Күнделікті өмір мен тұрмыста әртүрлі оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Төмендегі жайтты да соның қатарына қосқанымыз жөн. Орал қаласындағы Құрманғазы көшесінің бойында орналасқан үйлердің бірінен қалалық перзентхананың қабылдау бөлмесіне шұғыл қоңырау шалынады.
Өйткені, осында тұратын жас ананы толғақ қысып жатыр екен. Құрамында дәрігер және медбике бар жедел жәрдем тобы жоғарғы қабатқа көтеріледі. Лифт зырылдап жақсы жұмыс жасап тұр екен. Көп кешікпей толғақ қысқан анамен бірге төмен түсу үшін қайтадан бәрі лифтіге кіреді.
Әйтсе де, дәл осы сәтте лифт істен шығып кенет тоқтап қалады да олар соның ішінде «қамалады». Оның іші көзге түртсе көргісіз, тас түнек қараңғылық екен. Төтенше жағдайлар жөнінде облыстық департаменттің жедел құтқарушылар тобына хабар берілгеннен кейін олар оқиға орнына тез жетеді. Құтқарушылар арнаулы кілттің көмегімен лифтінің қаусырмалы есігін ашқан кезде есік қабы толғатқан ана үстіне түседі. Әйтсе де оның қасында дәрігер мен орта медицина қызметкері болуы оқиғаның зардапсыз аяқталуына әсерін тигізген. Құтқарушыларға шұғыл көмегі мен кәсіби шеберлігі үшін жедел жәрдем дәрігерлері шынайы ризашылығы мен алғыс сезімдерін білдірді.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.