Елімізде 2023 жылы мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға білім беру гранттарын беру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында мерзімді әскери қызметін үздік аяқтаған жастар Ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен қатар оларға жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы төленеді. Бұдан бөлек, әскери кафедраға конкурссыз қабылдану мүмкіндігі қарастырылған. Осы мүмкіндікті қанша жас пайдаланды? Сарбаздарға грант беру бастамасы жастардың әскерге деген қызуғышылығын оята алды ма? Egemen.kz тілшісі бұл сұраққа жауап іздеп көрді.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары гранттық бағдарламаға қатысуға ниет білдіретін сарбаздар саны тұрақты өсіп келеді.
Бағдарлама іске қосылғалы 10 мыңнан астам сарбаз білім грантына ие болған. Гранттарды бөлу «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі.
«2025 оқу жылына мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға 2314 білім беру гранты бөлінсе, 2026 оқу жылына 2553 грант қарастырылған. Бұл гранттар Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметі арасында үлестіріледі.
Бағдарламаға еліміздің барлық өңірінен жастар қатысып жатыр. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарынан өтініш берушілер көп. Грант иегерлері көбіне IT-мамандықтар, инженерлік-техникалық бағыттар және ақпараттық қауіпсіздік салаларын таңдайды.
Талапкерлер арасында ең танымал жоғары оқу орындарының қатарында Astana IT University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бар», делінген министрліктің редакция сауалына берген жауабында.
Мемлекеттік күзет қызметі: Көктемде шақырылған сарбаздар ант қабылдады
«Әскер маған өмірлік бағыт берді»Түркістан облысы Түлкібас ауданы Мыңбай ауылының тумасы Балабек Дастан Досжанұлы мерзімді әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына грантпен түсіп, бүгінде студент атанып отыр. Ол әскердің өз өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтады.
Дастан Жамбыл облысындағы 75/263 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген. Әскерге аттанар алдында үш жоғары оқу орнын таңдағанымен, грантқа ие боламын деп нақты ойламағанын жасырмайды. Қызмет барысында жауынгерлік дайындық пен әскери құқық негіздері бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, үздік сарбаз атанған.
Қазір ол Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің 3-курс студенті. Болашақ мамандығы – спорт және туризм факультетіндегі алғашқы әскери дайындық бағыты.
«Грант алу үшін арнайы дайындалған жоқпын. Ешқандай емтихан тапсырмадым. Әскердегі жақсы көрсеткіштерімнің арқасында грант иегері атандым. Бұл жаңалықты естігенде ерекше сезімде болдым. Шынымды айтсам, олай болады деп күтпедім», дейді Дастан.
Оның айтуынша, әскер тек физикалық дайындық емес, адамның мінезін қалыптастыратын үлкен мектеп.
«Әскери ант қабылдаған сәттен бастап өз елімнің, отбасымның алдындағы жауапкершілікті терең сезіндім. Әскерде жүргенде тек дене шынықтырып қана қоймай, моральдық-психологиялық тұрғыдан шыңдалдым. Қандай қиындық болса да төзе білуге, табандылық танытуға үйретті. Әскер – өмір мектебі деген сөз бекер айтылмаған», дейді сарбаз.
Дастанның әскери салаға жақын болуына отбасының да ықпалы зор болған. Оның әкесі Кеңес әскері қатарында 1988-1990 жылдары Германия мен Польшада қызмет еткен. Атасы да кезінде Владивосток маңындағы Чита қаласында әскер қатарында болған.
Елімізде 1000-нан астам сарбаз грант иегері атанды: Толық тізім жарияланды
Ал туған ағасы Балабек Жеңісбек Досжанұлы – Қазақстан Қарулы Күштерінің офицері, майор шеніндегі әскери қызметкер. Қазіргі таңда ол Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімінде қызмет атқарып жүр.
Дастанның пікірінше, әскерден кейін берілетін білім гранттары көптеген жас үшін үлкен мүмкіндік.
«Қазіргі қоғамда көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан жастардың бәрі бірдей оқуға түсе алмайды. Кейбірі ҰБТ-дан сүрініп, кейін оқу туралы ойдан алыстап кетеді. Осындай жастар үшін әскердегі грант – үлкен мүмкіндік әрі жаңа жол. Әскери борышын адал өтеп, грантқа түсуге талпынуға болады», дейді ол.
Ол әскерден қашатын жастар туралы да өз ойын жеткізді.
«Ештеңеден қорықпай, әскерге барып келу керек деп ойлаймын. Себебі Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі кезеңде жастар елге деген жауапкершілікті сезінуі қажет. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, білім алып, ел дамуына үлес қосуға болады», дейді Дастан.
«Мақсатым – жоғары оқу орнына түсу болды»Қатардағы жауынгер Кенжебек Бақдаулет Бағдатұлы – Қостанай облысы Рудный қаласының тумасы. Қазіргі таңда ол Ұлттық ұланның Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін атқарып жүр.
Бақдаулет әскери қызметке 2025 жылдың маусым айында шақырылған. Оның айтуынша, қызмет барысында сарбаздар үшін тактикалық дайындық, атыс дайындығы, саптық және физикалық дайындық бойынша тұрақты сабақтар өткізілген.
«Мен барлық дайындықтар бойынша жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Соның арқасында 2026 жылдың сәуір айында «Сарбаз 2.0» бағдарламасының қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грантын жеңіп алдым», дейді сарбаз.
Ол әлеуметтік қамтамасыз ету бағыты бойынша білім алуды таңдаған. Әскери қызметі аяқталған соң туған жері Қостанайға барып, жақындарымен қауышуды жоспарлап отыр. Кейін Алматыға барып, университетке құжаттарын тапсырып, оқуын жалғастырмақ.
Бақдаулеттің бұған дейін арнайы орта білімі болған. Ол слесарь мамандығы бойынша диплом алғанын айтады. Соған қарамастан жоғары білім алуды армандап, әскерге де сол мақсатпен келген.
«Әскерге келгенде жоғары оқу орнына түссем деген арманым болды. Сол үшін саптық, тактикалық, арнайы, атыс және физикалық дайындықтардың бәрінде өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым», дейді ол.
Сарбаздың айтуынша, әскери қызмет барысында ай сайын қорытынды тексерістер өткізіліп отырған. Сонымен қатар 10 айлық қызметтен кейін «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында арнайы тест тапсырған.
«Тестілеу нәтижесінде 74 балл жинадым. Бізге төрт жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндік берілді. Мен алғашқы таңдауыма әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін қойған едім. Сол арманыма қол жеткізіп, оқуға түскеніме өте қуаныштымын», дейді Бақдаулет.
«Әскери қызметтің беделі артты»Подполковник Ерболат Әлжанов сарбаздарға білім гранттарын беру бағдарламасы жастардың әскерге деген көзқарасын өзгертуге оң ықпал еткенін айтады.
«Бұрын көптеген жас әскери қызметті тек міндет ретінде қабылдаса, қазір оны болашаққа мүмкіндік беретін маңызды кезең ретінде көре бастады. Әсіресе жоғары оқу орнына түсуге ниетті жастар үшін бұл – үлкен мотивация. Әскер қатарында адал қызмет еткен сарбаздарға грант беру – мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау. Бұл жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және Отан алдындағы борышты өтеуге ынталандырады. Сонымен қатар әскери қызметтің беделін арттыруға да әсер етіп отыр.
Бұл бағдарлама сарбаздардың қызметке деген ынтасын күшейтті. Қазір көптеген жас әскери бөлімдерге саналы түрде келіп, өз болашағын әскери қызметпен және біліммен байланыстырып жатыр. Олар бір жылдық қызметтің тек әскери тәжірибе ғана емес, сонымен қатар білім алуға жол ашатынын түсінеді.
Бағдарламаның тағы бір маңызды тұсы – әлеуметтік әділдік. Әскерде жақсы нәтиже көрсеткен, тәртіпті әрі жауапты сарбаздардың еңбегі ескерусіз қалмайды. Бұл өз кезегінде бөлімдердегі бәсекелестікті арттырып, жастарды өзін дамытуға жетелейді», деді ол.
Оның сөзінше грант беру бастамасы әскердің тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастар арасында патриоттық рухтың күшеюіне де ықпал етіп отыр.
Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше бағдарлама жастар арасында сұранысқа ие. Бүгінде жастар әскери қызметті тек азаматтық борыш ретінде емес, білім алуға және кәсіби дамуға мүмкіндік беретін әлеуметтік тетік ретінде қабылдай бастаған.
Әскердегі жаңа талап: Енді сарбаз қызмет барысында кемінде 5 кітап оқуға міндетті
Сонымен қатар ведомство бағдарламаны одан әрі кеңейту мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, гранттар санын көбейту, серіктес университеттер тізімін ұлғайту және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру жоспарланып отыр.
Дегенмен жоба аясында шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Министрлік жастар арасында бағдарламаның мүмкіндіктері туралы ақпараттандыруды күшейту, сұранысқа ие мамандықтарға бөлінетін орындарды арттыру және конкурстық іріктеудің цифрлық жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті.