АСТАНА. 15 мамыр. Мәскеу мұсылмандары келесі аптадан бастап «жылжымалы мешіттің» қызметін пайдалана алады. Бұл туралы ntv.ru хабарлады.
Арнайы жабдықталған автобуста намаз оқу үшін барлық жағдай жасалған. Дәрет алатын және намаз оқитын бөлмелері бар. Келесі аптадан бастап «жылжымалы мешітті» интернет арқылы тапсырыс беріп, қаланың кез келген жеріне шақыртуға болады. Бұл қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Ресей астанасында 2 миллион мұсылман өмір сүреді. Алайда, қалада бар-жоғы 4 мешіт қана жұмыс істеуде.
Мәскеу Мұсылмандар діни басқармасының басшысы Ильдар Аляутдинов қалада жылжымалы намазханалардың пайда болуына оң бағасын берді. Оның айтуынша, бұл намазханалар мұсылмандарға қаланың у-шуынан арылып, жайлы жерде парыздарын өтеуге мүмкіндік береді. «Діни тұрғыдан алып қарағанда бүкіл Жер мешіт болып саналады. Адам кез-келген жерде намаз оқуға құқылы. Алайда, қала тұрғындары үшін намазды көшеде немесе метрода оқығанша, осындай тыныш әрі жайлы жерде оқығаны ыңғайлы болар еді», – дейді И.Аляутдинов.
Айдар Өрісбаев.
Дерек, сурет: ntv.ru.