• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 07:38

Үздіктерді таңдау басталады

Кеше «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден құжат қабылдау басталды. Биыл аталған сыйлық «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» сынды 10 аталым бойынша ұйымдастырылмақ.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы. Біржан Әлімжанов «Дарын» сыйлығына үміткерлерді ұсыну мен іріктеу талаптары туралы егжей-тегжей айтып берді.

«Үміткерлер талантты, белсенді, шығар­ма­шыл, халықаралық және республика­лық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорт­тық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңім­паздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға үлес қосып жүрген 35 жасқа дейінгі азаматтар болуы керек», деді спикер.

Оның айтуынша, «Дарын» сыйлы­ғының лауреаттары арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталады. Оларды іріктеу екі кезеңде жүргізіл­мек. Комиссия уәкілетті органдардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерінен, ғалымдардан, шығармашыл қызметкерлерден, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, белгілі спорт шеберлері, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері қатарынан жасақталады.

«Дарын» сыйлығы ғылым, шығарма­шылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады. Түрлі салада қатарының алды болып жүрген жастарымыз аз емес. Оларды танып, тек қолдау көрсету қажет», деді Б.Әлімжанов.

Үздік шыққан жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы мен төсбелгі табыс етіледі. Өтінім­дерді қабылдау 17 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Толық ақпаратты Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан (mki.gov.kz) алуға болады.

Айта кетсек, әр жылдары «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына әнші Димаш Құдайберген, спортшы Дастан Сәтпаев секілді еліміздің атын әлемге танытып жүрген айрықша дарын иелері ие болған. Биыл олардың қатары жаңа есімдермен толықпақ.

Соңғы жаңалықтар