Қостанайда Батыс Қазақстан облысының мәдениет және өнер күндері өтті. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі жасаған «Облыстар апталығы» кестесі аясында жүзеге асты. Қазақтың байтақ даласының Батысы мен Арқа төрінде толқып аққан Ақ Жайық пен Тобылдың толқыны ұқсас. Топырағы құнарлы екі өңір де халқымыздың Махамбет пен Сырымдай, Жұбан мен Қадырдай, Шоқан мен Ыбырайдай, Шақшақ Жәнібек пен Тәтіқарадай, Ахмет пен Міржақыптай батырлары мен даналарын, ғалымдары мен ақындарын, әнші-күйшілерін, қайраткерлерін беруімен қасиетті. Ақ Жайықтың сәлемін алып келген облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов бастаған бастысқазақстандық делегацияны Қостанай жұрты ақжарма көңілмен қарсы алды. Бұл кездесу Ыбырай Алтынсарин бабамыздың «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деген біліммен, ғылыммен келетін өркениет жетістіктері туралы даналық болжамын он орап кеткен, ақпаратты көзді ашып-жұмғанша жеткізетін бүгінгі интернет заманында өмір сүріп отырғанмен, ағайынмен дос-құшақтар айқасып, көзбе-көз жүздесудің орны бөлектігін көрсетті.
– Ақынымыз, әнші-күйшіміз, кітап, музей көрмеміз бар, барлығы екі жүзден аса адам келдік. Қостанайлықтар өте жақсы қарсы алды. Батыс Қазақстанның рухани байлығын паш еттік. Араласып-құраласқанға не жетсін, – дейді Дәулеткерей Атауұлы.
Қостанайлықтар қазақтың белгілі ақын қызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереевамен «Ақ Жайық. Ақ шағала. Ақұштап» атты жыр кешінде жолықты. Ақұштап Оралда тұрса да, ол Қостанайға да, барша қазаққа да ортақ. Сондықтан ақын да сөзін: «Ортақ деп баршамызға Аспан, Ай, Күн, Қашан да құшағымды досқа жайдым. Елінен Қыз Жібектің жыр әкелдім, Төріне шашайын деп Қостанайдың» деп бастады. Жырсүйер қауымға Ақұштап өлеңдерін оралдық жастармен қатар, ақынның өзі де оқыды. Қашан да достық, шындық, әділет, елдік туын жоғары көтеріп жүрген ақын бұл жолы да өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сахнадан Ақұштап өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды.
Өзі «қазақтың қыздарының жалауысың» деп үлгі тұтқан Мәриям Хакімжанова апасының ауылына келген Ақұштап туралы қостанайлық ақын-жазушы ағалары мен інілері Ж.Баязид, Ғ.Ахметчин, А.Шаяхмет ақжарма лебіздерін аяған жоқ. «Таланттың асау тізгінін, жүргендер бар ғой шаққа ұстап. Сағынтып жүрген қыз күнін, ошақта қалған шоққа ұқсап. Әлдилеп жүріп бөбегін, тамызық қылып өлеңін, қайнатқан қазақ қазанын, қыздырған тірлік базарын. Жасай бер, ақын Ақұштап!» деп қайырды Ақылбек Шаяхмет.
Қостанайлықтар Жайық бойының тарихын, өнері мен дәстүр байлығын көз алдыңа әкелетін «Батыс Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атты тарихи- этнографиялық көрмені тамашалады. Әрине, қазақ даласының қай пұшпағы да халқымыздың тарихи тамырының тереңде екенін паш етеді. Көрменің байлығы таңдай қаққызғандай еді. Мұнан кейін Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ұжымының «Ақ Жайықтан толқынды Тобылға» атты концерті ұсынылды. Концерт басталарда сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев пен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен екі облыстың экономикалық және рухани, мәдени байлыққа кенде емес екенін айта келіп, облыстардың қай салада да араласуы жақсы дәстүр екенін тілге тиек етті. Елбасы тапсырмасының өріс алатынына сендірді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Жұмағаным Рахымова бастаған таланттар әннен шашу шашты. Сонымен қатар, қостанайлықтар Ш.Айтматовтың шығармасы бойынша Батыс Қазақстан облыстық драма театры ұжымы қойған «Жәмила» спектаклін тамашалады. Қос өзен Ақ Жайық пен Тобылдың толқыны дүр, елінің арманы бір қос өңір – қос облыс халқымыздың ортақ өнері, мәдениеті мен салты арқылы көрісіп, арқа-жарқа болып қалды. Өңір мен өңірдің араласуы мен кездесулер болашақ игі бастамалардың, жақсы істердің де бастауына айналары хақ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.