Жуырда әлеуметтік желілерде Тараз қаласындағы теміржол вокзалы аумағында жүрген үнді жайрасының бейнежазбасы тарады. Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін аң табиғат жанашырларының қарауында болып, арнайы қорғалатын табиғи аумаққа жіберілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мамандардың айтуынша, бұл жануардың облыс орталығынан табылуы өте сирек жағдай, өйткені ол әдетте адам көп шоғырланған жерлерге жақындамайды.
«Үнді жайрасы – кемірушілер тобының жайратектестер тұқымдасына жататын, жойылып кету қаупі бар жануар. Негізінен таулы, жартасты және шөлейтті аймақтарды мекендейді. 2024 жылы облыста 134 жайра саны тіркелсе, бүгінде олардың саны 217 басқа жетті», дейді Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов.
Қызыл кітапқа енген құландар табиғатқа жіберілді
Сирек кездесетін жануар облыстық инспекцияның Жуалы ауданындағы қызметкерлері мен қоғамдық қорлардағы еріктілердің бірлескен жұмысының нәтижесінде табиғатқа оралып отыр. Енді үнді жайрасы «Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумағындағы «Ақсақалсай» шатқалын мекен етеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында қарақұйрық атқан 48 жастағы браконьер ұсталған болатын.