ОРАЛ. 15 мамыр. Батыс Қазақстан облысының орталығы – Оралда мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көп қабатты үйде екі пәтердің арасын бөліп тұрған қабырға құлап қалды. Салдарынан әйел адам мен оның сәбиі зардап шекті. Бұл туралы uralskweek.kz сайтына сілтеме жасап, egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға кеше кешкісін Жамбыл көшесіндегі 10 қабатты үйде болған. Қабырғасы құлаған пәтерлер 8-қабатта орналасқан.
Зардап шеккен отбасы тілшілермен кездесуден бас тартты. Сондай-ақ, үйді тексеруге келген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері де БАҚ өкілдеріне түсініктеме берген жоқ. Олар бұл үйдің аталған банк арқылы берілгенін ғана айтты.
Қазіргі таңда апаттың неден болғаны белгісіз. Көршілерінің айтуынша, қатты дауыс естілген. Ал қабырғаның құлағанын олар кейін білген.
Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның анық-қанығына көз жеткізген соң нақты мәліметтер беретіндерін айтты. Әзірге келеңсіз жайт болған пәтерде қайта жоспарлау жұмыстары жүргізілгендігі туралы ақпарат жоқ.
Темір Құсайын.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: mgorod.kz.