Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында 5,3 мың оқушының жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда еңбек етуге рұқсат берілген 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны 1,7 миллионға жетеді.
Министрліктің ақпараттық жүйелеріндегі деректерге сәйкес, бүгінде мыңдаған оқушы түрлі салада еңбек етіп жүр. Олардың басым бөлігі сауда, қоғамдық тамақтану, ойын-сауық және демалыс қызметтері бағытында жұмыс істейді.
Жасөспірімдер көбіне көгалдандыру жұмысшысы, курьер, даяшы, сатушы-кеңесші, аспаз көмекшісі және аниматор секілді қызметтерді атқарады. Министрдің айтуынша, бұл жұмыстар оқушылардың алғашқы еңбек тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша биыл 215 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.