АСТАНА. 14 мамыр. Филиппин астанасы – Манилада аяқ киім фабрикасы отқа оранып, салдарынан 70-тен астам адам қаза тапты. Әлі бірнеше қызметкердің жағдайы белгісіз. Күйік шалған және әртүрлі жарақат алған 30-дан астам адам жергілікті ауруханаларға жеткізілді. Бұл туралы euronews.com хабарлады.
Әзірге өрттің шығу себептері анықталған жоқ. Алдын ала болжам бойынша, апатқа ғимараттың бас кіреберісіндегі дәнекерлеу жұмыстары себеп болуы мүмкін. Өрт сөндірушілер тілсіз жаумен 7 сағат бойы арпалысты.
Фабрика қызметкерінің айтуынша, алдымен жарылыс болған. «Бірінші жарылыстың қатты дауысын естідік. Кейін ғимараттан өрт шыққанын білдік. Бірден апат кезінде пайдаланатын есікке ұмтылдық. Өкінішке қарай, жоғары қабаттардағы әріптестеріміз қызыл жалынның құрсауында қалды», – дейді апаттан аман қалған әйел.
Өрт салдарынан ғимарат толығымен жанып кетті. Құрбан болғандардың кім екенін анықтау қиынға соғуда. Кейбірінің жанынан сағат, сақина, ұялы телефон сынды жеке заттары табылған. Мамандар сол арқылы опат болғандарды анықтап көрмек.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: euronews.com.