Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түрікменстан Меджлисі төрағасының орынбасары Гурбангуль Байрамова бастаған делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Аталған ел парламентшілері біздің елімізге Түрікменстанның бейтарап ел атануының 20 жылдығына арналған шараларға қатысуға шақыру үшін келді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылап, жанар-жағармай, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация салаларына баса көңіл бөлді.
Қабиболла Жақыпов Түрікменстанның Қазақстан үшін Орталық Азиядағы бауырлас ел, тату көрші, стратегиялық әріптес екенін атап өтті.
– Біздің ел басшыларының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан мен Түрікменстан екіжақты тиімді қарым-қатынастың үлгісін көрсетіп келеді, – деді Қ.Жақыпов. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» газ құбыры, «Қазақстан – Түрікменстан – Қытай» теміржол құрылысы сынды ірі жобалар аясында ықпалдастықтың маңыздылығы өте зор.
Кездесу барысында тауар айналымының өсіміне де көңіл бөлінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көлемі 475 млн. долларды құраған.
Өз кезегінде Гурбангуль Байрамова жүзеге асырылып жатқан жобалар Қазақстан мен Түрікменстан ғана емес, аймақтағы көптеген елдердің дамуына ықпал етіп жатқандығын атап өтті. Одан әрі Г.Байрамова қазақстандық әріптестерін өздерінің көппартиялы парламенттерінің қызметінен хабардар етті.
Кездесу иелері парламентаралық байланыстарды нығайту жағдайын да назардан тыс қалдырмады. Ол заңнамалық салада тәжірибе алмасуға жол ашумен қатар, қос мемлекет арасындағы достықтың тереңдей түсуіне мүмкіндік береді.
Меймандар қазақстандық әріптестерін осы жылдың желтоқсан айында Ашғабадта өтетін мерекелік шараларға қатысуға шақырды.