• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2010

БҮГІН АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ МАҢЫНДАҒЫ “АҚБҰЛАҚ” ДЕМАЛЫС ОРНЫНДА ЕУРОПАДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫНА МҮШЕ ЕЛДЕР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛЕРІНІҢ БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУІ ӨТЕДІ.

709 рет
көрсетілді

ӨҢІРЛІК ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІН ТАРҚАТУҒА ТАЛПЫНЫС ТАНЫТЫЛДЫ Кеше Алматыда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесу шеңберінде бірқатар екі жақты жүздесулер өтті Бұдан бұрын хабарланғанындай, бүгін Алатау баурайындағы “Ақ бұлақ” спорт-сауықтыру кешенінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтеді. Кеше Алматыда аталған іс-шара аясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы ­– Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бірқатар шетелдік әріптестерімен екі жақты кездесулер өткізіп, маңызы зор құжаттарға қол қойды. Жалпы, осы ауқымды халықа­ра­лық алқалы жиынға ЕҚЫҰ-ға мүше барлық 56 мемлекеттен сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мен жоғары дәрежелі өкілдер, Ұйыммен ынтымақтастық жөніндегі 12 әріптес елден және бірқатар халықаралық ұйымдардан мәртебелі лауазым иелері келді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев таңертеңгі кездесуін Ұлы­британия Сыртқы істер министр­і­нің орынбасары, Еуропа істері ми­нистрі Дэвид Лидингтонды қарсы алып, құрмет көрсетумен бастады. – Біз үшін осынау екі күнгі пікір алмасу айрықша маңызды оқи­ға болмақ, – деді Қазақстан сырт­қы саясат ведомствосының бас­шысы. –­ Онда біз өзіміздің басты мақсатты ісіміз – Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ал­матыда Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының саммитін өткізу жөніндегі бастама­сын жүзеге асыруда ортақ ұста­ным­ды шешім қабылдауға тиіспіз. Жылы жүздесуден кейін жур­на­листерге қысқаша сұхбат берген Дэвид Лидингтон Қанат Сауда­баев­пен екі жақты кездесудің же­місті өткенін, онда бірнеше мәсе­ле, атап айтқанда, аймақтық, екі жақты қа­ты­настарға байланысты әңгіме өрбігенін алға тартты. ­­– Ең алдымен біздер Қырғыз­стан­дағы дағдарыс мәселесін қа­рас­­тыр­дық, – деді мейман. – Біз Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төраға ре­тінде көрші Қырғыз Республика­сын­дағы шиеленісті реттегеніне айрықша қанағаттанғандық білді­реміз. Бұл орайда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер өз мүмкіндіктерін бір­­лесе пайдаланғаны жөн деп са­най­­мыз. Сонымен бірге, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төраға мем­лекет ретіндегі де, Қырғызстанмен көршілес мем­лекет ретіндегі де пі­кірі біз үшін маңызды. Мен сам­миттің бас­талуын асыға күтемін және Қа­зақ­стан осы жылда айтар­лықтай табысқа жетеді деп сенемін. Одан соң Д.Лидингтон Ауған­станға қатысты өз ойын білдіре келіп, келесі аптада Кабулда өтетін халықаралық донорлар конферен­ция­сының қорытындысынан үлкен үміт күтетінін, сондай-ақ Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы та­бысты өтіп жатқанын, алдағы уа­қытта да солай бола беретіне сенім­мен қарайтынын айтты. Қанат Саудабаевтың Кипр Рес­пуб­ликасының Сыртқы істер ми­нистрі Маркос Киприанумен кез­де­суі де жемісті өтіп, онда Кипр үкі­меті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығын толығымен қолдай­ты­­нын және осы ретте игі істер атқарып жат­қанын атап көрсетті. Екі жақты қарым-қатынастардың одан әрі дамуына мүдделі екі тарап осы бағыттағы маңызды келісім-шартқа қол қойды. Құжатқа байланысты өз ойын білдірген М.Киприану дип­ло­матиялық және қызмет­тік төлқұжат иелері үшін ви­за­сыз режім енгізу және бола­шақта визасыз режімді бү­кіл Қазақстанның азаматтары үшін енгізуді қолдайтынын мәлім­деді. – Бірақ, бұл мәселе екі жақты келісіммен ғана шешіл­мейді. Бұл ретте біздер Еуро­палық Одаққа мү­ше болған­дық­тан, солардың келі­сімімен санасуға тура келеді. Яғни, Кипр негізінен осы ұстаным­ды қол­дайды, – дей келе, ол бола­шақ­та Қазақстанмен мем­лекетаралық, жалпы халықара­лық қатынастарды нығайту мақ­сатында Алматыда Кипр­дің Бас консулдығын ашу мә­селесі қарастырылып жатқа­нын, алдағы уақытта Қазақ­стан мен Кипр арасындағы инвестициялық қарым-қаты­настардың да нығаюы­на үлкен мүмкіндіктер бар екенін, Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның сам­митін өткізу ұсынысын Еуро­палық Одақ деңгейінде бол­сын, ертең өтетін бей­ресми кездесу деңгейінде бол­сын толық қолдайтынын атап көрсетті. – Бұл менің Қазақстанға алғашқы ресми сапарым, – деді кездесуден кейін журна­лис­терге берген сұхба­тында Пор­тугалияның Сыртқы істер ми­нистрі Луиш Амаду. – Бізде екі мемлекет арасындағы қа­рым-қатынастарды, экономи­ка­лық, саяси, мәдени, гума­ни­тарлық бай­ла­ныстарды одан әрі дамытуға бір­аз әлеует бар. Оны бүгінгі қол қой­ған келі­сім-шарт арқылы жүзеге асы­рамыз деп ойлаймын. Порту­галия Африка, Латын Амери­касы және Бразилия елдерімен жақсы қарым-қатынаста бол­са, Қазақстан да Ресей, Ор­та­лық Азия және Еуропа ме­млекеттерімен тығыз байла­ныста. Ендеше, осы мүмкін­дік­терімізді екі жақты қарым-қа­тынастарда нығайтуға пай­да­лансақ ұтарымыз көп бол­мақ. Жалпы, біз кезінде Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалы­ғын толығымен қолдаған бо­латынбыз. Енді Қазақстанның төр­ағалық жылында саммиттің өткізілуіне жан-жақты қолдау білдіреміз. Кездесу қорытындысында Қа­зақ­стан мен Португалия арасында дипломатиялық төл­құжат иелерін визалық талап­тардан босату туралы келісімге қол қойылды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның Іс басындағы төрағасы, Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Сау­дабаев келесі кезекте Алба­ния Премьер-министрінің орын­басары – Сыртқы істер ми­нистрі Илир Метамен, Сло­ве­ния Сыртқы істер министрі Збогор Симулэльмен, Бел­а­русь Сыртқы істер министрі Сергей Мартынов­пен, Украи­на Сыртқы істер ми­нистрі Конс­тантин Грищенкомен және ЕҚЫҰ-ның Шиеленіс­тер­дің алдын алу жөніндегі ор­талығының директоры Герберт Замбермен кездесті. Кез­де­су­ден шыққан меймандар ондағы қозғалған мәселелер төңірегінде айтып берді. Албания Премьер-ми­нистрі­нің орынбасары – Сырт­қы істер ми­нистрі Илир Мета БАҚ өкілдеріне Қазақ­стан басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бастамасымен биылғы жылдың аяғында Ас­та­нада саммит­тің өтуін көп­шілік қызу қолдай­тын­дығын хабарлады. Өйткені, соңғы он жыл шамасында ұйымда бір де бір саммит ұйымдасты­рыл­ма­ған, сондықтан да бұл жиын­ның орны да, маңызы да бө­лек деп есептейді Илир Мета. Оның айтуынша, екеу­ара кездесуде, сондай-ақ диплома­тиялық төлқұжат иелерін виза талаптарынан босатуға қатыс­ты мәселелер қозғалған. – Бүгін біз Қазақстан мен Ал­ба­ния арасындағы келешек­тегі екі жақты қарым-қатынас, эконо­микалық ынтымақтас­тық­тың қар­қын алуы туралы мәселені қарас­тырдық. Сон­дай-ақ, инвестицияны қолдау мен салыққа қатысты келі­сімдер жөнінде де сөйлестік,– деді ол. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­на тұңғыш рет тұтастай Азияда орналасқан мем­лекеттің төр­ағалық етуі және төрағалыққа талап деңгейінен кө­рінуі жақсы бір жаңалық болса, бұл жәйт Ұйымға қатысушы мем­ле­кет­тер өкілдерінің тарап­та­рынан да аса жоғары баға­ла­нуда. ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы Қанат Сауда­баевпен кездескен шетелдік қонақ­тар жүздесуде, ең алды­мен, осы жәйттерге назар аударт­ты. Келесі ке­зекте қауіп­сіздік, әсіресе, Қыр­ғыз­станды тұрақтандыру мәселесі өңірдегі көкейкесті проблема­лар­дың бірі болып отырғаны атап көр­сетілді. Министр­лер­дің пікірінше, осындай проблемаларды шешу арқылы және осындай бағыттарда жауапкершілік пен басымдық таныта білудің нәтижесінде ЕҚЫҰ жалпыеуропалық кеңістіктегі қауіп­сіздік өлшемдерінің аясын кеңейте алады. Беларусь Сыртқы істер ми­нистрі Сергей Мартынов екі мем­лекет арасындағы ынты­мақ­тастық, экономикалық қа­рым-қатынастар­дың уақыт өткен сайын өрістей түсуін тілге тиек етті. Сонымен қа­тар, Астанада биылғы жылы Қа­зақ­стан Президенті Нұр­сұл­тан Назар­баевтың бастама­сы­мен өтеді деп жоспарланып отырған саммиттің бірқатар жаңа жобаларға жол ашатын­дығына сенім білдірді. – Ал, енді Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жөнінде атап айтарым, бұл бағытта шын мәні­сінде де жоғары дең­гейдегі жұ­мыс­тар жүргізілуде. Қазақстан басшы­сының Бе­ла­русь мемлекетіне өткен жылғы қараша айындағы ресми сапары сәтті болды. Біздер Қа­зақ­стан Үкіметімен барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеудеміз. Ондағы мақсат – Бе­ла­русь ұсынуға дайын инновациялық және модернизациялық даму жоба­ларының Қазақстанның индустрия­лық даму жоспары­ның бір бөлігіне енуі. Қазақ­станға беларусьтік бас­тама­ларды қолдағаны үшін алғы­сым­ды білдіремін,– деді Сергей Мартынов. Украина Сыртқы істер министрі Константин Гри­щен­ко ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуінде биылғы жылы Астанада өтеді деп күтіліп отыр­ған ЕҚЫҰ саммиті ха­лықаралық және өңірлік проб­ле­маларды қарастыруда үлкен кездесу алаңы болатынына сенім білдіріл­генін атап айтты. Кездесуде сон­дай-ақ Қазақ­стан басшысының Украинаға ресми сапарына дайын­дық, келешекте екі мемлекет ара­сындағы экономикалық бай­ла­ныс­тарды одан әрі дамыту, тағы басқа да екі жақты ма­ңызды іс-шаралар төңірегінде сөз болғанын көлденең тартты. ЕҚЫҰ-ның Шиеленіс­тер­дің алдын алу жөніндегі ор­талығының директоры Герберт Замбер жақын­да Бішкектен оралғандығын және онда осы елде орын алған оқиға­ларға байланысты бірқатар кезде­сулер өткізгендігін тілге тиек етті. Герберт Замбердің пікі­рін­ше, Қырғызстанның оңтүс­тігінде, аны­ғырақ айтқанда, Жалалабад пен Ош облыс­тарындағы жағдайды реттеу, қалпына келтіру үшін біршама күш-жігер жұмсау қажет. Бұл ай­мақ­тарда қырғызстан­дық­тардың келешекке деген сені­мін нығайтып, шиеленістің алдын алу және оны болдыр­мау жолдары қарастырылса, нұр үстіне нұр болмақ. “Әри­не, бұл бағытта нақты іс-шараларды жүзеге асыру үшін ЕҚЫҰ Тұрақты кеңе­сінің шешімі керек”, деді Герберт Замбер. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мен Есірткі құралдары мен психо­троптық заттардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі орталықазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орта­лығының директоры, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсе­ковтің кездесуі аясында ЕҚЫҰ мен орта­лық арасын­дағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұдан кейін Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымы мен Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі ортаазиялық өңір­лік ақпарат­тық үйлестіру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі болды. Бұл келісімнің ерекше маңызы бар. Тараптар осы құжатқа сәйкес алда­ғы уақытта заңсыз есірткі тасы­ма­лына қарсы бірлесе іс-шаралар өткізеді, тиісті ақпараттар алмасады, мамандар дайындайды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы Қанат Саудабаев бейресми сам­мит аясында, сондай-ақ Маке­до­ния Сыртқы істер министрі Анто­нио Ми­ло­шоскимен, Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль Спин­делегермен және ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясының прези­денті Петрос Эфтимимен кездесу­лер өткізіп, ортақ мәселелер жайын­да пікірлер алмасты. Македония сыртқы саясат ве­домствосының басшысы Антонио Милошоскидің хабардар етуінше, кездесуде негізінен екі елдің ынты­мақтастығын нығайту мәселелері әңгіме болған. Сонымен қатар, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқығы жайында да сөз қоз­ғалған. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы мен Македония ара­сындағы дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылды. Австрия Сыртқы істер министрі Михаэль Шпинделегердің хабардар етуінше, кездесу өте тартымды өт­кен. Қазақстан Ұйымға күткенде­гідей басшылық жасап келеді. Тараптар, әсіресе, Қырғызстандағы жағдайға қатысты мәселелерге ерек­ше назар аударған. Өйткені, бү­гінде Қырғызстан проблемасы Ұйым аясындағы аса өзекті және өткір мәселе болып отыр. Кездесуде, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның үстіміздегі жылы өтетін сам­митінің перспективалары да тал­қыланды. “Австрия биыл Ұйымның жоғары деңгейдегі саммитін өт­кізуді қолдайды”, – деді австрия­лық министр. Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның президенті Петрос Эфтимиумен кездесуі де әсерлі болды. “Бүгінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса өткір проблеманың бірі болып отыр, – деді ол журналистерге берген шағын сұхбатында. – Жа­қында Парламенттік Ассамблеяның пленарлық сессиясы өтті. Сессияда ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу аса қажет екені ту­ралы қарар қабылданды. Саммит Ұйымның саяси беделін нығай­тады. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасымен кездесуде осы мәселелер талқыланды”. ОРТАҚ ҰСТАНЫМНАН ТҮБЕГЕЙЛІ ТҮСІНІСТІККЕ Кеше кешкілік Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Джеймс Стайнбергтің кездесуі болып өтті. Америкалық делегацияны бастап келген лауазымды қонақты Қанат Саудабаев ыстық ілти­патпен қарсы алып, кездесу күткендегідей емен-жарқын жағдайда өтті. АҚШ-та жемісті елші­лік қызмет атқарған Қ.Саудабаев пен Дж.Стайнбергтің байырғы білістігі келесі ке­ле­лі мә­селелерді ынтымақпен, ықыласпен жал­ғас­тыруға жол ашқандай. Сал­ма­ғы мықты сая­сат­кердің Қазақ­стан жерінде өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер ми­нис­трлерінің бейресми кезде­суіне арнайы атбасын бұруы екі мем­лекеттің өзара қарым-қаты­нас­тарының деңгейін де танытып тұрғаны аян. – Афинадағы кездесу кезінде сіздің біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне көрсеткен жеке қолдауыңыз бен үлесіңізді атап өткім келеді. Мұның өзі екі ел ара­сындағы әріптестік байланыстар­дың үдемелі қарқынмен дамып келе жатқанының айқын көрінісі деп білемін, – деді Қанат Сауда­баев. Екі жақты келіссөздерден кейін Қанат Саудабаев пен Джеймс Стайн­берг БАҚ өкілдерімен бри­финг өткізіп, жүздесуді қорытын­ды­лады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына және бірқатар мәсе­лелерге қатысты ой-пайымдарын білдірді. Америкалық әріптесімнің баға­лауынша, республикамыздың осы беделді халықаралық Ұйымға жарты жылда жасаған жетекшілігі барынша оңды болып табылады, деді Қанат Бек­мырзаұлы журналис­терге берген сұхба­тын­да. Және Дж.Стайнберг, әсіресе, Қырғыз­стан­дағы оқиғалар кезінде біздің біріккен әрекеттеріміздің оң нәтиже бергенін жақсы жағынан бағалады. Оның бірі – осы елге ба­қылау үшін полициялық топтар­дың жіберілуі. Оған қоса, әрине, екі күндік пікір алмасу кезіндегі басты мәселе – ЕҚЫҰ саммитін өткізуді талқыладық. Осы арада Қа­зақстанды ұдайы және берік қолдап келе жатқан АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарына ор­нық­ты ұстанымы үшін ерекше ризашылық білдіргім келеді, деді Қанат Саудабаев. Өз кезегінде Джеймс Стайнберг те келіссөздердің келелі болған­ды­ғын, кең ауқымды мәселелерді ойласуға мүмкіндік туғызылғанын атап өте келіп: – Мен Қазақстан басшылығы мен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасына Қырғызстандағы оқи­ға­ларға бей-жай қарамағаны үшін ерекше разымын. Мұндай келеңсіз­діктерді болдырмауға қажетті ша­раларды қабылдауда екі елдің ұста­нымдары ұқсас. Мен, әсіресе, жағ­дайды бақылау үшін Қырғызстанға полиция топтарын жіберуге жасал­ған әрекетке ризамын, бұл – дұрыс қадам. Сондай-ақ, Ауғанстан мен бү­кіл өңірдегі тұрақтылықты сақ­тауға Қазақстанның септігі тиюде. Бүгінгі біздердің кездесуіміз Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Барак Обама кезде­сулерінде берілген тапсырмалардың орындалуы болып табылады, – деді. Ауызбіршілік, түсіністік тұрғы­сында өрбіген кездесуді шетелдік және қазақстандық БАҚ өкілдеріне мәлім еткен сыртқы саясат ведом­стволарының басшылары осыдан кейін Опера және балет театрында өтіп жатқан концертті тамашалау үшін көрермендер залына өтті. Бейресми кездесуге қатысушы­лар­ға арналған концертте ұлтымыз­дың классикалық өнерінің жауһар­лары, опера мен балет жұлдыздары жарқырап, бекзат өнердің өз деңгейінде екендігін паш етті. КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Шахимардан Әбілов, Майра Мұхамедқызы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген әртісі Жәмила Баспақова, балеттің буынсыз би­ші­лері – тамаша туындылардан Гран-па орындаған балет бишілері Құра­лай Сарқытбаева, Фархад Буриев, Досжан Табылды, Нұрлан Қонақ­баев, Ясауи Мерғалиев шетелдік қонақтардың шынайы қолпашына ие болды. АҚШ ЕЛШІЛЕРІ ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ Шілденің 16-17-і күндері Алматыда өтетін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі қарсаңында Вашингтондағы АҚШ-тың 28-інші президенті Вудро Вильсон атындағы орталықта Американың Қазақстан мен Ресейдегі бұрынғы елшілері бас қосып, Қазақстан Республикасының қазіргі әлемдегі алатын рөлі туралы сөз қозғады. Басқосуда АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Джеймс Коллинз, Қазақстандағы бұрынғы елшілері Уильям Кортни, Элизабет Джоунс және Ларри Наппер, сондай-ақ Карнеги қорының сарапшысы Марта Олкотт баяндама жасады, деп хабарлайды АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшілігінің баспасөз қызметі. Америка байтағында болған пікірталас жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Шараға саясаткерлерден бастап биз­нес­мендерге дейінгі әр түрлі ортадан 200-ден астам адам қатысты. Талқылауды Қазақ­стан­ның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов ашты. Баяндамашылар арасынан Дж.Коллинз Қазақстан тәуелсіздік алған кезде өзінің Мем­лекеттік департаментте жаңа тәуелсіз мемле­кет­термен байланыс бойынша айрықша тап­сыр­малар жөніндегі елші міндетін атқарғанын, АҚШ өзінің ТМД елдерінде пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты саясатының негі­зін тап осы байланыс арқылы жасағанын айтып, “бүгінгі Қазақстанға қанағатпен қарай­ты­нын” мәлімдеді. Ал У.Кортни біздің еліміз­бен арадағы байланыстағы шешуші элементтер туралы айта келіп, олардың қатарына Қа­зақстан-Америка қатынасындағы толеранттық, экономикалық реформалар және әлемдік қауымдастықтағы интеграцияға ұмтылу жайын жатқызды. Өз кезегінде Э.Джоунс Қазақстанға алғаш келгенде мұндағы жұрттың білімді екеніне таң қалғанын тілге тиек ете келіп, мұның өзі елді басқа елдерден бірден айрықшалап тұрғанын жеткізді. Содан кейін Л.Наппер ең алдымен Қазақстан халқы мен оның Президенті Н.Назарбаевтың адамгершілік қасиеттерінің жоғары екенін атап көрсетіп, оның АҚШ-та 2001 жылғы қыркүйекте болған терактіден соң қатты байқалғанын сүйсіне еске алды. Пікірталасқа қатысушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастаған уақыттардан бергі жұмыстарына да жақсы баға берді. ЕҚЫҰ  САММИТІ БИЫЛ ӨТКЕНІ ЖӨН Америка сарапшылары Ұйымға мүше елдерді Қазақстан бастамасын қолдауға шақырды. 12 шілдеде АҚШ-тың ықпалды “ақыл-ой” орталықтарының бірі – “Атлантикалық Кеңес” Вашингтонда Қазақстан бастамашысы болған ЕҚЫҰ саммиті және Қырғызстандағы ахуал туралы жуырда ғана Кеңес президенті Фредрик Кемп бастаған делегацияның Венаға, Астана мен Бішкекке сапарының қорытындылары бойынша басылған өз жарияланымдарының тұсаукесерін өткізді. Шара барысында жиналғандардың назары Еуразияның ЕҚЫҰ кеңістігінде өсе түскен рөліне, соның ішінде Қырғызстандағы оқиғалар мен Ауғанстандағы ахуал мысалында Орталық Азияның маңызына аударылды. Жиналғандарға АҚШ пен оның трансатлантикалық одақтастары Орталық Азиямен неге барған сайын ынтымақтасуы тиіс және бұл өңірге лайықты көңіл бөлмеудің салдары қандай болуы мүмкін деген сұрақтар қойылып, сөз сөйлеушілер АҚШ үшін оның тарихын, қазіргі нақтылықты және Орталық Азияның алдағы кезде даму алғышарттарын ескергенде бұл өңірдің барған сайын зор маңызға ие болатынын  атап көрсетті. АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Чак Хейгел Америка әкімшілігі, дипкорпус, сондай-ақ НАТО, ЕҚЫҰ және Орталық Азия мәселелері бойынша жергілікті сарапшылар алдында АҚШ Әкімшілігінде Орталық Азияға қатысты жан-жақты стратегияның жоқтығын айтып, мұны жуық арада жасау қажеттігін атап көрсетті. Осындай жәйттерді ескере келіп, Кеңес басшылығы ЕҚЫҰ Саммитін нақ осы қазақстандық төрағалық кезеңінде өткізудің маңыздылығын атап көрсетіп, АҚШ барынша жоғары деңгейде бұл Ұйымға көңіл бөлу керектігін жеткізді. БҰЛ ҚҰЖАТ ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ШАРАЛАРЫН ЖАНДАНДЫРАДЫ – ЕҚЫҰ заңсыз есірткі ай­налымына қарсы күреске барынша маңыз беріп келеді, – деді Заңсыз есірткі айналымы­мен күрес жөніндегі ортаазиялық өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының директоры, генерал-лейтенант Бек­сұлтан Сәрсеков бізбен әңгіме­сін­де. – Орталық­тың басты міндетіне – заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес барысында ақпараттар алмасып, бір-біріне тәжірибе жү­зінде көмектер көрсетіп, мамандар даярлау, тағы басқалар жатады. – Кездесуде қандай да бір құжатқа қол қойылды ма? – Әрине. Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымы мен Заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі ортаазиялық өңір­лік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат есірткіге қарсы күрес шараларын жандандыра түсетініне сенімдіміз. Қазақстан бүгінде көптеген са­лаларда халықаралық қоғамдас­тық­пен тығыз ынтымақтастық орнат­ты. Оның ішінде заңсыз есірткі тасымалына қарсы күрес мәселе­лері де бар. Ал бүгінгі қол қойыл­ған келісімге сәйкес ЕҚЫҰ мен біз­дің орталық есірткіге қарсы кү­ресте бірлесе іс-қимыл жасайтын болады. АЛМАТЫ – ЫҚЫЛАСТЫ КЕЗДЕСУЛЕР ҚАЛАСЫ Кеше “Риксос” қонақ үйінің түрлі залдарында, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының вип-ложасында, Қабылдау үйінде болған кездесулердің қай-қайсысы да тартымды болды. Онда негізінен бір мәселе төңірегінде сөз болғаны анық. Ол – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үлкен саммитін өткізу жайы. Сонымен қатар Қырғызстандағы ахуал ауызға алынбай қалған жоқ. Мұның себебі түсінікті. Көрші елдегі жағдай бүкіл әлемді алаңдатып отырғаны белгілі. Еуроодақтың шетел мәселелері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Мәртебелі өкілі баронесса Кэтрин Эштонмен кездесу кезінде сөз болған мәселелер журналистер үшін айтылмағанымен, тараптардың кездесуден жылы шырайлы жағдайда шыққанына қарап, өзара түсіністікке қол жеткеніне көз жеткізу қиынға түспеді. ПРЕЗИДЕНТТІК КОМИССИЯ ҚҰРЫЛАДЫ Бейресми кездесу алдын­дағы жүздесулер Алматы аспа­нын әбден қараңғылық жап­қан кездің өзінде де жалғасып жатты. Қабылдау үйінің әсем залдары шетелден келген меймандарға толы. Осы бейресми кездесуге ақпараттық қолдау көрсетуге жан-жақтан келген шетелдік журналистер де бүгінгі күнгі жүз­десулердің көптігін, маз­мұн­дылығын айтып, ертеңгі жалғасына қызығушыл­ық­та­рын танытты. Шамамыз кел­генінше оларға өз ойлары­мыз­ды жеткізіп, әріптестеріміздің ертеңгі басқосудан не күтетін­дерін сұрадық. Астанада сам­мит өткізу қолдау табатын бо­лар және сіздердің іргелері­ңіз­дегі қырғыз бауырлары­ңыздың жайы да сөз етілетін шығар, деді шетелдік әріптес­теріміз. Жұмыс барысының тығыз­дығы сондай, кешкі астың үс­тін­де де келелі әңгіме қоз­ғал­ған. “Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік” тақы­рыбындағы мәселелер бой­ын­ша ойларымен ортақтасқан саясаткерлердің мәжілісінен соң екі жақты кездесулер бас­талды. Бұл жолы Қанат Сауда­баев франциялық әріптесі Бернар Кушнермен жүздесті. Соңынан Қазақстан мен Фран­ция арасында Қазақстан-Франция Президенттік комис­сиясын құру туралы хаттамаға қол қойылды. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев журналистердің алдына шық­қанда былай деді: “Әріптесіміз екеуміз президенттер Нұр­сұлтан Назарбаев пен Николя Саркозидің кездесулерінен кейін біздің қарым-қаты­нас­тарымыздың стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілгенін атап көрсеттік. Жаңа ғана қол қойылған құ­жаттан Назарбаев-Саркози ко­миссиясының құрылатынын біл­діңіздер. Екі президент бас­қаратын бұл комиссия жұмы­сы барысында біздің мемле­кет­тер арасында байланыс­тардың көкжиегі одан әрі кеңейетін болады”. Қ.Саудабаев келесі кезекте өзінің Бернар Кушнерге ерек­ше алғысын білдіретінін жет­кізді. Оның біздің төрағалы­ғымыз уақытындағы дәйекті қолдауына, әсіресе, Президент Назарбаевтың биылғы жылы саммит өткізу бастамасын жү­зеге асыру барысындағы ұста­нымына ризашылығын атап көрсетті. Осы күндері саммит өткізуде бір тұжырымға тоқ­тайтын шығармыз деп үміт­те­немін, деді Қанат Бекмыр­заұлы. Өз кезегінде Бернар Куш­нер: “Біз ЕҚЫҰ саммитінің Астанада өткізілуін қолдаймыз және оның өткізілу мерзімі жөнінде ертең әңгіме болады деп ойлаймын”, деп Қырғыз­стан мәселесіне тоқталды. Және біз Германия Сыртқы іс­тер министрі Гвидо Вестер­велле екеуміз ертең Қазақ­станмен өте жақын көрші Қырғызстан жайында арнайы декларацияны жария етпекпіз. Ондағы жағдай өте алаңдатар­лық, сондықтан бұл мәселе назарда ұсталуы тиіс, деп ойын жинақтады. “Егемен Қазақстанның” тілшілер тобы. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.