ПАВЛОДАР. 14 мамыр.Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық табиғат саябағының директоры Болат Рахметов пен бөлім басшысы Қасымтай Иманов ұлттық саябақтың Шонай ауылындағы штаб-пәтерінде кеңес өткізер алдында қамауға алынды. Бұл туралы pavlodarnews.kz дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталмыш хабарды Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Абай Дәулетқалиев растады.
«Расында осыдан екі күн бұрын осындай оқиға орын алды. Қолда нақты ақпаратымыз жоқ. Сондықтан ештеңе айта алмаймын. Директор Болат Рахметов пен бөлім басшысы Қасымтай Имановты құзырлы мекеме қызметкерлері алып кетті. Ал кеше бөлім басшысы босатылды», - деді ол.
Лауазымды тұлғаларды қамауға алу оқиғасының куәгері, ұлттық парк аумағындағы бір демалыс үйі директорының орынбасары агенттікке берген сұхбатында сол сәтте Болат Рахметов оларды туристік маусымның ашылуына дайындыққа арналған жиынға шақырған.
«Біз ұлттық парктің штаб-пәтері орналасқан Шонай ауылына сағат 14.30-да келдік. Біршама күтіп қалдық, жиналыстың басталатын түрі жоқ. Бір кезде Екібастұз өңірі бойынша жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік істер жөніндегі ауданаралық басқармасы мамандары келіп, құжаттарын көрсетті. Кейін парктің директорын қамауға алғандарын мәлімдеді. Ал демалыс орындарының басшыларын кабинеттердің біріне қамап, үш сағат бойы ұстады. Ашу білдірдік. Бізді кешке бір-ақ жіберді», деді куәгер.
Еске сала кетейік, Болат Рахметов мемлекеттік парктің директоры қызметін екі жылға жуық уақыт атқарды. Бұған дейін 10 жыл бойы Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.
Фарида Бықай.
Дерек, сурет: pavlodarnews.kz.