Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және аймақтық қауіп-қатерлер” атты дөңгелек үстел болып өтті.
ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған жиында негізінен Еуразия қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының атқаратын рөлі мен міндеттері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының алғашқы қорытындылары туралы да сөз болды. Басқосуда ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, ЕҚЫҰ департаментінің директоры, ерекше тапсырмалар бойынша елші Сержан Әбдікәрімов, ҚСЗИ-дің директоры Болат Сұлтанов және дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде өз пікірлерін ортаға салды.
Биылғы жылдың маусым айында Қырғызстанда орын алған қайғылы оқиға бұл елмен көрші мемлекеттерді ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемнің алаңдаушылығын туғызғандығы белгілі. Соған орай бұл басқосуда көрші мемлекеттегі күрделіліктер төңірегінде жан-жақты түрде баяндалды. ҚСЗИ-дің директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, көпшілік назарын өзіне аударып отырған бұл жағдай жан-жақты әрі терең талдауды қажет ететіндігі сөзсіз. Өйткені, осы сараптамалар негізінде ЕҚЫҰ-ға нақты ұсыныстар даярлау қажет. Шын мәнісінде де, бұл жағдайдың ауыртпалығы мол екендігі айтпаса да түсінікті. Кездесуге қатысушылар хабарлаған ресми деректерге қарағанда Қырғызстанда орын алған қайғылы оқиға кезінде сегіз жүзден астам адам қаза болған. Ал жүзге жуық қырғызстандықтар көршілес Өзбекстанға бас сауғаламақ ниетпен қашқан. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар және қарттар болатын. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан келеңсіздік құрбанына айналып, қасіретке тап болған ел тұрғындарына көмек пен қамқорлық көрсетуге ұмтылуда. Сонымен, ЕҚЫҰ-ның Қырғызстанға көмек көрсетуге қатысты іс-шаралары, сондай-ақ қырғыз дағдарысының себептері де назардан тыс қалған жоқ.
“Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және аймақтық қауіп-қатерлер” атты дөңгелек үстелге қатысып, сөз алғандар “Қазақстанның өзіне тапсырылған істі атқаруда жоғары жауапкершілік танытуы және мұның өзі ЕҚЫҰ тарихындағы ең бір табысты төрағалық” екендігін де атап айтты. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың бүгінгі күнге дейін жиырмаға жуық мемлекетке барғандығы көп нәрседен хабар берсе керек. Халықаралық сарапшылардың ЕҚЫҰ-дағы төрағалыққа оңды баға беруі де атқарылған іс-шаралардың талап деңгейіне сай екендігін айқын дәлелдейді. ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко “ЕҚЫҰ-ның басты мақсаты – бейбітшілікті нығайтып, шиеленістер мен дау-жанжалдардың алдын алу екендігін ашып айтады.
– Мемлекет басшысының биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы ұсынысы Ұйымға қатысушы елдер үшін ауқымды кеңістіктегі қауіп-қатерлерге, күрделіліктерге қарсы лайықты жауап табудағы тарихи үлкен мүмкіндік. Ал мұның өзі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығындағы негізгі әрі маңызды іс-шаралардың бірі болып есептелінуде. Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікке жаңартылған стратегиялық көзқарастарды қалыптастыру және өзге де бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелердің өз шешімін табуының берері мол екендігі сөзсіз. Ашығын айтқанда саммит Еуразиядағы ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайтуға қомақты үлес қосуға игі ықпал етпек, – дейді Роман Василенко өз ойын ортаға салып.
Сарапшылар пікірінше, Қазақстан – ЕҚЫҰ төрағасы ретінде қауіпсіздіктің еуразиялық тиімді жүйесін құруда бірқатар жетістіктерге қол жеткізуде. Аймақаралық халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Жиында “Kazakhstan Today” агенттігінің Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының қалыптасуы мен дамуына арналған монографияларының тұсаукесері болды. Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жиналғандар назарына “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы қазақстандықтар көзімен” атты социологиялық сараптамасы ұсынылды. Сауалдама нәтижесінде респонденттердің 65 пайызының тұжырымдауынша, біздің еліміздің халықаралық миссиясы – ең маңызды оқиға.
Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.