• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Мамыр, 2015

Жамбыл облысының құқық қорғаушылары арасында байқау өтті

345 рет
көрсетілді

ТАРАЗ. 15 мамыр. Жамбыл облысы ішкі істер департаменті «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты байқаудың қорытындысын жариялап, мемлекеттік тілді оқыту курсына белсенді түрде қатысып, іс-қағаздарды сауатты жүргізе алатын 38 тыңдаушыға куәліктер берілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Жиында Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік тілді оқыту бағдарламасы бойынша курсты бітірген қызметкерлерге тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілдерді оқыту орталығының» директоры Күлшат Кеңесқызы: «Алдағы уақытта қызмет барысында осы білімдеріңізді пайдаланып, жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттеміз», деп сенім артып, 38 тыңдаушыға куәлік табыс етті. Аталмыш байқауда ішкі істер органдары қызметкерлерінің Ұлы Жеңіске, майданға, батыр бабаларымызға арнап шығарған өлеңдері де сынға түсті. Жамбыл облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Марат Өменұлы: «Өткен күндердің жеңісі – бүгінгінің жемісі екені белгілі. Жеңістің 70 жылдығы Отан үшін от кешіп, өшпес даңқ қалдырған бабалардың ерлігі алдында тағы да басымызды иеміз. Елбасының басты стратегияларының бірі – ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті қолдау. Ендеше, мемлекеттік тіл бөлімі ұйымдастырып отырған байқаудың басты мақсаттарының бірі де осы. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында шығармашыл қызметкерлердің барын көріп, тек қоғамдағы құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, өздерінің тағы бір қырын көрсетіп отырғанының куәсі болдық», дей келе байқауға қатысушыларды кешегі Жеңіс мерекесімен құттықтады. Сөйтіп байқауға белсене қатысқан Қанағат Райқұлов, Дархан Мыңтаев, Гүлназ Мүтәліп, Назгүл Жампозова, Махамбет Токтубулатов, Еңлік Нұрмаш, Жанерке Сейдінабиева, Данияр Рахымбаев, Жандос Нүсіпбаевқа ішкі істер департаменті бастығының алғыс хаты және бағалы сыйлықтар берілді. Тараз қаласы ішкі істер басқармасы бастығының кадр жұмысы бойынша орынбасары, полиция подполковнигі Алтынбалта Көшербаев және Жамбыл облысы ішкі істер департаменті жол потрульдік полиция қызметкері Ғалым Жұмаханұлы «Көркемсөз шебері» номинациясымен марапатталды. Ал, Жамбыл облысы ішкі істер департаменті анықтау басқармасының кеңсе жетекші маманы Толқын Шынболатова «Журналистер таңдауы» номинациясы мен 25 000 теңгенің чегіне ие болды. Сонымен қатар, Қордай аудандық ішкі істер бөлімі кадр жұмыстары тобының аға инспекторы, полиция капитаны Өркен Рахымжанов өзіндік әуенімен, сөз айшығымен ерекшеленіп, «Сазды жыр» номинациясы мен 25000 теңгенің чегін иеленді. Бұдан бөлек, жүлделі орындар ішкі істер департаменті құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің іс жүргізу инспекторы Эльмира Анаркуловаға, Жамбыл облысы ішкі істер департаменті ақпараттық-аналитикалық орталығы арнайы мемлекеттік мұрағаты технигі, полиция кіші сержанты Жазира Молдабаеваға, ішкі істер департаменті заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі арнайы жеке ротасы 2-ші взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрым Қойгелдиевқа бұйырды. Осы байқауда оза шауып, байқаудың барлық талаптары мен шарттарын толық орындап, өз туындысында өрнекті ой, ұтымды ұйқасымен Отанға деген сүйіспеншілігін шебер жеткізіп, ең үздік танылып, бас бәйгені қанжығасына байлаған ақын полицей Сарысу ауданы ішкі істер басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нарбеков Қанат Маратұлына қазылар алқасының төрағасы, ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Марат Өменұлы 50 000 теңгенің сертификаты мен дипломы ұсынды. Оралхан Дәуіт. Дерек, сурет: egemen.kz.