• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2015

Ғылыми экспедиция сапардан оралды

576 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өту шара­ла­ры­ның шеңберінде жасалған экспедиция туралы брифинг өтті. Оны экспедицияға қатысқан Мемлекет тарихы институтының бір топ қызметкерлері жүргізді. Ғалымдар экспедицияның «Қазақ хандарының жолдарымен» деп аталып, ол үстіміздегі жылдың 3 тамызында басталғанын атады. Бірінші болып сөз алған аталмыш ұжымның директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған ғылыми экспедицияның мақсатына тоқталды. «Биылғы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы тапсырмасына сәйкес, біз Қазақ хандарының тұрған, ордаларын тіккен, елді басқарған тарихи орындарын, жүрген жерлерін,  жерленген топырақтарын, бастарына салынған кесенелерін өз көзімізбен көріп, олар туралы ғылыми, танымдық көзқарас­тарымызды, нақты пікірлерімізді халыққа жеткіздік. Оларға елдің назарын аудару – біздің мақсатымыз болды, – деді ол.  – Экспедиция құ­рамына Мемлекет тарихы инс­титутының жас ғалымдары енгізілді. Алдын ала жасалған картаға сәйкес, біз сапарымызды Ұлытау ай­мағынан бастап, Оңтүстік Қазақ­стан, Түркістан, Тараз өңір­леріне дейін жетіп, одан Ақто­ғай, Балқаш атыраптарынан Ақмолаға қайта бет түзедік. Сапарымыздың ұзақтығы 10 күнге созылып, жалпы ұзақтығы – 4,5 мың шақырым­дай болды». «Біз қазақ даласының қазір­гі замандағы өзгерістерін өз көзімізбен көріп, оны хандықтар заманынан білетін тарихи деректермен салыстыруды да мақсат еттік. Қазақ даласын ке­зінде суреттеген саяхатшылар, оқымыстылар көп болғанын білесіздер. Соның ішінде Вати­канда табылған картада да ежелгі Ұлы дала суреттеліп, оның жер-су атауларын жазып кеткен жерлері бар. Біз осы атаулар мен жер-суларды кездестірерміз бе деген үмітті де есімізге тұттық», – дей келіп, Бүркітбай Аяған экспедиция Ұлытау аймағында Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде, Домбауыл ескерткіштерінде болғанын айтты. Олардың орналасқан жерінің картасын жасап, суретке, бейнетаспаға түсіріп алғандарын және маңын­дағы елді мекендерден, атақты орындардан қаншалықты алыс­тығын анықтағандарын жеткізді. Тарихи ескерткіштердің қазіргі жағдайына қатысты тиісті орын­дарға ақпарат беру де ғалым­дардың ойында бар екен. Сонымен қатар, осындағы Едіге мен Тоқтамыстың атындағы биіктерді де көріп, олардың табиғи келбеті, орналасқан ерекшеліктері туралы да ғылыми сараптама жасайтындарын жеткізді. Ұлытаудан әрі экспедиция Қызылордаға баратын сара жолмен жүрмей, Бетпақдала арқылы Оңтүстік Қазақстан өңіріне шығып, Созаққа тура түсіпті. Күннің ыстығы, шөл дала, жолсыз сапар өте ауыр болды, – деді Бүркітбай Ғелманұлы. – Ұмытылмай есте қалатын осы сапарда ұлы бабаларымыздың осынау жолдармен аттың үстінде, ашық аспанның астында талай жүргенін үнемі еске алып, қиындықтарды өз басымызбен сезініп  отырдық. Бізге сапар сонысымен де құнды болды». Созақ өңірінде Сауран, Сы­ғанақ қалаларының орындарын көрген экспедиция әрі қарай Қаратау арқылы Түркістан өңі­ріне өтеді. Сығанақтың Қазақ хан­дығының алғашқы аста­насы болған тарихын  көп адам біле бермейді. Жәнібек пен Керей, Бұрындық, Қасым хандар­дың ордасы осы қалада бол­ғаны айтылды. Одан әрі Шу өзе­ні арқылы Тараз жеріне өткен ғылыми саяхатшылар Айша бибі, Бабаджа қатын, Қара хан және т.б. кесенелерін өз көздерімен көріп қайтқан екен. Осы жерден экспедиция Хантауға өтеді. «Бұл бір тау емес, көптеген биік шоқылардың ұштасқан жері. Кезінде М-Х.Дулати Керей мен Жәнібек Ноғай Ордасынан айырыла көшкенде, осы Хантаудағы Қозыбасыға келіп қоныстанғаны туралы айтып кеткен. Сол жерді өз көзімізбен көре отырып, оның геологиялық орналасуын болашақта ғылыми картаға енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Б.Аяған. Сапар барысында экспеди­­ция Алаш көсемі Әлихан Бөкей­­­хановтың туған жері – Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданына да соққан екен. Мұнда Әлекең­нің ата-анасына, туыстарына өз қолымен орнатқан зираттары, олардың басына отырғызған ағашы бар. Осы төңіректе Беғазы-Дәндібай мәдениетінің белгілері де орналасқан. Экспедицияға қаты­­сушылар оларды да көріп, өзде­ріне қажетті деректерді жинап алған­дарын да ортаға салды. Сонымен қатар, қазақтың соңғы хандарының бірі, Көкшетау жеріндегі Уәли хан кесенесінің жағдайымен таныс­қандарынан да  хабардар етті. «Енді осы сапардан көрген­деріміздің бәрін жинақтап, арнайы ғылыми конференция өткіземіз бе деп отырмыз. Оған дейін қолдағы материалдардың барлығын фотоальбом және кітап етіп шығаруды жоспарлап қойдық», – деді Бүркітбай Аяған. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».