АЛМАТЫ. 15 мамыр. Осы аптаның алғашқы күні Алматыда басталған «Қайыршы» акциясы мамыр айының 21-не дейін жалғасады. Шара барысында жеңіл жүрісті 100 қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Полиция қызметкерлері бір апта ішінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449-бабына сәйкес барлығы 765 адамды жауапкершілікке тартты. Бір ғана Сейфуллин көшесі бойындағы қоғамдық орындарда тұрғындар мен қала қонақтарының мазасын алғаны үшін 122 бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішіндегі 101 жеңіл жүрісті қызға жалпы сомасы 1 миллион теңге көлемде айыппұл салынды.
Құқық қорғаушылардың жүргізген профилактикасы кезінде жүргіншілерге тауарын тықпалаған адамдар мен қайыршылар да жауапкершіліктен сырт қалмады. Айыппұл салынғандар арасында Қырғызстаннан келген жеңіл жүрісті келіншек те бар. Ол сот шешімімен Қазақстан аумағынан шығарылды.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: ҚазАқпарат.