• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2015

Құтты қадам

346 рет
көрсетілді

Елбасы ұсынған реформалар Арқа жұртының қолдауына ие болуда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформа Қарағанды облысындағы жұртшылық тарапынан да қызу қолдауға ие. Тұңғыш Президентті үлкен саяси өмірдің биігіне самғатқан Сарыарқа өңірінің тұрғындары өмірімізге өзгеріс әкелуді мұрат еткен бұл бастамаға өз үлестерін барынша қосуға ниетті. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары құжаты Қарағанды сынды Отанымыздың индустриялық тірегі болып саналатын әлеуетті облыстың дүр сілкініп, заман талабына сай зор мүмкіндіктерге құлаш сермеуіне мол мүмкіндік береді. Елбасы атап көрсеткен 100 нақты қадамның облыстың саяси-әлеуметтік өмірінің жандануына, өңірді мекен етіп жатқан талай ұлт пен ұлыстың балалары арасындағы ынтымақ пен бірліктің нығаюына, өндірістік күштердің жаңа белестерге көтеріліп, ел экономикасының дамуына зор үлес қосуына игі әсерін тигізері сөзсіз. Қазақстан Президенті бұл реформалардың мемлекетіміздің нығайып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. Әрі-беріден соң бұл – «Қазақстан-2050» Стратегиясы бағдарламасын іске асыруға бастар жол. Мұндай реформаларды жүзеге асыру тек билік пен халықтың біріккен күшінің ғана қолынан келеді. Мемлекеттің қабырғасын нығайтатын бес реформа жария етілді, бұл маңызды құжатты қазақстандық қоғамның даму бағытын айқындайтын сара жол деп сеніммен айтуға болады. Төменде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған бес институттық реформаға үн қосқан қарағандылық азамат­тардың ой-пікірлерін жариялап отырмыз. *  *  * Тоқтархан ЫСҚАҚОВ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшысы: – Елбасының бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын өз басым еліміздегі Жаңа Экономикалық Саясат пен инфрақұрылымдық дамудың негізі есебінде қабылдадым. Қазіргі таңда біз мемлекетті қалып­тас­тырып, оның іргетасын нығайту кезеңінен өттік. Ендігі мақсат – Қазақстанның бай да бақуатты ел болуын қамтамасыз ету. Міне, осы асқаралы міндеттерді жүзеге асыру үшін ел Президентінің бес институттық реформасы: «заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң билігін қамтамасыз ету, индустриялық және экономикалық өсу, болашақтағы бірыңғай ұлт, транспарентті және есеп беретін мемлекет» қоғам өміріне жол тартты. Ұлт жоспары негізінде жоғары технологиялық жұмыс орындарын құру, кәсіби білім берудің рөлін арттыру, инвестицияны экономикалық дамуға бағыттау, өндірісті құрылымдық қайта құруға ұлттық қорды пайдалану, инфрақұрылымды әрі қарай дамыту, күре жолдар құрылысын салу сынды қадау-қадау тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысын толығымен қолдаймыз. Ғылым билеген автоматтандыру және роботтандыру заманында жаһандық бәсекеге төтеп беру үшін біз жаңа технологиялармен, ақпараттық ресурстармен қарулануымыз керек. Елбасының біздің алдымызға қойған асқаралы міндеттері орындалмас арман деп айта алмаймын. Біз бірігіп күш болған кезде ғана мұндай асуларды бағындырып, биік мақсаттарға міндетті түрде жетеміз. Біздің күшіміз қазақстандықтардың бірлігінде. *  *  * Төлеген ӘШІМОВ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы құрылыс комитетінің төрағасы: – Мемлекет басшысы ұсынған бес инс­титуттық реформалар қазақстандық қоғамдағы жүйелі өзгерістерді тереңінен қозғайды. Шын мәнісінде, бұл өзгерістер бізді алдыңғы қатарлы дамыған елдер санатына қосатын қуатты күш. Дәл осындай оң өзгерістер біздегі құрылыс саласына да өзінің игі ықпалын тигізу керек деп санаймын.Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында бірқатар нақты тапсырмаларды атап көрсетті. Соның бірі – сараптама ісін монополиясыздандыру. Күні бүгінге дейін бұл шаруа мемлекеттік органдардың уысында болып келді. Сол себепті де жедел әрекет пен жұмыс сапасына кері әсерін тигізіп келеді. Жалпы, рұқсат беру тәртібін жеңілдету – дер кезінде қолға алынған маңызды шаруа. Сонымен қатар, Елбасы ұсынған тағы бір маңызды реформа – баға белгілеудің ресурстық тәсіліне көшу. Бұл жерде қарағандылық құрылысшылардың дәлелді база мен нақты ұсыныстарды жинап, ұзақ жылдардан бері бұл позицияны жақтап келе жатқанын атап өту керек. Ал бүгінгі күні Мемлекет басшысы тапсырмасының арқасында бұл бағытта нақты қадамдар жасалу үстінде. Алайда, бұл мәселе әлі де болса өзінің өзектілігін жоғалта қойған жоқ, алда аса қиын асулар күтіп тұр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы даму реформасының барысын барынша қолдап жатыр. Атап айтар болсақ, өңірлік палатаның қолдауымен Құрылыс жүргізушілер қауымдастығы сметашыларды ресурстық тәсілге қайта оқыту бойынша курстар ұйымдастырды. Бүгінгі күнде облыстағы түрлі құрылыс фирмаларының 40 адамы осы курстарда білімін жетілдіріп шықты. Курс оқуларын Астанада арнайы әзірленген мамандар мен ҚазҰСИ қызметкерлері жүргізді. Жобалаушылар мен құрылысшылар және құрылыс индустриясының өкілдері күш, тәжірибе және мүмкіндіктерді ортаға салып, тізе қосса – кластерлік орталықтың дамуына игі әсерін тигізері анық. Бүгінде мұндай орталық Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде құрылған. Орталықтың алғашқы болып қолға алған шаруасы – ішкі рынокты қорғау шараларын қарастыру. Қазіргі таңда жобалаушы ұйымдар, инженерлер, ғалымдар жобалаудың еуропалық кодына біртіндеп өту үдерісіне мән берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Негізі мұндай реформа қажеттілігі ұзақ жылдардан бері айтылып жүрген болатын, ал бүгінгі күні ол шындыққа айналды. Бүгінгі таңда техникалық карталар әзірлеуді қолға алып, жаңа материалдар мен технологияларға техникалық жағдайлар тудыру керек. Мысалы, қазір «Сантехпром» ЖШС өнімдеріне ТЖ (ТУ) әзірленіп жатыр. Қарағандылық мұндай тамаша өнім қажетті жағдайлармен барынша қорғалуы тиіс. Сонымен қатар, механизмдер қызметіне, жаңа қасбеттік жүйелерге, жұмсақ металл құрылғыларына қажетті технологиялық карта әзірленуі керек. Жергілікті материалдарды құрылыста, әсіресе, ауылдық жерлердегі құрылыс жұмыстарына пайдалану мәселелерін қолға алу өте маңызды шаруалардың бірі. Мұның бәрі ғалымдар мен жобалаушы­лардың және де құрылыс материалдарын өндірушілердің бірігіп әрекет жасауын қажет етеді. Сонда ғана ол салалық кластер аясында сәтімен іске асады. *  *  * Светлана ШАРДАРБЕКОВА, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Қарағанды облысы бойынша басқармасының арнайы есепке алу бөлімінің прокуроры: – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары әрбір қазақстандықтың көкейіндегі асқақ арман мен межелі мақсаттарды тап басқаны шындық. Өйткені, бұл өзгерістерді біздің қоғам көптен бері күткен еді. Жаңа Экономикалық Саясат түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Елбасының айтуынша, бұрын Ұлттық қорға бағытталған, табиғи ресурстарды сатудан түскен қаржы енді «қиын кезеңнен өтуге» бағытталатын болады. Ұлттық қордан қосымша 500 млрд. теңге, оның ішінде 100 млрд. теңге бизнесті дамытуға жеңілдікпен берілетін несиелерге, 250 млрд. теңге банк секторын оңтайландыруға бөлінеді. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесіне, көлік инфрақұрылымдары мен Астана әуежайының жаңа терминалына да қаржы бөлінетін болады. Елбасы апатты жағдайдағы мектептер мен үш кезеңмен оқитын мектептердің мәселесін шешуге қосымша 70 млрд. теңге бөлінетіндігін айтты. Мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы да Елбасының назарынан тыс қалмады. Мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығын түбегейлі өзгерту үшін қосымша 20 млрд. теңге бөлу, осы мәселені шешу барысында мемлекет қаражатымен қатар, жеке бизнесті тарту шаралары тапсырылды. «Нұрлы жол» атауының өзі-ақ болашаққа бастар жолды айқындап тұр. Елбасы бізге болашаққа бастар айқын да жарқын жолды белгілеп берді. Басты назар инфрақұрылымның дамуына, тұрғындарды жұмыспен қамтуды көздейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуына аударылған. Тек, құрылыс есебінен 200 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Ұлт жоспарында қазақстандықтардың тұрмысын, сапалы өмір сүруін, жалпы, адамға деген қамқорлыққа ерекше көңіл бөлінген. Жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй мәселесін дамытуға қатысты Елбасы сөзі елдің ризашылығын тудырды. Бұл – қазіргі әлемде теңдесі жоқ шешім. Ғаламдық дағдарыс экономикалық дамуды баяулатып, жұмыс орындары қысқартылып жатқан шақта Елбасының көрегендігінің арқасында елімізде өркендеудің дара жобасы – Жаңа Экономикалық Саясат бағдарламасы қолға алынуда. «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» Жолдауы экономиканы инновациялық тұрғыдан индустрияландыруды тереңдетуге, әлеуметтік инфрақұрылымдардың сапалы дамуына ықпал етіп, нәтижесінде Елбасы белгілеп берген әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру мақсатына жеткізері сөзсіз. Президент қазақ халқының дәстүрлерін дамыту арқылы рухани құндылықтарды бағалау мәселесіне де ерекше тоқталды. Дүниежүзілік тәжірибелер өз мәдениетін құрметтеуді рухани құндылықтан бөліп қарауға болмайтындығын көрсетті. Сондықтан да мәдени дәстүрлердің тұтастығы, өз тарихы мен мәдениетін терең білу және тұрақты түрде зерделей отырып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру – біздің міндетіміз. *  *  * Арман АҚЫБАЕВ, 85510 ә/б командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бойынша орынбасары: – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформа бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасы «Астана» өңірлік қолбасшылығы басқармасында қызмет ететін әскерилердің жүрегіне сенім отын жаққан өміршең құжаттың бірі болды. Шындығына келгенде, Мемлекет басшысы реформасының ұлтты жаңғырту ісі мемлекеттік машинаның ғана емес, бүкіл халықтың жұмыла кірісетін ортақ ісі. Біздің экономикамыз тұрақты: қазіргі қиын жағдайдың өзінде ілгері жылжудан танған емеспіз. Осыған қарап отырып, Елбасы ұсынған реформалар іске сәтті асады деп сеніммен айтуға болады. Меніңше, Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадамды» қамтамасыз ететін тұрақты дамудың бірыңғай принциптері мен біртұтас мақсат саясаты біздің елімізді жарқын болашаққа бастайды. Қазіргі таңда мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін біздердің иығымызда зор міндеттер тұр. Бұл – халық алдындағы жауапкершілікті күшейте түседі. Сонымен қатар, біз келісім мен бірлікті ту еткен мемлекеттің азаматтарымыз. Мұндай алып күштің Отан қорғау ісі сынды қасиетті жұмыста маңызы өте зор. Елбасының «Алдымен мықты мемлекет пен экономика, сонан кейін саясат» деген қағидасын барынша қолдаймын. Бүгінгі өмір шындығы мұндай көзқарастың дұрыстығына көзімізді анық жеткізіп отыр. «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық идеясының айналасына топтасқанда ғана біз еліміздің болашағын қамтамасыз ететін қуатты күшке айналамыз. Бүгінгі өмір талабы осы. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы – Елбасы ұсынған өміршең реформалардың іске асуына өзіндік үлес қосу. Жазып алған Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.