Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында республика көлемінде 124 бекетті жаңғырту жұмысы басталған еді. Жақында Абай облысы Бородулиха ауданының Ауыл және Белағаш ауылдарындағы теміржол бекеттері қайта жаңғыртудан өтті.
Аталған салтанатты жиынның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиев қатысты.
«Ауыл стансасындағы теміржол бекеті соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен. Станса арқылы халықаралық бағыттағы «Новосибирск – Алматы» пойызы қатынайды. Ал Белағаштағы теміржол бекеті 1914 жылы бой көтерген. Ғимаратқа соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеу жүргізілген», дейді облыстық баспасөз қызметі.
Қайта жаңғырту барысында Ауыл стансасындағы теміржол бекеті ғимаратының аумағы 240,9 шаршы метрден 272,89 шаршы метрге, Белағаш теміржол бекеті аумағы 208 шаршы метрден 264,55 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Екі нысанда да шатыр толық ауыс-тырылып, ішкі және сыртқы әрлеу жұмысы жүргізілді. Перрондар қайта жөнделіп, іргелес аумақтар абаттандырылды. Вокзалдар жаңа жиһаздармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға, қарт адамдар мен кішкентай балалары бар аналарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Ғимараттарда арнайы санитарлық тораптар, ана мен бала бөлмелері, пандустар мен тактильді бағыттаушы элементтер қарастырылған.
Өңір басшысы қайта жаңғыртылған вокзалдардың елді мекен тұрғындары үшін маңызы зор екенін жеткізді.
«Абай облысында 10 теміржол вокзалын реконструкциялау қолға алынды. Бүгін міне, екі бірдей теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. Жарма, Үшбиік, Ақтоғай, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар вокзалдарын қыркүйек айына дейін кестеге сай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Семей мен Аягөз қаласындағы вокзалдар жылдың соңында дейін пайдалануға беріледі. Жаңартылған вокзалдар ауыл тұрғындары мен өңір қонақтарына сапалы қызмет көрсетіп, халық игілігіне айналады деп сенемін», деді Б.Уәли.
Абай облысы,
Бородулиха ауданы