• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:35

Халық табысын арттыру – өркендеу саясатының өзегі

Елімізде халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағыт­талған жаңа құжат қабыл­данды. Үкімет «2026-2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жө­ніндегі кешенді жоспарды» бекі­тіп, алдағы төрт жылдағы негізгі басымдықты айқындады. Жаңа құжат азаматтардың табысын өсіріп, еңбек нары­ғын жаңғыртып, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Үкіметте өткен брифингте Ұлттық эко­номика ми­нистрінің бірін­ші орынбасары Азамат Әмрин жоспардың негізгі бағытта­рына тоқ­талды.

«Жаңа жоспар 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келе жат­қан бағдарламаның орнын басады. Құжат әзірленген кезде қазіргі экономикалық сын-қатерлер ғана емес, адам капиталын дамы­ту мен азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты ұзақмерзімді міндеттер де ескеріл­ді. Сонымен қатар өңірлік көрсет­кіштердің орындалуын күшейту мақсатында әкімдіктер халық табысын арттыруға арналған жеке өңірлік бағдарламалар әзірледі», деді А.Әмрин.

Жалпы алғанда, құжат 6 негізгі бағыт аясындағы 59 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, халықтың нақты табысын ұлғайту, жұмыспен қамтуды кеңейту, адам капиталын дамыту, сапалы жұмыс орындарын ашу, салықтық, әлеу­меттік қолдау тетіктерін жетіл­діру, сондай-ақ азаматтардың борыштық жүктемесін азайту мәселелері бар. Үкімет бұл шаралар әлеуметтік тұрақтылықты нығайтып, экономикалық өсімнің игілігін халыққа кеңінен жеткізуге мүмкіндік береді.

Жоспарды әзірлеу барысында кейінгі жылдары жүзеге асқан жұмыстың нәтижесі де ескерілген. Өткен төрт жылда шағын және орта кәсіпкерлік экономиканың негізгі тіректерінің біріне айналып, жұмыс­пен қамтудың маңызды көзі болды.

«Бағдарлама жүзеге аса бастаған уақыттан бері бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш жақсарды. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,8 миллионнан 2,2 миллионға дейін өсті. Бұл секторда еңбек ететін азаматтар саны 4,5 миллион адамға жетті. Нәтижесінде, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі ішкі жалпы өнімнің 40,9 пайызына дейін артты. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін төмендеп, жұмысқа орналасқан азаматтар саны 912,8 мың адамға жетті», деді А.Әмрин.

Халық табысының өсуіне әсер еткен маңызды факторлардың бірі еңбекке ақы төлеуді арттыру болды. 2022-2025 жылдары бюджет саласы қызметкерлерінің әрі экономиканың жекелеген секторларындағы маман­дардың жалақысын көбейтуге бағыт­талған шаралар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде 1,2 миллионнан астам азаматтың еңбекақысы өсті.

Атап айтқанда, әлеуметтік сала­дағы 38 мың қызметкер­дің жалақысы орта есеппен 30 пайыз­ға артты. 600 мың педагогтің еңбекақысы 25 пайызға көбейді. Денсаулық сақтау саласындағы 6 мың қызметкердің жалақысы 20 пайызға өсті. Сонымен қатар азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын шамамен 600 мың адамның еңбекақысы орта есеппен 20 пайызға ұлғайды. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» қоры құрамындағы өнді­рістік персонал арасындағы жалақы айыр­машылығын қысқарту бағы­тында жұмыс жүргізілді.

«Үкімет бұл саясатты алдағы кезеңде де жалғастырмақ. Қазір еңбекақы төлеу қорының қосылған құндағы үлесі шамамен 30,6 пайызды құрайды. Ал орташа және медианды жалақы арасындағы алшақтық 39,2 пайыз деңгейінде қалып отыр. Осыған байланысты ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, жалдамалы жұмыскерлердің табысын арттыру, азаматтық қызметшілердің жалақысын ұлғайту, табиғи монополия субъектілеріндегі өндірістік персоналдың орташа еңбекақысын көбейту әрі мемлекеттік қызмет­шілердің жалақысын үш жыл са­йын индекстеу көзделген», дейді вице-министр.

Жоспардың маңызды бағытта­рының бірі – халықтың борыш­тық жүктемесін төмендету. Қазір мерзімі өткен берешек тәуекелі 6,5 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Ал несиелердің жоғары құны көптеген отбасыға қосымша салмақ түсіреді. Осыған байланыс­ты шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу әдістемесін қайта қарау, қаржы ұйымдары­ның жосықсыз тәжірибелеріне бақылауды күшейту әрі әлеуметтік осал топтағы азамат­тардың жекелеген санаттарына банкроттық рәсімдерін жеңілдету ұсынылып отыр.

Құжат еңбек нарығының бола­шағына да ерекше назар аударады. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, 2030 жылға қарай әлемдегі жұмыс орындарының 22 пайызы түрлі өзгеріске ұшырайды. Сондықтан еңбек ресурстарының бәсекеге қабілеттілігін сақтау мен жаңа талаптарға бейімдеу басты міндеттердің біріне айналды.

Осы мақсатта дуальды білім  жүйесін кеңейту, колледждер мен кәсіпорындар арасындағы байланыс­ты нығайту, өндірістегі тәлімгерлік институтын дамыту жоспарланған. Бұл шаралар білім жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтіп, мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етпек.

Сапалы жұмыс орындарын құру кешенді жоспардың негізгі басым­дықтарының бірі ретінде белгіленген. Қазір Еуропалық одақ елдеріндегі еңбек өнімділігі Қазақстан көрсеткішінен шамамен үш есе жоғары. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұрақсыз жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында 17 кластерлік жоба жүзеге асы­рылады. Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа инвестициялық жобалар іске қосылып, ауыл шаруашылығы коо­перациясын дамытуға басымдық беріледі. Сонымен бірге шағын бизнеске қолдау көрсету шаралары күшейтіліп, өңірлерде микро­кредит беру бағдарламалары кеңей­тіледі.

Ауылдық аумақтарды дамыту мәселесі де құжатта маңызды орын алады. Үкімет алдағы жылдары ауыл тұрғындарына 30 мыңнан астам микрокредит беруді жоспарлап отыр. Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі халықтың табысын арттыруға септігін тигізбек.

Жаңа жоспардың тиімділігі нақты көрсеткіштер арқылы баға­лан­бақ. Үкімет халық табысының өсімін инфляция деңгейінен 2-3 пайыздық тармаққа жоғары ұстауды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар 2029 жылға қарай инфляцияны 5-7 пайыз деңгейіне дейін төмендету көзделген. Жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орнын құру да негізгі межелердің қатарында.

Бұдан бөлек, дуалды оқыту­мен қамтуды кеңейту, ауыл шаруа­шы­лығындағы еңбек өнімділігін арттыру әрі халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығыстарының үлесін жалпы тұтыну шығынының 40 пайызына дейін қысқарту жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар