Қазақстанда тұтынушылық несиелердің өсу қарқыны қаржы реттеушілерінің енгізген шектеу шараларынан кейін баяулай бастаған. Ал бизнеске берілетін несиелер керісінше жоғары қарқынмен өсіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Журналистер Ұлттық банк басшысынан халық пен бизнес арасындағы қарыз жүктемесінің артуы жағдайында ресми статистиканың қаншалықты шынайы екенін және қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Сүлейменовтің айтуынша, соңғы 3-4 жылда халыққа берілетін несиелер жыл сайын шамамен 30 пайызға өсіп келген. Осыған байланысты Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге тұтынушылық несиелеуді шектеуге бағытталған бірқатар шара қабылдаған.
Атап айтқанда, халыққа берілетін несиелер бойынша артық өсімді тежеу үшін секторлық контрциклдік капитал буфері енгізілген.
Мамандар кеңесі: Несие аларда нені ескеру керек?
Сонымен қатар тұтынушылық несиелердің мерзіміне қойылатын талаптар күшейтілді. Бұрын мұндай несиелер 5, 7, тіпті 9 жылға дейін беріліп, ай сайынғы төлем мөлшерін азайту арқылы шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік болған.
Бұдан бөлек салықтық өзгерістер де енгізілді: енді банктердің халыққа берген несиеден түсетін табысына 25% салық салынады, ал бизнеске берілетін несиелер бойынша корпоративтік табыс салығы 20% деңгейінде сақталған.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл шаралар банктерді халыққа қарағанда бизнеске көбірек несие беруге ынталандырады.
Табысынан 8 есе көп қарызы барларға несие берілмейді: Ұлттық банк жаңа шектеу енгізеді
Қазіргі деректерге сәйкес, қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылық несиелердің өсуі шамамен 10 пайызға дейін баяулаған, ал бизнес несиелері шамамен 18 пайыз қарқынмен өсіп келеді.