Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барынша құрмет көрсету, қанды қырғыннан қайтпай қалған майдангерлердің рухын асқақтату мақсатында елді мекендерде еңселі ескерткіштер тұрғызу тәрізді көптеген келісті көріністер кеңінен қолға алынуда. Сондай салтанатты іс-шаралардың қатарына Алматы облысының Жамбыл ауданында өткен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановтың туғанына 101 жыл толу сәтіне орайластырылып өткізілген жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі бокс турнирі қосылды.
Шаяхмет Ғайнановты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы биылғы VІ бокс турниріне Қазақстаннан өзге Қырғызстан мен Өзбекстан республикалары да таңдаулы былғары қолғап шеберлерін аттандырыпты. Талай-талай жекпе-жектердің дәмін татып, шеберлік жағынан да, намыс жағынан да шаршы алаңда шынайы шыңдалған қазақстандық боксшылардың құрамын құрайтын командалардың сапында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының, сондай-ақ, Алматы облысының Алакөл, Райымбек, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарының және Алматы қаласының боксшы спортшылары болды.
Жанкүйерлер мен көрермендердің мол болуына байланысты ауыл мектебінің ашық аспан астындағы ауласына құрылған бокс рингінде тамаша ойын өрнектері орын алып, ондағы тамаша жекпе-жектер дүркін-дүркін жиналғандардың риясыз қошеметтеріне бөленіп жатты. Додалы да думанды сәттің ең қызған кезінде қазақтың ою-өрнекпен көмкерілген шапаны мен қалпағын киіп, астындағы қара тұлпардың жүрісін ойнақшытып, қалың көпшіліктің ортасына 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің келуі – мұндағылардың делебесін қоздырып, ол кісіге деген құрметтен туындаған жарыс алаңындағы қазақи қиқу айналаны көмкеріп кетті.
Жарыстың нәтижесі шығып, жеке және командалық есептегі орындар айқындалғанша соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы VI халықаралық бокс турнирінің аяқталуына байланысты қорытынды сөз сөйлейтіндерге кезек беріліп, ортаға Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыз көтерілді. Өз сөзінде қонақ әр жылдары өткен Олимпиадаларда Қазақстаннан шыққан чемпиондар туралы айта келіп, 200-ден аса мемлекет қатысқан Лондон Олимпиадасында Қазақстанның 7-ші орынға ие болғандығын үлкен мақтаныш сезіммен жеткізді. «Сол спортшылардың даңқты нәтижелерін жаңадан жаңғыртып, болашақта Қазақстанның спорттық абыройын арттыратын сендерсіңдер, айналайын жасөспірім былғары қолғап шеберлері!» деген Жақсылық Үшкемпіров қырғыз және өзбек елдерінен келген спортшыларға да зор табыстар тіледі.
Одан кейін сөз кезегі берілген Білім және ғылым министрлігі дене-шынықтыру ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Марат Қошаев, Алматы облысындағы Жамбыл аудандық мәслихатының хатшысы Саят Жұрын, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті спорт кешенінің басшысы Талғат Дүйсенбаев осы өткізіліп отырған халықаралық спорттық бәсекенің Ұлы Жеңістің 70 жылдығына жасалған үлкен сый, жас ұрпақ тәрбиесіне берері мол саяси шара екендігіне ерекше тоқталып, баянды бастаманың қозғаушысы болып келе жатқан соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановтың перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметовке деген ризашылықтарын білдірді.
Бүгінгі спорт додасын ұйымдастыру барысында асқан белсенділік пен іскерлік танытқан азаматтарға арнайы марапаттарды табыстау үшін халық алдына шыққан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Манарбек Ізбасар жоғарыда сөз алған қонақтармен бірге Шаяхмет Ғайнановтың ұрпағы Данияр Жантықбаевтың, Алматы облысындағы Жамбыл ауданының бокс жаттықтырушысы Бекболат Нағашыбайдың, өзбекстандық жаттықтырушы Нұрлан Қаражігітовтің, қырғызстандық жаттықтырушы Нұрбек Өмірғазиевтің, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Омарқұловтың, Алматы облысындағы Көкөзек орта мектебінің директоры Хамит Есбаевтың омырауларына ескерткіш медальдар мен төсбелгілерді тақты.
Осы кезде мерекелік спорт додасының нәтижелері де белгілі болып, жүлдегер спортшылар салмақ категориялары бойынша кезек-кезегімен тұғырға көтеріліп, сый-сияпаттарға ие болып жатты. Ал, жалпы командалық есеп бойынша Алматы облысындағы Жамбыл ауданының құрама командасы бірінші орынға көтерілсе, екінші орын Өзбекстан құрама командасының еншісіне бұйырды. Жеңіс тұғырының үшінші сатысына Алматы қаласының былғары қолғап шеберлері лайық деп табылды.
Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
Алматы облысы, Жамбыл ауданы.