• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 07:35

Құрылыс сапасына бақылау күшейеді

Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев­тың төраға­лығы­мен тұрғын үй және әлеу­меттік инфра­құрылым нысандары­ның құрылыс сапасына арналған кеңес өтті.

Жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының бас­шылығы қатысты.

Кеңесте құрылыс жобаларын іске асыруға бақылауды күшейту мәселесі талқыланды. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиім­ді жұмсалуын қадағалау жөнін­дегі тапсырмаларын орындау аясында қолға алынды.

Жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2024–2025 жылдары пайдалануға берілген нысандарға жүргізген мониторинг қорытындысы тыңдалды. Ведомство дерегіне сәйкес, бақылау жұмысы 1 032 нысанды қамтыған. Оның ішінде 725 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны, 230 тұрғын үй құрылысы мен абаттандыру жобасы, сондай-ақ 77 инженерлік, көліктік, әкімшілік және өзге де инфрақұрылымдық нысан бар.

Мониторинг барысында бірқатар өңірде құрылыс-монтаж­дау сапасына, құрылыс бақылауын ұйымдастыруға қатысты кемшіліктер анықтал­ған. Әсіресе «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы оператор болып саналатын «Келешек мектептері» ұлт­тық жобасы аясында салынған нысан­дарға ерекше назар аударылды.

Нұрлыбек Нәлібаев құры­лыс сапасына қатысты мәсе­леде көзбояушылыққа жол берілмейтінін қадап айтты. Оның сөзінше, сапа талаптары жобалау кезеңінен бастап нысанды пайдалануға қабылдауға дейінгі барлық сатыда қатаң сақталуға тиіс. Бұл қатарда құрылыс-монтаждау, техникалық және авторлық қадағалау, кепілдік міндеттемелерін орындау секілді бағыттар бар

Кеңесте тұрғын үйлердің, әлеуметтік нысандардың, ­ин­же­нерлік-коммуналдық ин­­­­ф­ра­­­­­құрылымның, автомобиль жолдарының, абаттандыру жобаларының, аула аумақ­тары­ның, сыртқы жарықтандыру жүйелерінің, теміржол вокзалдары мен автовокзалдардың құрылысына бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ анықталған барлық кемшілік мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелері шеңберінде жойылуға тиіс екені баса айтылды. Бұл жұмысқа қосымша бюджет қаражаты тартылмайды. Осыған байланысты кеңесте құрылыс бақылауын күшейту, тапсы­рыс берушілердің, мерді­гер ұйымдардың, техника­лық және авторлық қадағалау құ­ры­лымдарының жауапкершілігін арттыру мәселесі талқыланды.

Жиын барысында тұрғын үйді мұқтаж азаматтар арасында бөлу мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар жол құрылысы саласын битуммен қамтамасыз ету жайы қаралды. Қатысушылар әкімдіктердің, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жауапты ұйымдардың өзара үйлесімді жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл тұрғын үйді уақтылы тапсыруға, битумға деген қажеттілікті алдын ала жоспарлауға әрі жол-құрылыс маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптың дербес жауапкершілігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сонымен бірге формальды бақылаудан бас тартып, бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмысқа көшу қажеттігін еске салды. 

Соңғы жаңалықтар