КӨКШЕТАУ. 19 тамыз. Көкшетауда жеті жасар бала әкесінің өзімбілерлігі салдарынан өмірмен қоштаса жаздады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақмола облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Қайыр Абдрахмановтың айтуынша, жеткіншек ауруханаға «жедел жәрдем» көлігімен әл үстінде жеткізілген екен.
Қала тұрғынының 2008 жылы туған баласы ауруханаға таңғы 05.00-де әкелінген. Шұғыл түрде қайта ота жасаған дәрігерлер оған «циркумцизодан кейінгі қабыну» (сүндетке отырғызу) диагнозын қойыпты. Кейін анықталғанындай, баласын «мұсылман» ету ниетіндегі әке оташыны алыстан іздемей, өзі іске кірісіп кеткен. Мұның соңы қан кетіп, баланың қызуы көтеріліп, әлсіреуіне әкеліп соққан. Ақыры «қожа әке» жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болыпты. Қазір бала учаскелік дәрігерден көмек алып жүр.
«Мұндай жағдай, тіпті, көпті көрген дәрігерлердің тәжірибесінде кездеспеген. Оқиғаға селқос қарауға болмайды. Мұның өкінішті салдары болуы мүмкін еді. Сондықтан полицияға, денсаулық сақтау басқармасына хабарладық. Бала әкесінің қылығы көпшілік талқысына түсуі керек», дейді Қайыр Хамитұлы.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz