Қазақтың жері табиғи байлыққа толы болғанымен, оны ел игілігіне жаратудың реті оңай еншімізге тиген жоқ. Әсіресе, бұрынғы Одақтың құрамында болған кезеңде мұнайшыларымыз қанша мұнай өндірсе де оны ортақ қазанға жіберуге мәжбүр еді. Ал Одақтан Қазақстанға тиетін үлес тіптен мардымсыз болатын. Бұл тек мұнай-газ өнеркәсібі саласында қалыптасқан ахуал емес еді. Жеріміздің мол байлығын ел мүддесі үшін жаратудың батыл қадамы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін іле-шала қолға алынғаны дау тудырмас шындық. Алайда, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында отандық экономика тұралап, өзіміздегі зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтай бастағаны әлі де естен кетпейді. Жұмысшылардың жалақы алмақ түгілі, жұмыс орындары тоқтауы жиілей бастады. Тіпті көп балалы отбасылардағы аналар жәрдемақыны, зейнеткерлер еңбегінің зейнетіндей көретін зейнетақыларын айлап күтетіндей дәрежеге жетті. Мұны аға ұрпақ өкілдері білгенімен, кейінгі толқын мән бере бермейді. Енді бүгін бәрі басқаша сипат алды. Бүгінгі күні елімізде сол қиындықтың бірі де жоқ. Экономика түзелді. Жұмыспен қамту мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Әлемдік қаржы дағдарысы жаһан елдерін тығырыққа тіреген тұста да Қазақстан жұртшылығы тапшылық көріп отырған жоқ. Отандық кәсіпорындарда жұмыстан қысқарып жатқандарды естімейміз. Керісінше, мемлекет банк секторынан бастап экономиканың өзге де салалары, соның ішінде ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнестің қанат жаюына қаржылай қолдау жасап отыр. Тіпті құрылыс индустриясына да қолдау көрсетіп, тұрғын үйлер тұрғызуға қаржы салып, кейбір алаяқ құрылыс салушыларға алданып қалған үлескерлерге мемлекеттен қаржы бөлініп жатыр.
Тәуелсіздікке енді ие болған жас мемлекет – Қазақстанды 20 жыл бұрынғы шырмауықтай ширатылған сол қиындықтан кім шығарып еді? Қандай батыл қадам жасап еді? Оның алғышарттары қандай болып еді? Шындығында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанды басқаруды қолға алысымен отандық экономиканы сауықтырудың ауқымды мақсатын алға қойды. Қым-қуыты көп мына тірлікте оны іске асыру да соншалықты оңай емес еді. Түрлі бағыттарды зерделеу, сараптау қажет болды. Алдымен қажеттісі – қаржы-қаражат операциясын ұлттық теңгемен іске асыру міндеті. Әйтпеген жағдайда, Қазақстанның дербес мемлекет ретінде отандық экономикасын өркендетуіне көрші елдердің көнгісі келмейтіні, әсіресе, өзге республикаларды уысында ұстап үйренген Ресейдің тарапынан кедергілер молая түсетіні анық болатын. Ал бұл кедергілер түптеп келгенде, Қазақстан экономикасын сауықтыру былай тұрсын, бұрынғы бодандық қамытынан жуық арада шығара қоюы қиын еді. Сол бір қиын кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлының тереңнен ойлайтын көрегендігі, көп векторлы саясат ұстанатын батылдығы Қазақстанды тығырықтан шығарып қана қоймай, өз бетінше дамудың дербес жолына түсе алатын мемлекет ретінде қалыптастырды.
Қазақстан аумағында табиғи байлық өте көп. Жеті қат жер астында мұнай мен газдың, көмір мен темір рудаларының мол қоры бар. Оңтүстік өңірде “ақ алтынға” баланған мақта өсіріледі. Ал солтүстік облыстардың егін алқаптарында өсірілген астықтың бағасы еліміз үшін өте маңызды. Жалпы Қазақстанның жер қойнауында әйгілі химик Менделеевтің кестесіндегі химиялық элементтердің барлығы дерлік кездеседі. Осынау мол байлықты ел мүддесіне қалай жаратқан жөн. Бізде байлық көп дегенмен, оны кәдеге жаратпай, ел ырысы толмайды. “Байлық – байлыққа ие болуда емес, оны жарата білуде” деген Сервантестің ұлы сөзі ойға оралады осындайда. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елді өркендету, әлем таныған бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру мақсатын көздеген “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасын қолға алғанда Сервантестің нақылға бергісіз сөзін басты бағыт ретінде ұстанды. Өйткені, отандық зауыт-фабрикасы аз, барының өзі тұралау сатысына жеткен, тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне көп мерзім өте қоймаған Қазақстанға табиғи байлығын ұқсату үшін өз әлеуеті аздық етер еді. Оның үстіне қаржылық қуатымыз соншалықты күшті емес болатын. Байлықты ұқсатудың бір ғана жолы бар – шетелден инвестор бола алатын ірі компанияларды шақыру, шетел инвестициясын тарту. Әсіресе, шетел инвестициясы мұнай-газ өнеркәсібін өркендету үшін өте-мөте қажет еді.
Дегенмен, Қазақстан байлығын ұқсатудың да өзіндік қиындықтары алдымыздан көлденеңдеп шыға келгенін ұмытуға болмайды. Ең басты қиындық – шетел инвесторларын Қазақстан экономикасына инвестиция салуға иландыру. Соның ішінде Атырау өңіріндегі “Теңіз” кенішін игеруге америкалық “Шеврон” корпорациясын тарту еді. Себебі, бұл кеніште көмірсутекті шикізат қоры мол, оның үстіне мұнай құрамында күкірттің мөлшері де едәуір. Бұл кеніште газ айыру зауыты да салынған бұрын. Оның технологиялық желілері өте күрделілігімен ерекшеленеді. Демек, сол зауытта жұмыс жасауға отандық мамандарды арнайы оқыту да қажет. Осының бәрі –кеніштен көмірсутекті шикізат өндіруден бастап бірнеше түрлі газ айыру, күкіртті дербес өнім ретінде алу, мамандар біліктілігін жетілдіру аса ауқымды қаржымен қоса, қазіргі тілмен айтқанда, менеджерлік пен менеджменті қажет етті. Бұл шындығын айтқанда, шетел инвесторынсыз мүмкін емес еді. Ал қанатын енді-енді қомдап, ірі кеніштерді игеру, жалпы мұнай-газ өнеркәсібін өркендету биікке ұмтылған бала қыран бейнесіндегі Қазақстанға шетел инвесторын қолынан жетелегендей алып келуге Нұрсұлтан Назарбаев батыл қадаммен сенімді түрде барды.
Сонау Америкаға барып “Шеврондай” әлемдік мұнай корпорациясын “Теңіз” кенішін игеру арқылы Қазақстан экономикасына ауқымды инвестиция салуға иландырған Елбасымыздың сол кездегі батылдығының жемісін тек Атырау өңірінің ғана емес, ел экономикасының серпіліс алуынан анық байқаймыз. Сол 1993 жылы 3 сәуірде Қазақстан Үкіметі мен “Шеврон” корпорациясы арасында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде арнайы уағда жасалды. Шетел инвесторы кеніштен мұнай өндіріп қана қоймай, Атырау облысының әлеуметтік ахуалын жақсартуға қаржылай қолдау көрсетуді міндетіне алды. Алдымен “Атырау Бонус”, кейіннен “Игілікке” ұласқан әлеуметтік жобалар іске асырылды. Осы жобалар аясында Атырау қаласында, Жылыой ауданында бірнеше білім беру, денсаулық сақтау орындары жаңғыртылды. Шетел инвесторы елімізге келген жылы өңірдегі бірнеше ауданның елді мекендерін топан су шайып, жүздеген отбасының баспанасыз қалғаны бар. Осындай қиын сәтте “Теңізшевройл” бірлескен кәсіпорны Жылыой ауданының орталығы – Құлсарыда бірнеше жаңа баспана тұрғызып берді. Енді Атырау және Құлсары қалаларының электр, сумен қамту салаларын сауықтыруға жыл сайын 45 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаржы бөлетін болды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың және бір батыл қадамы – Қара теңіз жағалауына төтелей мұнай құбырын тарту. Әрине, бұған о баста Ресей басшылары көнгісі келмей, түрлі сылтаулармен төте мұнай құбырын іске асыртпауға ұмтылды. Себебі, бұрыннан Маңғыстау өңірінен бастау алып, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары арқылы Самараға маңдай тірейтін мұнай құбыры бар болатын. Бірақ бұл құбырдың мұнай өткізу қуаты “Теңіз” кенішінен өндірілген мұнайды тасымалдауға әлеуетті емес. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан мұнайы осы құбыр арқылы тасымалдана берсе, әлемдік мұнай нарығына дейінгі жолы ұзарып, оның үстіне Ресей тарапынан қосылатын үстеме бағамен тіптен қымбаттап кетуі мүмкін болатын. Ал Қазақстан үшін өз мұнайымызды төте әрі қысқа жолмен әлемдік мұнай рыногына тезірек жеткізу әлдеқайда тиімді. Ең маңыздысы, Қазақстан үшін мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын қалыптастыру болатын. Міне, осы тұрғыдан айтқанда, “Теңіз” кенішінен өндірілген мұнайды сол жерден тікелей Қара теңіз жағалауына төтелей жеткізетін алғашқы халықаралық мұнай құбыры желісі тартылды.
Рас, бұл құбыр да Ресей арқылы өтетіндіктен, осы ел басшылары амалсыз көнуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан, Ресей және Оман сұлтандығы елдерінің қатысуымен Каспий тұрба желісі консорциумы құрылып, құбыр тарту жұмыстары кезінде Қазақстанға да, Ресейге де тиімді тұстары пысықталды. Құбыр құрылысына қомақты инвестициялық қаржы салынып, бірнеше жүздеген адам жұмыспен қамтылды. Осы құбырмен Ресей де өз мұнайын тасымалдау мүмкіндігін алды. Консорциум тарапынан құбыр өтетін екі ел облыстарының әлеуметтік саласына қаржылай қолдау да көрсетілді. Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында іске қосылған “Теңіз” –Қара теңіз құбыры – Қазақстан мұнайын бірнеше бағытта тасымалдаудың бастау көзі. Бұдан кейін Қытай бағытына мұнай тасымалдайтын Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры да іске қосылды. Қазақстан мұнайын Баку-Жейһан бағытымен тасымалдаудың да өзіндік маңызы барын жоққа шығаруға болмайды. Бұл бағытпен мұнай тасымалының тиімділігі әсіресе, Каспий қайраңынан мұнай алына бастағанда бүгінгіден артатыны дау тудыра қоймас.
Қазір Каспий қайраңынан мұнай алудың қам-қарекеті аяқталу сатысына жақындады. Бұл жобаға әлемнің бірнеше ірі компаниялары атсалысуда. Шетел компаниялары теңіз қайраңындағы Қашаған кенішін бұрғылау кезінде әбден зерттеліп, анықталған қоры Қазақстанды әлемдегі көмірсутекті шикізат қоры мол жетекші елдер қатарына қосты. Бірақ теңіз түбінен мұнай алудың өзіндік ерекшеліктері бар. Алдымен таяудағы жылдарда теңіз қайраңынан өндірілетін мұнай құбырмен құрлыққа шығарылып, мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысында дайындау үдерісінен өткізілмек. Себебі, Каспий мұнайының құрамында едеуір мөлшерде күкірт кездеседі. Сол себептен келешекте сол күкіртті сақтау шаралары Үкіметтің, тиісті министрліктің назарында болмақ. Бұл – Елбасының талабы.
Каспий мұнайы демекші, бір ғасырдан аса мұнай өндіретін Қазақстанды айтпағанда, ТМД-ның Әзірбайжаннан басқа елдерінің тәжірибесінде су астынан мұнай өндірілген емес. Тек құрлықтан мұнай алумен шектелген елдер енді су астынан мұнай өндіруге қадам жасамақ. Сол елдер қатарында Қазақстан да бар. Ал Каспий теңізі – тұйық су қоймасы. Мұнда бекіре тұқымдас балықтар мен құстардың бірнеше түрі мекендейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сол себептен, Каспий қайраңынан мұнай алуға қатысатын шетелдік компанияларға, соның ішінде, басты жауапкершілікті міндетіне алған оператор – Эни секілді компаниялар тобына қойып отырған талабы қатаң. Елбасы оператор компанияның тарапынан алдымен Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне еш нұқсан келмеуіне баса назар аударып отыр.
Соңғы жылдары мұнайға қатысты мәселелердің шешілуі саяси сипат ала бастаған сыңайлы. Сол себептен мұнай-газ өнеркәсібіне көп векторлы саясат ұстанудың артықтығы болмайтыны аңғарыла бастады. Осы орайда біздің Елбасы Қазақстанның мұнай кеніштерін бірлесіп игеру, мұнайды әлем рыногына неғұрлым тиімді бағыттармен тасымалдау мақсатында векторлық саясат ұстануының жемісі Ресеймен арадағы шекараны анықтау барысында дау тудыра жаздаған шекарадағы Имаш, Хвалынск кеніштерін бірлесіп игеру жөнінде ортақ мәмілеге келуде көрінді. Бұл, бір жағынан, интеграциялық байланыстардың одан әрі өрістеуіне де септігін тигізді. Өйткені, осы кеніштер Қазақстанға тиесілі емес, себебі, Ресей аумағындағы кеніштер деген пікірді қоздырған мақалалар жарияланды көрші ел баспасөздерінде. Ежелден көрші отырған екі мемлекетке де ел мен ел арасындағы достық, экономикалық байланыстарға ұласқан әріптестіктің тіні үзілмегені қажет. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанатын басты саясаты.
Түйіндей айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының жетекші саласы –мұнай-газ өнеркәсібінің қалыптасуы мен өркендеуін биік деңгейге көтеру үшін батыл ойларды табандылықпен іске асырғанына барша куә. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен осы салаға шетел инвестициясы молынан құйылды, шетел инвесторларының шоғыры молайды. Қазақстандық мұнайшылар шетелдіктермен бәсекелес бола алатындай деңгейде кәсіби білім жетілдірді. Бірнеше ірі кеніштерді, соның ішінде, “Теңізді”, Қарашығанақ газ конденсатын игеру кең ауқымда жүргізілді. Қашағаннан мол мұнай табылды. Елбасының ұсынысымен Ұлттық қор құрылып, мұнайдан түскен табыс аталған қорға жинақталуда. Тегінде, мұнай қоры таусылмайтын мәңгілік құндылық емес. Ерте ме, кеш пе, осынау табиғи байлықтың да азаяр мезгілі келуі мүмкін. Ал әзірге бар мұнайымызды табиғатқа залалы тимейтіндей әдіспен өндіріп, оны мезгілінде тиімді бағаға сату, сөйтіп Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етер пайда таба білу қажет. Геологиялық зерттеулерге сәйкес Қазақстанның құрлығынан да, теңіз қайраңынан да анықталған мол мұнай қоры алдағы кемі бір-екі ғасырға, бәлкім, одан да ұзақ жылдарға жетеді. Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіндегі ірі инновациялық, инвестициялық жобалардың іске асуына, Қазақстан мұнайшыларының толымды табыстарға жеткені, жалпы ұлттық экономикамыздың қарышты қадаммен алға басуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибелі саясаткерлігінің, батыл ойларды іске асырудағы жігерлілігі мен табандылығының арқасында екендігін бағалай білуіміз қажет.
Төлеуіш СЕРІКОВ, Атырау мұнай және газ институтының ректоры.