• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2015

Астық жинау: өткен жылдың сабағы көп

689 рет
көрсетілді

Көктем мен күзде маңдайын күнге қақтаған диқанның қажырлы еңбегі болмаса, Қостанай облысы еліміздегі астық державасына айнала қояр ма еді? Алайда, табиғат-ана көктен нұрын сеппесе немесе көктем, күзде нөсер жаңбыр тыйылмай тұрып алса, диқанның да еңбегі еш, жігері құм болатын кез аз болмайды. 2014 жылы Қостанай өңірінде бітік егін шықты. Амал не, күзде аспанның түбі тесіліп кеткендей, табиғат шіркін диқанға орақ ұстатпады. Толассыз жауған жаңбырдан комбайндар жүре алмай, қаңтарылып тұрды. Күн жылт еткен сәтті пайдаланып орған астықтың ылғалдылығы өте жоғары болды. «ИволгаХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Розиновтың айтуынша, элеваторлардағы астық кептіргіштердің әрқайсысы үш реттен істен шығып қалды. Өткен жылғы диқандар арпалысының көрінісі осыдан да белгілі. Дала төсінен жинайтын ырыздық дәнді жерге дер уақы­тында сіңіруге байланысты. Би­ылғы көктем осыған мысал болды. Мамыр айында жауған жаңбырды мамандар үш айдың нормасы деді. Облыс өңірінде 25 мамырға дейін 437 мың гектар ғана жерге сіңірілді. Бұл барлық алқаптың 10 пайызы ғана болатын. Алқаптың негізгі бөлігі – 3 миллион гектарға дән мамырдың 26-нан 10-шы маусым аралығында себілді. Облыстың солтүстігіндегі жаңбыр көп жауған аудандардағы 315 мың гектардан аса алқапта көктемгі дала жұмыстары 10 маусымнан кейін де тоқтаған жоқ. Кейбір жылдары диқандар ылғал кеуіп кетпей, дәнді тез сеуіп тастауға тырысса, биыл жердің құрғауын күтіп уақыттан ұтылды. Жақында облыс ауыл ша­руашылығы саласы қызмет­керлері астық жинау науқаны алдында бас қосып, кеңес өт­кізді. Қазір облыста негізі ас­тық жинау науқаны басталды десе болады, арпа мен сұлыға орақ түскен. Бірақ негізгі аттаныс тамыздың 20-нан кейін басталмақ. Кеңесте айтылғандай, тамыздың 25-не қарай барлық астықтың 37 пайызы жиналса, 1 қыркүйекте бидайдың 90 пайы­зы қамбаға түсіп, сол айдың ортасына қарай науқан аяқталуы керек. Алайда, «үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегендей, алдын ала айтылған сөздің іске асуын алқаптағы ауа райының қолайлы-қолайсыздығы шешіп кететіні бар. Оның үстіне биылғы астық жинау науқанына көктемгі дала жұмыстарындағы қиындықтардың да салқыны тимей қоймайтын секілді. – Биылғы жалпы қамбаға түсетін астық көлемі 4,5 миллион тоннадан аспайды. Гектар айналымы 10-11 центнерден айналатын түрі бар. Әрине, тамыз айындағы ауа райының құбылуына да көп нәрсе байланысты. Оның үстіне, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мамандарының тамыз айының 10-на дейін берген ақпараттарында әлі 225 мың гектар алқаптың егіні енді бас алып келеді, ал 2 миллионнан аса гектар алқапта бидай әлі гүлдеу сатысында тұр. Мұның барлығы да көктемде дәннің кеш сіңірілгенінің зардабы. Олардың толық пісуіне әлі де 30-35 күн керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов. Тығырықтан шығудың жолы озық үлгідегі техника және астық кептіру құралдары екенін өткен жылдың сабағы көзге шұқығандай етіп көрсетіп берді. Былтыр кептіргіші бар шаруашылықтар астық қанша ылғал болса да шығынға бата қойған жоқ. Мұндай мүмкіндігі жоқтардың бидайы қардың астында қалды. Техниканы, жанар-жағармайды сайлап алып, уақыттан ұту ғана диқан еңбегін еш етпейді. Биыл күзгі жиын-терін жұмыстарына 11,6 мың астық жинайтын комбайндар дайын тұр. Оның ішінде 3,2 мың Джон-Дир, Кейс, Клаас, Акрос және тағы басқа өнімділігі жоғары шетелдік комбайндар қатысады. 3,2 мың жатка, 8,6 мың астық таситын жүк машиналары, 18,6 мың трактор тіркемелері және басқа да техника алқапта болады. Облыс бойынша қазір 245 дән кептіргіш бар, әлі де 66 осындай техника-жабдық жетіс­пейді. Қазір облыста егін шаруашылығын әртараптандыру жүріп жатыр. Бидаймен қатар майлы дақылдар алқабы кеңейіп келеді. Майлы дақылдарды ылғалсыз сақтағанда ғана шы­ғынды қайтарады. Облыста кеп­тіргіш алуды шығынсынбаған шаруашылықтардың жақсы мысалы бар. Меңдіғара ауданындағы «Қарқын» шаруашылығында қазір тәулігіне 200-400 тонна астық кептіретін кешен жұмыс істеп тұр. Шаруашылық жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов құны 200 миллион теңге болатын, сыйымдылығы 10 мың тонна кептіргіші бар қойма бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырды. Өткен жылы онда 10 мың тонна бидай, 3600 тонна майлы дақыл кептірілді. Кептіргіш жабдықтың өзі шаруашылыққа 36,6 миллион теңгеге түсті. Егер Сайран Бәлкенұлы осы көлемдегі астығы мен күнбағысын кептіріп, сақтау үшін элеваторға апарса, оның бір жылғы шығыны 125 миллион теңге болар еді. Ол астығын өзі орып, өзі кептіріп, өзінде сақтайды. Тәжірибесі мол шаруашылық ұйымдастырушы бір жылдың өзінде 88 миллион теңгені үнемдейді екен және астығының сапасы жақсы, шығыны жоқ. Кеңесте «Иволга-Холдинг» ЖШС директоры В.Розинов элеваторлар дайындығын сөз етті. Оның ішінде астық кептіргіштің маңыздылығына тоқталды. Элеваторлар диқандардан еңбе­гінен табыс табу үшін емес, оларға мінсіз қызмет көрсетуі тиіс. Мұны астық инспекторлары қатаң қадағалайтынын тілге тиек етті. Қазақстан бойынша астықтың төрттен бірін өндіретін, экспортқа шығаратын ұнның төрттен бірін беретін Қостанай өңірі диқандарына астықты жинап алу оңайға түспейді. – Диқандар үшін әр көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терімнің жыл сайын ерекшелігі бар. Бірақ, мемлекет ауылшаруашы­лық тауарларын өндірушілер үшін жоспарлы түрде қолдау көрсе­тіп келеді. Мысалы, осыдан 10-11 жыл бұрын 300 миллион теңге болса, қазір ауыл шаруашылығы кешеніне мемлекеттен бөлінген қаржы 18 миллиард теңгені құрайды. Ауыл шаруашылығы жұмыстары тек қана озық техни­каның күшімен жаңа, заманауи сатыға көтерілмек. Сонда ғана ауа райының қолайсыздығынан болған қиындықтарда тығырықтан жол табамыз, – деді облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов. Қостанайдың астықты алқаптары дүбірге толар күн келді. Дәнді сеуіп тастап, «не бересің?» деп аспанға қарап отыратындардың күні өткен. Былтырғы жаңбырлы күз диқанға жаңа уақытқа ілесе жұмыс істеу керектігін ескерткен секілді. Ол элиталық тұқым, заманауи техника, технология, шегірткеге қарсы күрес, тыңайтқыш, арамшөптен тазарту болып кете береді. «Оңай жерде нан жоқ» деген тәмсіл ең алғаш диқан аузынан шыққан болар, бәлкім. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.