• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:10

Экономиканың жаңа моделі

Жасанды интеллект төңірегіндегі жаһандық жарыс жаңа кезеңге қадам басты. Кеше ғана болашақтың технологиясы саналған жүйелер бүгінде елдердің экономикалық әлеуетін айқындайтын маңызды құралға айналды. Қазір әлемнің жетекші мемлекеттері оны экономиканың алтын арқауына балап отыр. Еліміз де осы үдерістен шет қалмақ емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Digital Qazaqstan» стратегиясы – соның айқын көрінісі. Бұл құжат мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – дерекке, есептеу қуатына, жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымға сүйенетін экономиканың жаңа моделін қалыптастыру.

Қаржы қызметі қалай жеңілдеді?

Кейінгі жылдары елімізде осы бағыттағы ірі бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бастады. Суперкомпьютерлер іске қосылып, жасанды интеллект орталықтары құрылды, логистика мен мемлекеттік қызмет көрсету саласына цифрлық шешімдер енгізілді. Бұл жобалардың жүзеге асу барысы туралы бұған дейін де жазған едік. Ендігі маңызды мәселе – олардың экономикаға қандай нақты әсер беріп жатқаны жайында.

Еліміз кейінгі жылдары финтехтің даму қарқыны жөнінен көп мемлекеттен озық. Бүгінде миллиондаған азамат күнделікті төлемнен бастап несие рәсім­деуге дейінгі қызметтердің басым бөлі­гін смартфон арқылы пайдаланады. Finratings.kz бас директоры, банк және әкім­шілік құқық саласының сарапшысы Болат Маханалиннің айтуынша, финтехтің өзі жаңа құбылыс емес. Тек кейінгі жылдары ол экономиканың дербес бағытына айналды.

«Финтех термині алғаш рет 1990 жыл­­дар­дың басында америкалық Citicorp банкінің ішкі технологиялық бағдарламасында қолданылған. Алай­да бұл ұғым жеке индустрия ретінде 2008 жылғы жаһандық қаржы дағ­дары­сынан кейін қалыптасты. Сол кезде дәстүрлі банк-терге деген сенім әлсіреп, технологиялық стартаптар нарықтағы бос кеңістікті тез толтыра бастады. Олар қаржылық қызметтерді бюрократиясыз, ұзақ күтусіз әрі жасырын комиссияларсыз ұсынды. Осы кезеңде PayPal жаңа деңгейге көтерілді, алғашқы p2p-кредиттеу платформалары пайда болды, кейіннен необанктер қалыптасты. Бұрын мұндай өтінімді банк қызметкерлері бірнеше күн бойы тексеретін. Қазір жүйе кредиттік бюролар дерегін, клиенттің транзакциялық тарихын, төлем тәртібін автоматты түрде талдап, шешімді небәрі 90 секунд ішінде қабылдай алады», деп түсіндірді сарапшы.

 Әлемде мобильді қаржы сервистері кең тарағанға дейін шамамен 1,4 миллиард адамның банк қызметтеріне қолы жетпеген. Себебі олар банк бөлімшелерінен алыс тұрды немесе қажетті құжаттарды жинай алмады. Финтех осы кедергілердің көбін жойды. Елімізде бұл әсіресе ауылдық өңірлерде анық байқалады.

«Елімізде халықтың орташа жасы –  шамамен 31 жас. Бұл – смартфонды негізгі құрал ретінде қабылдаған буын. Екін­шіден, елімізде дәстүрлі банк инфра­құрылымы барлық өңірде бірдей дамы­маған еді. Сондықтан азаматтар ескі жүйе­ден жаңа жүйеге көшкен жоқ, бірден цифр­лық қызметтерді пайдалана баста­ды. Үшіншіден, eGov, электронды цифр­лық қолтаңба, цифрлық құжаттар секілді мемлекеттік сервистер қоғамды цифрлық ортаға ертерек бейімдеді. Соның нәтижесінде онлайн несие рәсімдеу немесе қаржылық операцияларды қашықтан жүргізу қалыпты құбылысқа айналды. Сон­дықтан болашақтағы бәсеке банк-тер арасында емес, тұтас цифрлық эко­жүйелер арасында жүреді. Бұл тұрғы­дан алғанда Қазақстанның белгілі бір артықшылығы бар. Елде мұндай модельдер қазірдің өзінде қалыптасып үлгерді», дейді Б.Маханалин. 

400 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін

Дегенмен цифрлық инфрақұрылым құру, суперкомпьютерлерді іске қосу немесе жаңа платформаларды енгізу өз алдына мақсат емес. Оның түпкі нәтижесі экономика мен еңбек нарығында көрінуге тиіс. Сондықтан жасанды интеллект төңірегіндегі басты сұрақтардың бірі – бұл технология жұмыс орындарын қысқарта ма, әлде жаңа мүмкіндіктер аша ма деген мәселе.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы 10 жыл ішінде жасанды интеллектіні енгізуге байланысты елімізде 400 мыңға дейін адам жұмысынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мұндай болжам қоғамда алаңдаушылық туғызғанымен, сарапшылар мәселені тек тәуекел тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз екенін айтады. Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленованың пікірінше, жасанды интеллект еңбек нары­ғына белгілі бір қысым түсіргенімен, оның экономикалық әлеуеті әлдеқайда ауқымды.

«Бүгінде еліміздің экономикасында шамамен 9,8 миллион адам жұмыспен қамтылған. Егер 400 мың жұмыс орны қысқарса, бұл жалпы жұмыспен қамтудың шамамен 4 пайызына тең болады. Еңбек нарығы үшін бұл елеулі көрсеткіш екені сөзсіз. Алайда технологиялық өзгерістерді тек қысқаратын жұмыс орындарының саны арқылы бағалау дұрыс емес. Тарих көрсеткендей, әрбір технологиялық төңкеріс белгілі бір мамандықтарды ығыстырғанымен, сонымен қатар жаңа кәсіптердің пайда болуына жол ашқан. Жасанды интеллект ел экономикасы үшін тәуекел ғана емес, жаңа өсім көзі де бола алады. PwC компаниясының бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллектінің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 15 триллион доллардан асады. Бұл цифрлар технологияның ауқымын ғана емес, оның жаһандық экономи­калық құрылымды қаншалықты өзгертетінін көрсетеді», деп түсіндірді сарапшы.

Бізге ең маңызды мәселенің бірі – еңбек өнімділігі. Бұл – көп жылдан бері айтылып келе жатқан құрылымдық түйт­кіл­дердің бірі. Ұзақ мерзімде жасанды интеллект өнімділікті арттырудың негізгі факторларының біріне айналуы мүмкін. Бизнес тұрғысынан қарағанда бұл – операциялық шығындарды азайту, үдерістерді жеделдету, аналитика сапасын арттыру және ресурстарды тиімді басқару деген сөз. Мұндай мүмкіндіктер әсіресе банк секторында, логистикада, тау-кен өнеркәсібінде, саудада және мемлекеттік басқаруда анық байқалады. Құжат айналымы мен күнделікті операцияларды ішінара автоматтандырудың өзі мемлекет пен бизнеске жыл сайын жүздеген миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беруі ықтимал.

«Жасанды интеллект экономиканы көлеңкеден шығарудың да маңызды құралына айнала алады. Үдерістер цифрлық форматқа көшкен сайын сыбайлас жемқорлық тәуекелі төмендейді, көлеңкелі схемаларға мүмкіндік азаяды, адами фактордың ықпалы қысқарады. Мемлекет үшін бұл салық түсімдерінің артуын және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын білдіреді. Сонымен бірге мемлекеттік секторда да елеулі өзге­ріс­тер болуы мүмкін. Қазақстан дәстүр­лі түрде жоғары әкімшілік шығын­дар мә­се­лесімен бетпе-бет келеді. Мемлекеттік қыз­мет­терді, аналитиканы және деректерді өңдеуді автоматтандыру бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», дейді С.Тілеуленова. 

Бәсекенің жаңа ережесі

Жасанды интеллект еңбек нарығын ғана емес, бизнес пен қаржы секторындағы бә­секе қағидаларын да өзгертіп жатыр. Бұған дейін цифрландырудың негізгі мақсаты қызмет көрсетуді жеделдету болса, енді мәселе жылдамдықтан да терең деңгейге өтіп барады. «Bereke Bank» шағын және орта бизнес сатылымдары департаментінің директоры Асқар Қалиевтің айтуынша, кәсіпкерлердің қаржы институттарына қоятын талабы түбегейлі өзгерген.

«Бизнес банктен жай ғана жылдам қызмет күтпейді. Ол жылдам әрі дәл шешім күтеді. Қазір жылдамдықтың өзі бәсекелік артықшылық болудан қалды. Қазақстандағы финтех компаниялары мен мемлекет цифрландыру бағытында үлкен жұмыс атқарды. Біз жеке тұлға ретінде көптеген қызметті бір-екі батырмамен аламыз. Сол себепті кәсіпкер кешке тамағына тапсырысты бірнеше секундта рәсімдеп, келесі күні кеңсесіне келгенде корпоративтік қаржы қызметтерінің әлі де баяу жұмыс істейтініне таңырқайды. Клиент үшін шот ашу немесе қызмет көрсету ғана жеткіліксіз. Оған күрделі жағ­дайда сапа­лы сарапшылық қолдау қажет. Сон­дық­тан жаңа экономикада батырманы тез басатын банк емес, клиентке қай батыр­ма қажет екенін өзгелерден бұрын түсі­нетін банк жеңеді», дейді Асқар Қалиев.

Сондықтан қаржы ұйымдарының бәсекелік артықшылығы басқа бағыттарға ауыса бастайды. Ең маңызды фактордың бірі – банк қызметінің клиент бизнесіне неғұрлым терең кірігуі. Егер қаржы ұйы­мы сыртқы сауда келісімшарттарына, логис­тикаға, төлем жүйесіне және операциялық үдерістерге еніп үлгерсе, кәсіпкер тариф айырмашылығы үшін серіктесін ауыстыра қоймайды. Себебі бизнес-үдерістерді қайта құру шығыны әлдеқайда жоғары болады.

«Кәсіпкерге жай ғана өнім емес, нақты мәселесін шешетін құрал қажет. Біреуге айналым қаражатын басқару маңызды болса, екіншісіне тендерге қатысу немесе ке­лісім­шарт міндеттемелерін орындау маңыз­ды болуы мүмкін. Сондықтан қаржы сервис­тері клиент­тің нақты жағдайына бейім­делуге тиіс. Меніңше, қаржы саласын­да жауап­­кер­шілікті толықтай алгоритмге беру мүмкін емес. Жасанды интеллект тал­­дай­ды, ұсынады, көмектеседі. Бірақ ірі халық­аралық келісімшарттар немесе қа­уіпсіз­дік­ке қатысты мәселелер туында­ған­да клиент жа­уап­кершілікті өз мойны­на ала­­тын се­рік­тес­ті көргісі келеді. Сон­дықтан ал­го­ритмдер күн­делікті жұмысты жеңіл­дет­­кені­мен, ст­рат­егиялық серіктестік пен кәсі­би са­рап­тама құнын жоғалтпайды», дейді ол.

Бір кездері интернет пен смартфон күнде­лікті өмірді қалай өзгертсе, жасанды интел­лект те экономикаға дәл сондай ықпал етуге жақын тұр. Қазір бұл өзге­ріс­тер­дің алғашқы белгілері ғана көрі­ніп жатыр. Ал негізгі нәтиже алдағы жыл­дары анық байқалады. Еліміз осы жаңа кезеңге қандай дайындықпен барады, қай салалар ұтады, еңбек нарығы қа­лай өзгереді? Бұл сұрақтардың жауабы әлі талай талқыланары анық. Біз де осы та­қы­­рыпқа алдағы уақытта қайта ораламыз. 

Соңғы жаңалықтар