Еуропалық комиссия Цифрлық қызметтер туралы заңды (DSA) бұзғаны үшін қытайлық Temu маркетплейсіне 200 миллион еуро көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Еурокомиссияның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Еурокомиссияның мәліметінше, платформа заңсыз өнімдердің таралуына байланысты тәуекелдерді тиісті деңгейде анықтап, бағалай алмаған. Мұндай жағдай Еуроодақ елдеріндегі тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін.
«Құпия сатып алушы» әдісімен жүргізілген тексеру барысында бірқатар елеулі заңбұзушылықтар анықталған.
зарядтағыш құрылғылардың едәуір бөлігі қауіпсіздік бойынша негізгі сынақтардан өтпеген; көптеген балалар ойыншықтары қауіпті болып шыққан – олардың құрамында зиянды заттар болған немесе ұсақ бөлшектерге байланысты тұншығу қаупін тудырған.Сонымен қатар ЕО платформаның алгоритмдеріне де назар аударды. Реттеушілердің пікірінше, тауарларды ұсыну жүйесі мен инфлюенсерлер арқылы жарнамалау қауіпті өнімдердің таралуына ықпал етуі мүмкін.
Енді Temu бір ай ішінде заңбұзушылықтарды жою жоспарын ұсынуы тиіс. Осыдан кейін Еуропалық комиссия түпкілікті шешім қабылдап, талаптарды орындау мерзімін белгілейді.
Компанияның өзі айыппұлмен келіспейтінін және оны шамадан тыс көп деп санайтынын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұл – DSA аясындағы екінші ірі айыппұл. Бұған дейін X платформасына жарнама мен аккаунттардың ашықтығы жеткіліксіз болғаны үшін 120 миллион еуро көлемінде санкция салынған еді.
13 млн теңге айыппұл: Қазақстанда қандай гүлдерді жұлуға болмайды?