• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

КӨКБАСТАУДАҒЫ ДҮБІРЛІ БӘЙГЕ

792 рет
көрсетілді

ЖЕТІСУЛЫҚТАР АСТАНА МЕРЕКЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЖАРЫС ЖАЛАУЫН ЖЕЛБІРЕТТІ ХХІ ғасырдың ғажайыбы – елорданың туған күнін облыстық ат спорты федерациясы республикалық “Бірлігіміз жарасқан!” акциясы ая­сында ұйымдастырып, “Тәуелсізд­і­гіміздің бойтұмары – әсем Астана” мерейі Жамбыл ауданындағы “Көкбастау” атшабарында жалғасты.Көк шалғыны мен қырмызы гүлі белден келетін белес-бел ақ жауын­нан соң түрлене түскен. Ауызды­ғы­мен алысқан қазмойын, тұлпар­лар­дың тізгінін тартқан шабандоздар дүбірлі сәтті асыға күткен. Жарысқа еліміздің барлық об­лыс­тарынан және Ресей мен Қыр­ғызстаннан 224 сәйгүлік қатысып, қалталы азаматтар тіккен 7 автокөлік сарапқа салынды. Көкбастаудың көкорай шалғын­ды белесіне жанкүйерлер әдеттегідей көп жиналып, дүбірлі сәттің шы­райын кіргізді. Төбеден бастап, етекке дейін ақшаңқан киіз үйлер тігілсе, ұлттық нақышпен өрілген бас­құры мен белбеуі, үзігі мен жел­бауы, шебер қолдан шыққан қы­зылды-жасылды тұскиіз бен текемет көз қызықтырады. Алғашқыдағы жарыс жолындағы топ бәйгеге 67 тұлпар қосылды. Бәй­ге десе делебесі қозатын халықпыз. Жел­мен жарысқан Қамбар ата түлі­гін құрметтеген көпшілік өз бай­ламдарын айтып, оған қиқу қосты. “Жүйріктен жүйрік озар жа­рысқанда” деп бекер айтылмаған. Бір-бірімен іркес-тіркес шыққа­ндар­дың бірте-бірте аралары алшақтай берді. Нәтижесінде, 15 шақырымдық топ бәйгеде алдына жан салмаған Шығыс Қазақстаннан келген Ізбасар пырағының бағы жанып, жүлделі болса, аузымен құс тістеген Жамбыл облысының Крисми тұлпары бұл жолы екінші орынды місе тұтты. Жылқыда да жылқы бар, қаза­­­наты бір бөлек, деген. Бәйгедегі құнан жарысының өзіндік орны бар. Содан да болар, атбегілер құлы­ны­нан бастап, бабы мен бағын сы­най­тын шағындағы осы додаға бір үміт, бір күдікпен ат қосады. Көкбастау жазығындағы жарыс елорданың тойы – елдің тойы екенін тағы бір қырынан танытып, 11 шақырымдық құнан бәйгеге қосылған 57 тұл­пар­дың арасынан Қарасай ауданының Жирені мәре сызығын бірінші бо­лып қиды. Ал, 9 шақырымға созы­л­ған жорға жарысында байқағаны­мыздай, ат спортының бұл түріне қо­сылатындар қатарының көп емес­тігі. Десек те, су төгілмес жорға жарысының өзіндік тәртібін қатаң сақтап, айналым сайын шабысынан жаңылмаған қордайлық Тахмина бірінші, Қырғызстаннан келген сәйгүлік екінші орыннан көрінді. Жанкүйерлер тағатсыздана күт­кен аламан бәйге де басталды. Ат­ша­бар алаңы музыка сазымен өріліп, 21 шақырымдық жарыс жолына шыққан­дардың мерейін тасытты. Кілең атағы алысқа кеткен тұлпар­лар мен пырақтар. Осы мекендегі додалы бәсекеде әрдайым бапкерінің бағын жандырған тұлпарлар қатары да мол. Десек те, бәсекенің де жұл­дызды шағы болады. Бұл жолы қа­расайлық Болат Әбіш­ұ­лының Покері 79 аттан оқ бойы озып, мәреден жұлдыздай ағып өтіп, бас бәй­геге тігілген “Джип” автокөлігін иесіне сыйласа, соңғы айналымға дейін топ бастаған ілелік Зәкіт жүйрігі екінші, астаналық Инсулла арғымағы үшінші келді. Ұлттық ат спорты жарысында Қа­зақстан Республикасы ұлттық ойындар қауымдастығынын прези­денті Қайрат Сатыбалды сөйледі. – Арқадағы Астана мерекесін Жетісу жұрты ат шаптырып, көкпар тартып, дүркіретіп атап өтті. Же­ңімпаздар жеңістерін елордаға ар­нады. Жалпы, қазақта атпен бай­ланысты спорттың 50-ге тарта түрі бар. Бірақ, оның бәрі бірдей дамып отыр дей алмаймыз. Келешекте осы мәселелер ескерілетін болады, – деді ұлттық ойын жанашыры. – Сарыарқа төріндегі ұлттық рухтың бойтұмары – Астана Мем­ле­кет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың қолтаңбасы, ұшқыр идеясы мен жасампаз еңбегінің жемісі, – деген Жамбыл ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Жанат Тұрапов өз ойын әрі қарай былайша сабақтады. – Елор­даның симво­лын­дай болған Бәйтерек, “Қазақ елі” монументі, Керей мен Жәнібек хандарға арналған, басқа да тарихи тұлға­лардың айбынды ескерт­кіштері, сәулетті кешендері – елді­гі­міздің нышаны. Көпшілік қыз қуу, аударыспақ, теңге алу тәрізді ұлттық ойындарды тамашалады. Әңгімеге тартқан об­лыстық ат спорты федера­ция­сы­ның президенті О.Әмір­ға­лиев алдағы кезде мұндай іргелі істердің жалғасатынын жеткізді. “Өз­деріңіз тамашалағандай, көкпардан “Ақ бидай” ойындарының жеңім­па­зы, об­лыстық “Үшқоңыр” коман­да­сы темір тұлпардың кілтін алды. Дала театрына баланатын бәйгенің өтуіне ауа райы да оң ықпал етті”, деді. Осылайша Көк­бастаудағы дү­бір­лі бәйге мәресіне жетіп, Астана мерейін асқақтатты. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.