• RUB:
    6.63
  • USD:
    487.73
  • EUR:
    558.99
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 07:45

Бюджетті сапалы жоспарлау маңызды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы республикалық бюджет қаржысы қалай, қайда жұмсалғаны туралы есеп берді. Сондай-ақ экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіруге байланысты заң қаралды.

Нақты жоспардың маңызы зор

Отырыста Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ­баяндама жасады.

Өткен жылы ұлттық эко­номи­каның өсімі 6,5 пайызды құраған. Бұл елдегі инвестиция көлемінің артқанын, іскерлік байланыстардың жандануы мен өңдеу өнеркәсібі секторының нығайғанын көрсетеді. Осыған байланыс­ты сенаторлар бюджетті жоспарлаудың сапасын арттыру қажет екенін айтып, бірқатар бағытқа тоқталды.

«Біз Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, талқыладық. Былтыр инвестициялар тарту, іскерлік белсенділіктің артуы және өңдеу секторын дамыту нәтижесінде экономикалық өсім 6,5 пайызды құрады. Сонымен қатар сенаторлар бюджетті жоспарлаудың сапасына, борыштық жүктеменің өсуіне, өңірлердің орталыққа тәуелділігіне, бюджеттен тыс қорлардың қызметіне және басқа да мәселелерге қатысты алаңдаушылық білдіріп отыр. Жалпы, Бюджет кодексі Үкіметтің қаржы ресурстарын басқарудағы мүмкіндіктерін кеңейтті. Алайда бюджетке сегіз рет түзету енгізілуі және қаражаттың ауқымды түрде қайта бөлінуі жоспарлаудың төмендігін көрсетеді», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төраға­сы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін нақты айқындап, мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру қажет екенін атап өтті.

«Жалпы, әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялардың мандаты заңнамалық түзету­лер мен қабылданған тәсілдер­ге сәйкес айқындалуы керек. Қазір ӘКК әкім не тапсырса, соның бәрімен айналысады. Мысалы, кейбір өңірлерде олар ауыл шаруашылығы та­уарын өндірушілерге жылдық 2 пайызбен несие береді. Біз мұндай қолдау қажет емес деп отырған жоқпыз, керісінше қажет. Бірақ оны қандай тетік арқылы жүзеге асыру керек деген мәселе бар. Бұған қоса ӘКК әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырумен айналысады: өнімді егін жиналған кезде тиімді бағамен сатып алып, тапшылық туындаған кезеңде нарыққа шығарады. Сонымен қатар инвесторларды қолдайды, инвестициялық жобаларға бірлескен инвестор ретінде қатысады. Бұдан өзге де түрлі функцияларды атқарып отыр», деді М.Әшімбаев.

Осыны айта келе, Сенат төрағасы ӘКК-лердің біртіндеп қаржы институттарына ұқсас құрылымға айналуы олардың негізгі миссиясын нақтылауды талап ететінін айтты. Бұл бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы үшін қажет. 

Бизнес мемлекет қаржысы төңірегіне шоғырланған

Бұған қоса Сенат спикері әкімшілік шығындарды қыс­қартып, жасанды интеллект арқылы бизнесті қолдауға ар­налған мемлекеттік бағдар­ламаларды жүйелеуді ұсынды. Оның айтуынша, бизнесті мемлекеттік қолдау ашық, әділ болуға тиіс. Барлық рәсім жүйелі түрде жүргізілуі керек.

«Бизнесті мемлекеттік қолдау мәселесін кеңірек алып қарайтын болсақ, бүгінде бизнес мемлекет қаржысының төңірегіне шоғырланғанын байқаймыз. Әйтеуір, тендер, off-take, субсидия, кепілдік, жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сияқты қолдаудың барлығын пайдаланады. Осы жұмысты жүйелеу үшін Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізілімі құрылды. Baqylauda ақпараттық жүйесі де жұмыс істеп тұр. Алайда мемлекеттік қолдау тек республикалық бюджет арқылы емес, «Бәйтерек» холдингі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­лар арқылы да жүзеге асырылып отыр. Екінші деңгейлі банктер де пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетіктеріне қатысады. «Бәйтерек» холдингінің құрамында «Даму» қоры, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Даму банкі, Аграрлық несие корпорациясы және басқа да көптеген ұйым бар. Өңірлік әрі орталық деңгейде, бюджет, Ұлттық қор және даму институттары арқылы бизнесті қолдаумен айналысатын мұндай субъектілер аз емес. Осындай жағдайда белгілі бір деңгейде функциялардың қайталануы, артық әкімшілік шығындар да болуы мүмкін екені түсінікті», деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы мемлекет­тік компаниялар мен жеке секторлардың міндеттерін де атап өтті.

«Қазір барлық қаржы да, негізгі үдерістер де мемлекет­тің айналасында шоғырланған. Ал бизнес негізінен мемлекет­тік қолдауға үміт артады. Бұл әртүрлі себептерге байланыс­ты жеке сектордың әлсіреуіне алып келеді: кейде қолдауды қажет етпейтін кәсіпорындарға қолдау көрсетілуі мүмкін. Одан бәсекелестік төмендейді, мотивация әлсірейді. Үкімет квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік компаниялардың болашақтағы рөлі бойынша нақты ұстаным қалыптастыруы керек», деді М.Әшімбаев.

Сөз соңында М.Әшімбаев Мемлекет басшысы айтқан бюджет қаражатын формалды түрде игеру тәжірибесін тоқтату керектігін тағы бір еске салды. Сенат төрағасы қаржыландыру нақты экономикалық нәтиже беретін,  сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жобаларға ғана бағытталуға тиіс екенін баса айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын формалды түрде игеру тәжі­рибесін тоқтатып, қаржыны азаматтарымызға және ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға ғана бағыттауды тапсырды. Осы талқылау бюджет үдерісінің сапасын арттыру жоғары жауапкершілікті, атқарушылық тәртіпті, сондай-ақ нақты нәтижеге бағдарлануды талап ететінін көрсетті. Сонымен қатар жаңа Салық кодексі мемлекет кірістері мен бизнестің дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс. Үкімет айтылған барлық ескерту мен ұсыныстарды мұқият зерделеп, оларды іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдайды деп сенеміз», деп палата төрағасы мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасуға қатысқан Үкімет мүше­леріне, Ұлттық банк пен Жоғары аудиторлық палатаның басшы­лығына алғыс білдірді.

Гидрометеорологиялық қызмет сапасы артады

Сенат депутаттары Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылағаннан кейін Парламент палаталарының алдағы бірлескен отырысында осы мәселе бойынша Сенат атынан қосымша баяндама жасайтын депутат Нұрлан Бекеновтің кандидатурасын мақұлдады.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілері­не экология және экономи­ка­ның жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу ­туралы» заңды бірінші оқылымда қарады. Аталған заң аясындағы түзетулер экология саласын цифрландыруға, климаттық реттеуді дамытуға, сондай-ақ экологиялық ба­қы­лауды күшейтуге бағыт­талған. Қабылданатын өзгеріс­тер еліміздің Ұлттық гидро­метеорологиялық қызметі­нің жұмысын жетілдіруге, эко­логиялық сараптама мен қоғам­дық тыңдаулар өткізу рәсімдерін оңтайландыруға, инвестиция­лық жобаларға рұқсат беру тәр­тібін жеңілдетуге жол ашады. Бұл ретте көмірсутектерді теңіз­де барлау жұмыстарына қатыс­ты қатаң экологиялық талаптар сақталады.

«Заң орман және жайылым көміртектік офсеттері институтын енгізеді. Бұл жеке инвестицияларды тарту арқылы орман отырғызу жобаларын дамыту­ға және еліміздің климаттық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Бұған қоса заңсыз қоқыс орындарын жою жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму бо­йынша тарифтік саясатты өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асыру көзделген», деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Сондай-ақ оның айтуынша, «Қазгидромет» қызметінің мемлекеттік функция­лары мен бәсекелі негізде көрсеті­летін қызметтері нақты ажыратылады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Жалпы алғанда, заң экология саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға және мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы жауапты әріптестікті нығайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар