Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі агроөнеркәсіп жобаларын, сондай-ақ ауыл тұрғындарына мемлекеттік қолдау тетіктерін қолжетімді ететін мобильді фронт-офистердің жұмысымен танысты.
Мобильді фронт-офис дегеніміз – мамандандырылған шағын автобус. Онда «Даму» қорының консультанттары, әкімдіктердің, екінші деңгейлі банктердің, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және консалтингтік ұйым өкілдері ауыл-қалаларға барады. Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жергілікті жерде кеңес алып, қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға өтінім бере алады.
Мобильді фронт-офистердің жұмысы шеңберінде кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдікпен жеңілдетілген кредит беру, микроқаржыландыру, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау құралдары, сондай-ақ оқыту, консультациялық сүйемелдеу мен кәсіпкерлік құзыретті дамыту секілді қаржысыз қолдау шарасы бойынша ақпарат беріледі.
Бүгінде мобильді фронт-офистер Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Жақын арада жоба еліміздің тағы бес өңіріне таратылады. Осы бастаманың арқасында 300-ден астам адам консультациялық қолдау алған. Шалғайдағы елді мекендерге барудан басқа, мобильді фронт-офистер өңірлік көрмелерде, жәрмеңкелерде және іскерлік шараларда жұмыс істейді. Кәсіпкерлер тікелей сол жерде кеңес ала алады.
Семейде мобильдік фронт-офис Орталық Арбаттағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі шеңберінде орналастырылды. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларымен және қаржыландыру құралдарымен танысуға мүмкіндік алды.
Talpyn Semey балалар білім беру орталығының басшысы Меруерт Жұмашева жұмыстың мобильді форматының арқасында алғаш рет мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алғанын атап өтті.
«Мен жәрмеңкені тамашалауға келіп, ондағы мобильді фронт-офисті көргенде таң қалдым. Осындай іс-шараларда мамандардың өздерінің отыруы өте ыңғайлы. Уақыт жұмсамай-ақ кеңес алуға болады. Қазір біз білім беру орталығын одан әрі дамытудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сондықтан мен үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен қаржыландыру құралдары туралы білу маңызды», дейді кәсіпкер.
Жақын арада мобильді фронт-офистер базасында шағын бизнеске арналған консультациялық-оңалту орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпкерлер даму, жобаларды кеңінен тарату және бизнесті жүргізуде туындайтын қиындықты еңсеру мәселесінде қолдау ала алады.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин жұмыс сапары барысында «Eurasia Agro Semey» ЖШС ет өңдеу кешені құрылысымен танысты. Абай облысындағы жаңа ет комбинаты аты аңызға айналған Семей бұқтырылған ет шығаратын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын болады. Кәсіпорынды биыл іске қосу жоспарланған.
Кешен Семей қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан және мал қабылдаудан бастап, шұжық өнімін, жартылай фабрикатты, ет консервілері мен деликатес өнімін шығаруға дейінгі толық циклді вертикалдық интеграцияланған кәсіпорын болып саналады. Өндірістік қуаттылығы 100 бас ірі қара мен жылқыны, сондай-ақ бір ауысымда 1 мың басқа дейін ұсақ малды құрайды. Кәсіпорында 250 жаңа жұмыс орны ашылады.
Компания басшылығының айтуынша, жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын еліміздегі ең ірі ет өңдеу кешеніне айналады. Оның тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету үшін зауыттың айналасында толыққанды ет кластері құрылады. Мұнда фермерлік шаруашылық, бордақылау алаңы, жемшөп өсіруге арналған суармалы жер және басқа да іргелес өндірістер бар.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы Қазақстанның ет өңдейтін тарихи орталығының бірі ретінде Семейдің гастрономиялық даңқын жандандыруға бағытталған.
Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин сонымен қатар «Qazaq-Astyq Group» ЖШС мұнай экстракция зауытын, «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақ және майлы дақылды қайта өңдеу кәсіпорнын және орау өнімінің көптеген түрін шығаратын «Қазполиграф» ЖШС-ні қоса алғанда, өңірдің бірқатар қайта өңдеу кәсіпорынын аралады.
Бұдан соң Үкімет басшысының орынбасары өңірдің фермерлерімен және кәсіпкерлермен кездесуде бизнестің мал шаруашылығын жүргізу тәсілі түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ ол облыс экономикасы өсуінің негізгі бағыттарының бірі ретінде агроөнеркәсіптік кешен мен мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударды.
Облыс әкімі Берік Уәлидің айтуынша, ауыл шаруашылығы өңірлік экономиканың негізгі драйверінің бірі болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі алғаш рет 583,8 млрд теңгеге жетіп, екі жылда 1,4 есеге ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің жартысынан астамы – мал шаруашылығына тиесілі.
Кездесуде саланы жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Серік Жұманғарин қазіргі заманғы мал шаруашылығы жаңа тәсілдерді, цифрландыруды және озық әлемдік технологияларды енгізуді талап ететінін атап өтті. Бүгінде мемлекет мал шаруашылығын дамытуға қомақты қаражат бөліп отыр, ол – жылдық 6%-бен 220 млрд теңге жеңілдікті қаржыландыру. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында биыл өңірге тауарлы сүт фермаларын салу жобасына 7 млрд теңге жеңілдікпен қаржыландыру бөлінді. Алайда, вице-премьер атап өткендей, бизнес тәсілдері түбегейлі өзгеруге тиіс.
«Біз мың жыл бойы мал шаруашылығымен айналысқанымызды мақтан тұтамыз. Бірақ бүгін цифрландыру дәуірі келді. Жайылымдағы малды босатып, оның өзі салмақ қосуын күтетін кездер өтті, бұл тиімсіз. Мал өсірудің озық технологияларын, аустралиялық, канадалық тәжірибені енгізу қажет», деп атап өтті вице-премьер.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин көктемгі егісті ерте қаржыландыру бағдарламасы аясында Абай облысында 13,2 млрд теңгеге 176 фермер жеңілдетілген несие алғанын хабарлады. Бұл 125 мың гектар егіс алқабын қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Шаруалар үшін қарыз қаражатының құнын төмендету мақсатында «Даму» қоры арқылы қарыз сомасының 85%-на дейінгі мөлшерде кепілдік беру жалғасады. Бұл кредиттеу мөлшерлемесін түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық 5% деңгейінде ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ шаруаларға жылдық ставкасы 6%-дан аспайтын ауыл шаруашылығы асыл тұқымды мал басын сатып алу үшін «Игілік» және «Береке» жаңа кредиттік өнімі ұсынылды. Шалғайдағы мал шаруашылығын қолдау үшін жайылымдық инфрақұрылымды дамытуды қаржыландыруды көздейтін «Жайлау» бірыңғай кредиттік өнімі іске қосылады.
Жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуді арттыру үшін кредиттеу жүйесіне өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қосылды. Бұл шараларды жүзеге асыру Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының толыққанды орындалуын қамтамасыз етуге және саланың жедел өсуіне негіз жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ кездесуде салық инновациялары талқыланды. Бюджеттік жоспарлауды болжау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттер арасындағы корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеушілердің тізбесін үш жылдық кезеңге бекіту және аудандарды қолдау үшін жергілікті атқарушы органдар борышының лимиттерін қайта қарау ұсынысы жұмысқа қабылданды.
Абай облысы