге математика, радиотехника, кванттық технология, физика, антенна инженериясы, жасанды интеллект, сонымен қатар халықаралық бизнес, менеджмент пен дизайн мамандары қажет. Сектордың өсуі мен әртараптануы барлық маманға деген сұранысты арттырып отыр. Ғарыш саласының ең ұтымды тұсы да осы, түрлі сала мамандары осы жерде жұмыс істей алады», дейді Яан Пракс.
Зертхана жұмысының қыр-сырымен таныстырған студенттермен әңгімеміз университет асханасында түскі ас кезінде жалғасты. Олар компаниялардың тиімді стартап жобаларын қаржыландыруға асық екенін айтады. Осылайша, талантты студенттердің арқасында Финляндия ғарышты да зерттеп жатыр.
Түскі үзіліс кезінде Финляндия Сыртқы істер министрі Элина Валтоненнің қабылдауында болдық. Жарты сағатын бізбен кездесуге арнаған министр сұрақтарымызға жауап берді. Парламент (Эдускунта) ғимаратының бірінші қабатын аралап көруге ғана рұқсат берілген. Оның тарихына үңілсек, ғимарат Финляндия тәуелсіздігі мен демократиясының рәмізі ретінде 1920 жылдардағы классикалық стильде салынған. Қасбеті граниттен жасалып, 14 коринфтік бағанмен безендірілген. Парламент ғимаратының жанында Финляндияның үш президенті К.Стольбер, П.Свинхуфвуд пен К.Каллио ескерткіштері тұр.
Министрмен кездесу аяқталған соң, Парламент ғимаратында көп бөгеле қоймадық, қарсы бетінде орналасқан Музыка холына (Musiikkitalo) экскурсия жасап, әрі қарай «ICEYE» фин аэроғарыш компаниясына келдік. Жабық лабороториясында микроспутниктерді әзірлеу жұмысымен таныстық. «ICEYE» компаниясы – 2014 жылы Аалто университетінің радиотехника факультетінен бөлініп құрылған мекеме. Ол әлемдегі ең үлкен және ең озық SAR (синтетикалық диафрагмалық радар) спутнигіне иелік етеді. Осы спутник арқылы қоршаған ортаны бақылап, төтенше жағдайларды алдын алуға көмектеседі. Компания қызметкері Дэймон Олломанның айтуынша, SAR технологиясы кез келген ауа райы жағдайында, тіпті қараңғы және бұлтты ауа райында да жоғары сапалы кескіндерді түсіре алады. Қазір «ICEYE» Польша, Ұлыбритания мен АҚШ-та кеңселерін ашқан. 2020 жылдан компания АҚШ-тағы өндіріс орындарының әлеуетін зерттеп, бағамдап келеді. Ал 2022 жылы Украина компанияның бір спутнигін сатып алыпты. Осылайша, Аалто университеті мен оның ғарыш мекемесі ел бюджетіне жыл сайын миллиардтаған доллар қаржы құйып отыр.
Мұғалімдердің беделі жоғары
Төртінші күні фин мектебі (Helsinki Normal Lyceum) мен технологиялық индустрия аймағына бардық. Фин мектебіне таңғы сағат 08.30-да кірдік. Іші тып-тыныш, бізді қарсы алған математика пәнінің оқытушысы Джани Кивихаржу мұғалімдер бөлмесін көрсетіп, 6-сынып оқушыларының сабағына алып барды. Оқушылар партада топтасып, емін-еркін отыр. Бірінде – кітап, бірінде – ноутбук. Класс іші AV проекторы, сандық ақ тақта, компьютер, Maker, STEAM құралдарымен жабдықталған. Осыған қарап, фин мектептері цифрлық құралдармен баспа материалдарын қатар қолданатынын түсіндік.
«Оқушылары кітап алып, дәптер ұстамайды, қарындаш, қаламмен жазбайды, қолдарында планшет қана», деген түсінік жоқ. Мектеп барынша цифрлық жүйеге көшкен. Алайда ол мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Оқу жоспарлары, сабақ кестесі секілді дүниелері – цифрлық форматта. Ал оқушылардың дәстүрлі білім алуы – мәтін, тапсырмаларды кітаптан оқып, дәптерге жазу дағдылары сақталған. Тіпті оқушылар парталардың бетін де қаламмен шимайлап тастаған.
Жоғары сыныптың ағылшын тілі сабағына қатыстық. Мектепте біркелкі форма жоқ, оқушылар еркін стильде киінеді. Сыныпқа кіреберісте қызыл жәшікке барлық оқушы текшелеп ұялы телефондарын салып, орындарына жайғасты. Сыныпта шамамен 20–25 оқушы. Амандасқан соң оқытушы сабақ барысын түсіндіріп, оқушыларға сәттілік тіледі. Екі-үш оқушыдан құралған топ жоба дайындап, оны сыныптастары алдында қорғау қажет. Үй немесе өткен сабақ тапсырмасы болуы керек, оқушылар қолдарына плакат ұстап тақтаға қарай шықты...
Сабақта оқушылар жалпы өздерін еркін ұстайды, бізге де аты-жөнімізді, қай елден келгенімізді айтқызып, сұрақтарын қойды.
Толықтай цифрланған фин мектебінің білім беру әдісі – осындай. Олар мұғалімдерге баса назар аударады. Ұстаздардың жұмысын барынша жеңілдетіп, мотивация беріп, ынталандыруға күш жұмсайды. Мұғалімдерге жылына екі рет тренинг ұйымдастырады. Білікті ұстаздан, білімді шәкірт шығатынын финдіктер әлдеқайда түсінген.
Жалпы, Финляндия әлемдегі цифрлы мемлекетке қалай айналғанын елдің технологиялық салаларын қаржыландыратын Centennial қорының атқарушы директоры Антти Аарнио Хельсинки технологиялық индустрия аймағына барғанымызда айтып берді. Оның айтуынша, финдер цифрлық қоғамның негізін балабақшадан бастап құруға талпынады. Мәселен, олар балабақша мен мектепке дейінгі жастағы балаларға (4–7 жас) арналған математикалық іс-шаралар Math Buzz жобасы арқылы қаржыландырады. Математика пәні мұғалімдерінің кәсіби дамуына ықпал етеді. 2005 жылдан бастап шамамен 2 мың орта мектеп түлегіне математика пәнінен жүлделер табыстаған. Антти Аарнионың айтуынша, олардың мақсаты – оқушы, студенттердің қызығушылығын кәсіпкерлікке айналдыру. Аталған қор 2009 жылы Aalto университетінің студенттерінің стартап жобаларын қаржыландырған. Мәселен, қазір біз пайдаланып жүрген Wolt жеткізу қосымшасын осы университеттің студенттері жасап шығарған. Сондай-ақ көпке танымал «Linear», «Smartly.io», «Happeo «секілді компаниялар студенттердің бастамасымен құрылған. Осындай дарындыларды дер кезінде көріп, қолдау көрсеткен фин елі қазір цифрландыру саласында жетекші мемлекетке айналып отыр.
Финляндия халқының саны – 5,5 млн. Тұрғын саны аз болғандықтан бақытты елге айналып отыр деген де пікір қалыптасқан. Оның үстіне туу көрсеткіші жыл сайын төмендеп бара жатқан елдердің қатарында. Бұл бақытты елдің қазіргі бас ауыртар мәселесіне айналып отыр. Алайда бақыт деңгейі туралы дүниежүзілік баяндаманың авторлары тұрғындардың өзін бақытты сезінуін елдегі халқының санына байланысты екенін дәлелдей алмағанын айтады. Бақытты ел болудың кілті тұрғындардың жан басына шаққандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, саламатты өмір сүру ұзақтығы, бостандық, жомарттық және сыбайлас жемқорлықтың болмауы секілді көрсеткіште жатыр. Әрине, Скандинавия елдері, соның ішінде Финляндия халқы салыстырмалы түрде бақуатты тұрады. Бірақ әлемде қаншама бай ел бар, олардың барлығы скандинавиялықтар сияқты бақытты емес. Кез келген мемлекет фин секілді ізгі қоғам құруға мүдделі болуы қажет. Осындай оймен елімізге оралдық.
АСТАНА–ХЕЛЬСИНКИ–АСТАНА