• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2010

ОТАНЫМЫЗДЫҢ ЖАС МАТЕМАТИКТЕРІ

1106 рет
көрсетілді

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АҚЫЛ-ОЙ ЖАРЫСЫНДА 5-ШІ ОРЫННАН КӨРІНДІ Қазақ елі тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдар ішінде алдыңғы тол­қын елордада небір қиын түйіндерді шешу жолында келелі кеңес құрып, пә­­туалы байламға келіп, төрткүл дү­ниенің төрінен көрініп жатса, Ота­­нымыздың жас толқын мате­ма­тик­тері алғаш рет өздерінің қарым-қа­білетін танытып, Астанада өткен халық­аралық математикалық олим­пиа­дада Қытай, Ресей, АҚШ, Оң­түс­тік Корея секілді азуын айға бі­ле­ген мемле­кеттерден кейінгі бе­сін­ші орынға ие болды. Осы арада қа­зақ­тың тас шай­нап, мұз бүріккен жыр дүлдүлі Қасым ақынның (Аман­жолов) “Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы: Та­ни­­­сың ба сен мені. Мен – қазақтың ба­ласы!” деген өлеңі ойға оралып отыр. Жарты ғасырдан аса уақыттан бері өтіп келе жатқан бұл олимпиада елорданың туған күнінде ту көтерген еді. Бір жеті бойы 105 мемлекеттен бір мыңға тарта оқушы баптарына қарай, бақтарын сынаған болатын. 13 шіл­де­де Астанадағы Тәуелсіздік сарайында олимпиаданың қорытын­дысы шыға­рыл­ды. Оған Премьер-Министр Кә­рім Мәсімов, Білім және ғылым ми­нистрі Жансейіт Түй­мебаев, халық­аралық математи­ка­лық олимпиаданың консультатив­тік кеңесінің төрағасы Йозеф Пеликан бастаған ке­ңес мү­шелері, өзге де азаматтар қатысты. Алғашқы сөзді Премьер-Министр К.Мәсімов алып, жас білімпаздарды жеңістерімен құттықтады. Олимпиаданың абсолютті чемпионы атағын ең жоғары ұпай санымен жеңіп алған қытайлық оқушы Зи Пейге Астанадағы мәуелі Бәйтерек бейнеленген алтын медальді тапсырды. Ең үздік жас математиктерге берілуге тиіс 47 ал­тын, 104 күміс, 115 қола медальді алу бақытына ие болған білімді жастардың қатарынан табылған біздің оқушылар әлемдік деңгейдегі ой өрістерінің биік­тігін даласына сай қалықтап та, шарықтап та ұша алатын қыран тектес қалыбын танытқаны – еліміз үшін мерей, жұртымыз үшін жұлқынып айтар табыс екені анық. Енді сол білім жарысына үкілеп қосқан абыройлы 6 оқушы кім дегенге келер болсақ, алтын медальдің иегерлері Талдықорған қаласындағы №20 мектеп-ли­цей­дің оқушылары Қанат Сатылханов (математи­кадан сабақ берген мұғалімі – Н.Доскендірова, жаттық­тырушысы – С.Полянских) пен Нұрсұлтан Қажы­мұратов (математикадан сабақ берген мұғалімі – В.Корягина, жаттықтырушысы – С.Полянских), Алматы қаласындағы №34 мектеп-лицейдің оқушы­сы Денис Овчинников (математика пәнінің мұға­лімі, әрі жаттықтырушысы – О.Пак), күміс медаль иегерлері Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Рауан Рахмет (математика пәнінің мұғалімі, әрі жаттықтырушысы – Муаммер Гюль), Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің оқушысы Медет Жанболатов (пән мұғалімі – Ж.Байсүйелова, жаттықтырушысы – Д.Есмұханов). Сол секілді халықаралық олимпиа­даның алғыс хатына ие болғандардың қатарында Алматы қаласындағы О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінің оқушысы Азамат Дүйсенбаев (пән мұғалімі, әрі жаттықтырушысы – Ғ.Соғам­баева) бар. Осындай биік нәтижеге жету жолында өзінің ерекше үлесін қосқан, Қазақстан құрам­а­сының ғылыми жетекшісі, белгілі математик ғалым Ержан Байсаловтың еңбегін де атап өткеніміз абзал. Елдің мерейін өсірген 6 жеңімпазымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің атынан жеделхат жолдапты. Онда Президенттің ХХІ ғасырды білім, ғылым ғасыры дегенін айта келіп, сол үдеден шығу жолында үлкен құлшыныспен талаптанып жүр­гендерін, мына жетістік тәуелсіздігіміздің 20 жыл­ды­ғына тартар тартулары екенін айтқан. Алдағы уа­қытта Отандарына адал қызмет етуге әзір екен­діктерін жеткізіп, бір кездері осындай халықаралық деңгейдегі білім жарысы қазақ топырағында да өтсе ғой деп армандағандарын, енді сол арманның орындалғанын, төрт құбыладан келген мыңға тарта оқушының тәуелсіз елі­міз­бен танысу кезінде өздерінің оларға жан-жақты мә­лімет беру арқылы танысып, табысқан­да­рын алға тартыпты. Сіздің жүр­гізіп отырған салиқалы саясаты­ңыз­дың арқасында, зор қамқор­лық­тың нә­тижесінде осын­дай би­ік дәре­жеге жетіп отыр­мыз. Оның үстіне олимпиа­даның ашы­луы Астана тойымен ұшта­сып келуі де біздің ын­та­мызды арттырып, намы­сымызды қам­шы­лады, жігерімізге жігер қосты, депті жедел хатта жүл­дегерлер. Бір жетіге созылған олим­пиа­да тек қана білім жарысы болып қоймай, алты құрлықтан келген оқу­шыларға ел мен жерімізді таныстырып, өрке­ниеттің көшіне қосылып, өңірге ғана емес, әлемге танымал мемлекет екенімізді дәйектедік. Оның үстіне ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет өткізілген бұл ақыл-ой жарысы Қазақ елінің қай жағынан да өресі жоғары екенін көрсетті. Сонымен, бірінші орынды – Қытай, екінші орынды – Ресей, үшінші орынды – АҚШ, төртінші орынды – Оң­түстік Корея, бесінші орынды – Қазақ елінің ко­мандалары иеленсе, қалғандарын өзге мемлекеттер бөлісті. Біз олимпиаданы ұйымдастыруға, білім бәй­гесіне ұмтылғандарды дайындауға жетекшілік жа­саған Ержан Байсаловты әңгімеге тартқанымызда: ел болып еңсе тіктегелі бері осындай олим­пиадаларға қатысып келе жатырмыз. Бұл жолғы жеңісіміз ерекше болды. Бұрынғы олимпиадаларда топ жарған Жапония, Иран сияқты елдердің оқу­шылары тиісті деңгейден көріне алмады. Есесіне, тәуелсіздігін алғанына 20 жыл бола қоймаған Қазақ елі бестікке ілінді. Шыны керек, Қытай, Ресей, АҚШ секілді елдердің қатарынан табылу зор мәр­тебе. Ендігі жерде бұл биіктен жоғары өрлемесек, төмендемеуіміз керек. Тек қана математика емес, әлемдік ғылымдардың көшбасында тұрған био­ло­гия, физика, химия, т.б. пәндер бойынша да өтетін жарыстарға қатысқанда осындай көрсеткішке қол жеткізіп, ел абыройын арттыруды ойластырғанымыз жөн. Дүние жүзінде өтіп жатқан алуан түрлі олим­пиадалық жарыстарға үміткерлерді дайындайтын республикалық “Дарын” ғылыми-практикалық орталығының заманға сай ұмтылыстарын, ұйым­дас­тыру жолындағы табыстарын бөле-жара айтсақ еш артықтығы жоқ, деді ғалым. Ал алтын медаль иегері Нұрсұлтан Қажымұратов білім жарысына дайындықтың жоғары дәрежеде болғанын айтып, өзінің осыған дейін үш олим­пиадаға қатысқанын, енді, міне, жүлдегер атанып отырғанын тілге тиек ете келіп, өткен жылы Герма­нияның Бремен қаласында болған олимпиадада Қанат Сатылханов екеуміз күміс жүлдені иеленсек, осы жолы Отанымыздың символына айналған Бәйтеректің суреті медальға ойып бастырылған алтын алқаны мойнымызға тағып отырмыз. Бұл жетістік болумен қатар, бізге зор жауапкершілік те жүктейді, дейді. Сонымен, әлемдік өре, азаматтық қарым жа­ғы­нан Отанымыздың мықты екенін танытқан жас ма­тематиктер елімізді ақыл-ой саласы бойынша дү­ниежүзілік шырқау шыңға көтеріп, қандай жарыста болсын  қабілеттен кенде де, кем де емес екенімізді осылайша дәйектеді. Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.